Current Date: 14-03-2025

Көлік салығына салғырт қарамаған жөн

Сауал

– Көлік салығын төлейтін уақыт жақындап қалды. Нені ескеруіміз керек?

Жауап:

Балжан БАҚЫТҚАЛИҚЫЗЫ, салық маманы:

– Көлік салығы – еліміздегі көлік иелеріне міндеттелген төлемдердің бірі. 2024 жылы иелік еткен көліктерге жеке тұлғалар 2025 жылғы 31 наурызға дейін салық төлеуге тиіс. Бұл талап Салық кодексінің 494-бабында бекітілген. Дегенмен көпшілік көлік салығының қалай есептелетінін, кімдерге жеңілдіктер қарастырылғанын әрі төлем мерзімін білмей, түрлі қиындыққа тап болып жатады. Осы мәселенің маңызды тұстарына тоқталайық.

Кімдер көлік салығынан босатылады? Бізде кейбір санаттағы азаматтарға көлік салығынан босатылу мүмкіндігі қарастырылған. Атап айтқанда, мүгедектер, Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері, электромобиль иелері белгілі бір жағдайларда бұл салықты төлемейді. Сонымен қатар егер көлік шетелдік нөмірде болса, Қазақстан аумағында тұрақты тіркелмеген жағдайда оған да салық салынбайды.

Салық мөлшері қалай есептеледі? Көлік салығы көлік түріне, қозғалтқыш көлеміне және көліктің елде алғаш тіркелген жылына қарай есептеледі. Мысалы, 2013 жылға дейін тіркелген қозғалтқыш көлемі 3000-4000 см³ болатын жеңіл көліктерге 15 АЕК мөлшерінде (2024 жылғы АЕК – 3692 теңге) 55 380 теңге салық төленеді. Ал 2013 жылдан кейін елге кіргізілген дәл осындай көлікке 117 АЕК немесе 431 964 теңге салық салынады.

Көлік салығын есептеу үшін мемлекеттік кіріс­тер комитетінің ресми сайтындағы калькуля­тор­­­ды пайдалануға болады. Ал салық сомасын egov.kz, e-Salyq Azamat қосымшасы арқылы тек­се­ре­сіз. Егер көрсетілген сома дұрыс болмаса, мем­ле­кеттік кірістер органына жүгініп, қатені түзету қа­жет.

Айтпақшы, Кaspi.kz қосымшасынан келген са­лық­тар сомасы өте жоғары болып көрінсе, мақа­ладағы калькуляторды қолдансаңыз болады. Кө­лік иесіне салық органына хабарласып, анықтауға болады.

Қазір шетелден көлік әкеліп, өз атына рәсімдеп сату кең тараған. Яғни қазіргі тіркелген салық органына 2025 жылғы наурызда атыңызға рәсімделген көлік жоқ делік, бірақ сіз 2024 жылы өз атыңызда бір ай немесе үш, төрт ай болса да рәсімделген көлік болған болса, ол көлікке сол иелік еткен айларға салық төлеуіңіз керек. Машинаны сатқан кезде көлік салығын сұрамай сатуға рұқсат берілген, себебі есепті жыл үшін көлік салығы есепті жылдан кейінгі жылдың 31 наурызына дейін төлеу Салық кодексімен рәсімделген. Мысалы, 02.2024-09.2024 мерзіміндегі 8 ай үшін 31.03.2025-ке дейін төлеуге тиіссіз.

Көлік салығын қалай төлейді? Салық Kaspi.kz, Egov.kz, банктердің мобильді қосымшалары арқылы төленеді. Көлік салығын төлеу кезінде көліктің VIN-кодын немесе шасси нөмірін енгізу қажет. Төлем мерзімі 31 наурызда аяқталады, ал одан кейінгі әрбір кешіккен күн үшін өсімпұл есептеледі.

Кейбір көлік иелері көлік жүрмей тұрса немесе бұзылған жағдайда салық төлеу қажет пе деп сұрайды. Заң бойынша көлік мемлекеттік тіркеуде болса, оған салық есептеледі. Егер көлік сатылғаннан кейін жаңа иесіне қайта рәсімделмесе, алдыңғы иесінің атына салық шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда салық органына тиісті құжаттарды өткізіп, тіркеуден шығару қажет.

Көлік салығын төлемеген жағдайда не болады? Егер көлік салығы уақытында төленбесе, қарыз сомасына өсімпұл қосылады. 1 сәуірден бас­тап төлем жасалмаса, салық органы борышкердің банктік шоттарын бұғаттауы мүмкін, тіпті жаңа есепшот ашуға тыйым салынады.

2025 жылғы 1 шілдеге дейін жаңа Салық кодексі қабылданса, 2026 жылдан бастап көлік салығына бірқатар өзгеріс енгізіледі. 10 жылдан асқан көліктерге салық мөлшері 30%-ға, ал 20 жылдан асқан көліктерге 50%-ға төмендетіледі. Бұл өзгерістер ескі көлік иелеріне біршама жеңілдік әкелуі мүмкін.

Сарапшыға сұрақ қойған –

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan»