Шығыс Қазақстан облысында су басу қаупі жоғары бірнеше аудан бар, деп хабарлайды 24KZ. Мамандар өзен-көлдегі су деңгейіне тәулік бойы бақылау жүргізіп жатыр. Қауіп-қатердің алдын алу мақсатында өңірде қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Барлық гидротехникалық құрылғылар тексеріліп, өзен-көлдерде мұз жару жұмыстары басталды.
Алтай қаласындағы сорғы станциясы 1960 жылы салынған еді. Міне, содан бері дұрыс жөндеу көрмей, әбден ескірген. Биыл шағын шаһарға жаңа станция орнатылды. Ол тау өзендеріндегі қарғын суды бірден Бұқтырма су қоймасына құяды.
Жалпы өңірде су басу қаупі жоғары бірнеше аудан бар. Қазір ондағы өзен-көлдегі су деңгейі сала мамандарының назарында.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
- Қазгидромет барлық жағдайды бақылауда ұстап отыр. Сондықтан еркінсуге ертерек. Менің телефоным тәулік бойы қосылып тұрады. Кез келген уақытта хабарласуға болады.
Глубокое ауданында мұз жару басталды. Енді мұндағы 30 шақырым арықты қардан тазарту қажет. Қазір аймақта күн күрт жылынып, қар ери бастады. Сондықтан тасқынға тосқын шаралары күшейтілді. Мәселен, осы уақытқа дейін 3 көпір жөнделіп, 200 шақырым арық тазартылды. Сондай-ақ өңірдегі өзендердегі мұздың қалыңдығы мен ылғал мөлшері жылдағыдан төмен.
Арман Наурызбаев, ШҚО ТЖД басқармасының бастығы:
- Қазіргі уақытта барлық күштік құрылым мен техника дайын тұр. Қауіпті учаскелер бақылауға алынды. Күн сайын өзендерді аралап, жағдайды бақылауымызда ұстаймыз.
Қазір аймақта 2 мың адамға арналған 182 құтқару бекеті әзірленді.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин