Current Date: 14-03-2025

Шымкентте полиция қызметкерлері арасында жемқорлық азайған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің мәліметінше, былтыр 13 қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды 24kz.

Істі болғандар арасында қатардағы тәртіп сақшысы мен басшылық қызмет атқарғандар да бар. Полицейлер қылмыстық істі қарағанда оң шешім шығару, әкімшілік жауапкершіліктен босату немесе қарамағындағы қызметкерлерге ерекше қамқоршылық көрсету сынды заңбұзушылыққа барады екен. Алаяқтық фактілері де тіркелген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі «AMANAT» партиясымен бірлесіп, полиция қызметкерлерімен кездесулер өткізіп жүр. Жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттің стратегиялық дамуының басым бағыты. Бұл туралы Мемлекет басшысы да бірнеше рет атап өткен еді.

Жандос Бекасанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:

- 2022 жылы біздің департаментпен полиция қызметкерлеріне қатысты 35 қылмыстық іс тіркелсе, 2023 және 2024 жылдары 13 қылмыстық іс тіркелді. Оның азаю себебі, жаңа атап өткендей, осы профилактикалық шаралардың жүргізілуі.