Шығыс Қазақстан облысының тағы екі ауданында жұмыс кестесі бір сағатқа кейін шегерілді, деп хабарлайды 24kz.
Бүгіннен бастап Алтай мен Ұлан аудандарының тұрғындары жұмыс күнін таңғы 08:00-де бастайды. Аталған мәселе кеше ғана талқыланып, шешім қабылданды. Бірақ кейбір жергілікті тұрғындар бұл өзгерістен хабарсыз қалып, жұмысқа әдеттегіден бір сағат бұрын келді. Жаңа кестеге сәйкес түскі ас үзілісі 12:00-ден 13:30-ға дейін жалғасады, ал жұмыс күні 17:30-да аяқталады. Жалпы өңір бойынша 9 аудан осындай жұмыс режиміне көшті. Жұмыс кестесін бір сағатқа кейінге шегеру алғаш рет 5 қаңтар күні Қатонқарағай ауданында пилоттық жоба ретінде енгізілді. Ақпан айында бұл өзгеріс Үлкен Нарын мен Марқакөл аудандарында жалғасын тапты, ал 5 наурыздан бастап Тарбағатай, Күршім және Самар аудандары да жаңа жұмыс тәртібіне көшті. Тұрғындардың пікірінше, бұл өзгеріс күннің жарығын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Рүстембек Кемешев, Марқакөл ауданының әкімі:
- Марқакөл ауданында білім ошақтары жаңа айтып кеткендей, 08:00-ден басталады. Мемлекеттік қызметкерлер де толықтай жаңа уақыт бойынша 8:00-ден бастап жұмыс істесек өте тиімді болады деп ойлаймын.
Мейрамбек Қаменжанов, Ақжар ауылының тұрғыны:
- Бұрынғы мынау ауыспай тұрған сағат бойынша есептесек, біз тападай тал түсте жұмысқа келіп жатқандай болушы едік. Мынау енді таңертең 08:00-де бірінші рет келіп тұрмыз. Өте жақсы. Мынау қазақтың керемет мақалы бар ғой: «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деп. Мынау жаздың күні осындай уақытпен жұмыс жасаған өте дұрыс деп ойлаймын.