Үздік жаңалықтар
Үздікжаңалықтар
Бөлімдер
Жаңалықтар

Алматы тауларында үш жігіт жоғалып кетті: олардың бірі қаза болған

Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары таулы аймақта іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Алматы қалалық ТЖД-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның мәліметінше, 26 желтоқсанға қараған түні Алматы қаласы ТЖД 112 пультіне азаматшадан хабарлама келіп түскен. Ол бауырының екі досымен бірге 24 желтоқсан күні таңертең тауға кетіп, қайта оралмағанын жеткізген. Із-түзсіз кеткендердің ұялы телефондарымен байланысқа шықпағанына 12 сағаттан асқан.

Хабарлама түскеннен кейін ТЖМ күштері мен құралдары жұмылдырылған: оның ішінде Республикалық жедел жасағы, ТЖМ-нің апаттық медицина орталығы, Құтқару қызметінің мамандары, полиция қызметкерлері мен еріктілер бірден іздеу аймағына жіберілген.

Оқиға орнында жедел штаб құрылып, ТЖМ “Қазавиақұтқару” тікұшағы көтерілді. Ұшу барысында құтқарушылар ” Тұйықсу” мұздығы, “Мыңжылқы” шатқалы мен “Локомотив” шыңы аумағын шолып шыққан.

“Іздестіру барысында ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы “Локомотив” шыңы маңынан бір адамның денесі табылды. ТЖМ әуе аппаратымен теңіз деңгейінен 3700 метр биіктіктен дене төмен түсіріліп, кейін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жеке басын анықтау барлық қажетті сараптамалар аяқталғаннан кейін жүргізіледі. Марқұмның туыстарына психологтар мен медициналық қызметкерлер тарапынан қажетті көмек көрсетілуде”, — делінген хабарламада.

Қалған екі азаматтың орналасқан жерін анықтау бойынша іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз