0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Ақтауда қытай көліктерін сатып алған тұрғындар сервистік қызметтің қымбаттығына наразы. Айтуларынша, қызмет құны нарықтағы бағадан 2-2,5 есе жоғары. Салдарынан жүргізушілердің қалталары қағылып, тығырыққа тірелген. Бұл бұрыннан қалыптасқан жағдай болса да, көлік иелері енді шағымдана бастады.
Ақтаулық Сапармұрат Сейтмұратов 2023 жылы «Экзид» автосалонынан су жаңа көлік сатып алған. Содан бері темір тұлпарының майын 3-4 рет ауыстырған. Басқа жерде 3 мың теңгенің сүзгісін аталған салонда 7 мың теңгеге, 22 мыңның мотор майын 35 мың теңгеге алуға тура келген. Ол бұған дейін сервистік қызметтің құны туралы мәлімет берілмегеніне наразы.
Сапармұрат Сейтмұратов, Ақтау қаласының тұрғыны:
Өте қымбат, бірінші ауыстыру 2 мың км-ден болды. Онда 60 мың теңгеге ауыстырды, тек қана май мен сүзгіні. Одан кейін 10 мың км сайын. Оларды 80 мыңнан ауыстырып отыр. Басқа жерге барсаң, 30 мыңның төңірегіне ауыстырасың. Егер де басқа жерден ауыстырған жағдайда кепілдіктен шығарып тастаймыз дейді.
Жиналғандардың мұңы бір. Бәрі де сервистік қызметтің бағаларын төмендетуді немесе мүлде алып тастауды сұрайды. Айтуларынша, Ақтауда қытай көліктерін тізгіндеген 300-дей тұрғын бар.
Құралбек Исламов, Ақтау қаласының тұрғыны:
Басында майдың бағасы орташа қолжетімді болған, соңғы кезде майдың бағасы, мотордың майын ауыстыру қымбаттап кетті. Hyundai, Toyota-дан 20 пайыз төмен. Мәселе осы ғой, соны шешкіміз келеді. Немесе бізден кепілді алу үшін істеп тұр ма, білмедік.
Тұрғындар шағымы бойынша диллерлік орталықтың өкілі жауап берді. Айтуынша, орталық тұтынушыларға сапалы қызмет ұсынады. Автобөлшектерді де тікелей зауыттан алдырады.
Екатерина Копылова, диллерлік орталықтың өкілі:
Біз бұл жағдайды зерделейміз. Көлік иелерінің өтінішін алдық. Арызданушылардың әр талабын мұқият қарап, міндетті түрде жауап береміз.
Алматылық автокөлік сарапшысы Алексей Алексеевтің пікірінше, қытай көліктері нарыққа енді ғана келіп жатыр. Сондықтан уақыт өте қызмет бағасы тұрақталуы тиіс.
Алексей Алексеев, автосарапшы:
Ондаған жылдар бойы келе жатқан бренд көліктермен салыстырғанда небәрі 3 жыл болды ғой. Бұл нарық, автомобиль бөлшектері тұрғысынан қалыптасуы керек, шеберлер қызмет көрсетуді және бұзушылықтарды жоюды үйренуі қажет. Яғни, бұл да процесс. Ол бірнеше жылға созылады. Бұл — нарық заңы.
Тұрғындар қытай көліктері бағасының қымбаттығына да шағымданды. Мәселен, екі жыл бұрын салоннан 22 млн 600 мың теңгеге алынған темір тұлпардың құны қазір қара базарда 14 млн теңгеге түсіп кеткен. Ал сервистік қызметке қатысты олар құзырлы органдарға шағымданбақ.
Аягөз Оралбайқызы