Екеуі де дереу ауруханаға жатқызылды.
Күнделікті тұрмыста қолданылатын жуғыш заттың әсерінен екі қыз айтарлықтай химиялық күйікке шалдықты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Екі жағдай да 8 наурыз күні орын алған. Бұл күні 2024 жылы туған екі үйдің қызы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
"Бірінші пациент ауруханаға ІІ-ІІІ дәрежелі 4 %-дық күйікпен түсті. Оның сол аяғы мен оң жақ сан еті күйген. Екінші қыз оң жақ иығы, білегі және іш қуысының ІІ-ІІІА дәрежелі 7-8%-дық күйікпен ауруханаға түсті. Екі жағдайда да балалар "Азелит" жуғыш затынан күйік алған. Қазіргі уақытта қыздардың жағдайы тұрақты. Дәрігерлер қажетті ем-дом көрсетуде", — деп хабарлады Павлодар облыстық балалар ауруханасының баспасөз қызметі.
Аурухана комбустиологы Қаһарман Баймұратовтың сөзінше, балалар мұндай химиялық күйіктермен сирек, ары кетсе жарты жылда бір рет түсіп жатады. Көп жағдайда бұл бөлімде қайнаған ыстық судан күйік шалған балалар ем қабылдайды.
Ақ желеңділер тұрмыстық химия балалар үшін аса қауіпті екенін тағы бір мәрте еске салып, оларды балалардың қолы жетпейтін жерге қою қажет екенін айтты. Ал баланың денесіне тиген жағдайда оны көп көлемдегі сумен шайып, медициналық көмекке жүгіну керектігін ескертті. Мұндайда үй жағдайында емдеуге болмайды.