13 наурыздан бастап жолдарда қозғалыс шектелуі мүмкін. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Астана қаласында өтетін, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа дайындыққа байланысты 13 наурыздан бастап жеке құрам тасымалданады және әскери техниканың теміржол көлігімен де, өз жүрісімен қозғалысы басталады. Осыған орай еліміздің кейбір аймақтарындағы жолдардың кейбір учаскелерінде жол қозғалысына уақытша шектеу енгізілуі мүмкін", — деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, 2025 жылғы 22 сәуір мен 7 мамыр аралығында әскери авиацияның жаттығуы үшін Астана қаласында әуе кеңістігін пайдалануға қысқа мерзімді шектеу қойылады.
"Әуе рейстерінің кестесіне де өзгеріс енгізілуі мүмкін. Азаматтарға рейстер туралы ақпаратты алдын ала нақтылауды ұсынамыз. Енгізілген шектеулерге түсіністікпен қарауды, жалған ақпарат таратпай, тек ресми дереккөздерге жүгінуді сұраймыз", — деп жазылған хабарламада.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!