Марқұмдар логистикалық компанияны басқарған.
Ерлі-зайыпты мен олардың ұлының денесі әртүрлі жерден табылып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты Аzattyk.org порталына сілтеме жасап.
Оқиға 8 наурызда АҚШ-тың Иллинойс штатындағы Орора қаласында тіркелген. Мәліметтерде қырғызстандық Азамат Доронбеков пен Бермет Анварбекованың осында 15 жыл бұрын көшіп келгені айтылады.
Марқұмның інісі бұл ақпаратты растады.
– Ағам мен жеңгем 2011 жылы АҚШ-қа кетті. Олардың жеке үйі болды. Біз олардың өлтірілгені туралы ақпаратты кеш естідік. Бала бесте, биыл алты жасқа толар еді. Қазір тергеу жүріп жатыр. Мен Бішкекте тұрамын. Қырғызстанның АҚШ-тағы елшілігі мен консулдығы бізге көмек көрсетуде, – деді ол.
Азамат Доронбеков – 45 жаста, ал әйелі Бермет Анварбекова 47 жаста болған. Ерлі-зайыптылардың әлеуметтік желісінде олардың логистикалық компанияны басқаратындығы жазылған.
Қазіргі уақытта АҚШ-та тұратын қырғызстандықтар қаза тапқандардың мәйітін отанына жіберуге дайындықты бастаған. Бұл туралы Чикагодағы Қырғыз елшілігінің жетекшісі Омар Жүсіпбеков хабарлады.
– Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Бізге белгілісі күйеуі, әйелі және баласы бөлек өлтірілген. Мәйіттер үш жерден табылды. Бала үйде, ал ата-анасының денесі басқа жерден табылды. Қазіргі уақытта қаражат жинау туралы хабарландыру жасадық. Олардың денесін Қырғызстанға жіберу процесін бастаймыз. Туыстары көмекке мұқтаж, – деді ол.
АҚШ-тағы қырғыздар марқұм ерлі-зайыптылардың іс-шараларға белсенді қатысқанын айтады. Бермет Анварбекова әлеуметтік желі парақшасына Қырғызстандағы түрлі қайырымдылық іс-шараға қаражат жинаған фотосуреттерін жүктеген.
Журналист Гүлайым Мырзаева Бермет Анварбековамен жақын таныс екенін айтты. Ол марқұмды батыл және патриот әйел ретінде еске алады.
– Ол өте ашық және мейірімді адам еді. Біз хат жазысып, сөйлесіп жүрдік. Ол әлеуметтік желілерде де белсенді болды. Бірақ соңғы уақытта жоғалып кетті. Біз әлі не болғанын білмейміз. Бір нұсқа тонау деп болжанса, екіншісі "оны таныстарының бірі жасады" дейді. Берметтің телефонынан оның туыстарына қаскөйлер Мексикаға бара жатқанын және бірнеше күн байланысқа шықпайтынын жазған. Сондықтан, ешкім іздемеген. Олар бұрын Филадельфияда тұрған, – дейді журналист.