Семейде төртінші баласын босанған келіншек шындық іздеп шырылдап жүр. Себебі айы-күні жетіп, аман-есен босанған нәрестесін дәрігерлер оңдырмай күйдіріп тастаған, деп хабарлайды Zakon.kz.
КТК телеарнасының хабарлауынша, 32 жастағы Камаль Оразғалиева 2 қаңтарда ұл босанған. Өмірге әкелген төртінші баласының салмағы — 4 келі 150 грамм.
"Аман-есен өмірге әкелген нәрестемді дәрігерлер күйдіріп тастады" дейді.
Қазір кішкентай Әлидің денесінің сау жері қалмаған. Жамбасы мен иығы, арқасының терісі күйіктен үлбіреп жатыр.
"Бала сау болып туды. Ешқандай ауруы, ештеңесі болған жоқ. Тоғыз ай жүрді. Әйелім ауырған жоқ. Бүкіл анықтамасы бар. Балам 4 келі 150 грамм, бойы 58 см. Аман-сау туған бала". Әкесі Амангелді Жұмашев
Ата-ананың айтуынша, дәрігерлер мұны тәулік бойы жасырып, тіс жармаған. Ал екінші күні анасына шақалақтың жылытуға арналған төсенішке күйіп қалғанын мойындаған көрінеді. Алайда көпшілікті жұртты дүрліктірмеуді өтінген.
"Олардың айтуынша, бала жылытуға арналған төсенішке күйіп қалған. Мен бірден төменгі қабатқа түсіп, қарадым. Артынша олар жараны жарып, хирург шақырды. Сондай-ақ менен айқай-шу шығармауымды сұрады. Осы күнге дейін күйікпен емдеп келген болатын. Енді "тұқымынан берілуі мүмкін, күйік емес" деп отыр". Анасы Камаль Оразғалиева
Ал дәрігерлер баланы "Астанаға жібереміз" дейді.
"Басында біз күйік деп есептедік. Оны жоққа шығармаймыз. Ол диагнозбен Астанадағы дәрігерлерге бәрін айттық. Оны жоққа шығарып отырған ешкім жоқ. Қазір бұл белгілер күйікке ұқсамай жатыр. Қалыпты жағдайда күйік алты тәулікте жиналып, өзіңіз қолыңызды күйдірсеңіз де, ол жақсарады". Абай облысының бас неонатолог дәрігері Шынар Астаева
Қазір баланың ата-анасы әділдік іздеп, полиция қызметкерлеріне арыз жазды.