28-ші қаңтарда Абай облысы Үржар ауданында жүкті әйел босану кезінде көз жұмған еді. Құрсағындағы сәби де шетінеп кеткен. Марқұмның күйеуі зайыбының өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Ана мен бала қазасынан кейін ақхалаттыларға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ал ауданның бас дәрігері қатаң сөгіс алып, оның екі орынбасары қызметінен босатылған. Бірақ араға біраз уақыт салып, қайта жұмысқа қабылданыпты.
Марқұмның артында үш баласы қалды. Олар қазір әкесінің қамқорлығында. Қайғыдан қан жұтқан жандар кінәлі медицина қызметкерлері заңға сай жазасын алсын,- деп талап етіп отыр.
Ұлан Балапанов, марқұмның жолдасы:
- Ешқандай денсаулығында кінәрат болған жоқ. 27-ші қаңтар күні өз аяғымен ауруханаға барды. Үлкен қызым алып барды. Сағат он жарымда қабылдап алды бұл кісілер. Кешкі 9-да больницаға барсам, бір комнатаға қамап қойды мені шақырған кісі. Бір замы тұрып, жолдасың мен балаңнан айырылып қалдық деп айтты. Сосын не болғанын білмей кеттім өзім.
Сұңғат Әділбеков, облыстық ПД тергеу басқармасының бастығы:
- Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеудің толықтығы мен жан-жақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Олардың нәтижелері бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады.