Current Date: 14-03-2025

Бауырлас елдердің ынтымағы

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға ресми сапармен келген Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен келіссөз жүргізді .

Әзербайжан министрінің сапары Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Стратегиялық серіктес­тік және одақтастық қатынастар туралы шарттың 20 жылдығы аясында өтті. Кездесу барысында екі бауырлас ел арасындағы саясат, сауда, эко­­­номика, энергетика, көлік, тран­­­зит, сондай-ақ мәдени-гу­ман­и­­­тар­­­лық бай­ланыстарды қоса ал­­ғанда екі­жақты өзара іс-қимыл мә­се­лелерінің кең ауқымы талқыланды.

Сыртқы істер министрі екі­жақты қарым-қатынастардың серпінді дамуын, мемлекет бас­шы­ларының стратегиялық мақсаттарға қол жеткізудегі саяси ерік-жігерінің рөлін атап өтті.

– Қазақстан мен Әзербайжан өзара түсіністік пен сенімнің жоға­ры деңгейін көрсетеді. Бұл біз­дің барлық саладағы ынтымақ­­тас­­ты­ғымызды дәйекті түрде дамы­ту­ға мүмкіндік береді. Біз өзара іс-қимылды, әсіресе сауда-эконо­ми­калық және инвести­ция­лық са­лаларда одан әрі кеңейтуге бағыт­талғанбыз, – деді М.Нұртілеу.

Тараптар кейінгі бес жылда қа­был­данған шаралар арқылы бес есеге ұлғайып, 2024 жылы 533,4 млн долларға жеткен тауар айна­лы­мының айтарлықтай өскенін қанағаттанушылықпен атап өтті. Экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында бұл көрсеткішті 1 млрд долларға дейін жеткізу ниетін растады.

Келіссөздердің маңызды тақы­ры­бы энергетика саласындағы ынты­мақ­тастықты нығайту болды. Министр­лер Әзербайжан аумағы арқы­лы қазақ­стандық энерго­ресурстар­дың транзиті саласындағы табысты өзара іс-қимылды құптады. Баку – Тбилиси-Джейхан құбыры ар­қы­лы мұнайды тасымалдау көле­мі өт­кен жыл­дың қорытындысы бойын­ша 1,4 млн тоннаны құраған. Ал ортамер­зімді келешекте жылына 2,2 млн тонна деңгейіне жету күтіліп отыр.

– Біз Қазақстанды Орталық Азия­­­дағы басты серіктес ретінде қарас­­тырамыз. Бүгінгі келіссөздер көлік, инв­ес­тициялар, энергетика және білім беруді қоса алғанда түрлі бағыт­тар­дағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген өзара ұмтылыс­ты растады, – деп мәлімдеді Д.Байрамов.

Тараптар ауыл шаруашылығы, өнер­кә­сіптік кооперация, ғарыш және телекоммуникация сала­сын­дағы өзара іс-қимылды жан­дан­дыруға келісті. Ынтымақ­тас­тық­ты ны­ғай­туға былтыр құрылған Қазақ­стан – Әзер­байжан тікелей инвести­ция­­лар­дың инвестициялық қоры ықпал етеді.

Келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа баса назар аударылды. Кейінгі екі жылда елдерде Қазақстан мен Әзер­байжанның мәдениет күндері өтті. Биыл наурызда Бакуде Қазақстанның 23 университетінің қатысуымен қазақстандық жоғары білім беру күндері өтіп, оның қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы 40 меморандумға қол қойылды.

Министрлер сондай-ақ өңірлік және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады, БҰҰ, ТМҰ, АӨСШК, ТМД, ИЫҰ және Каспий саммиті шеңберінде одан әрі ынтымақтастыққа дайын­дығын растады. Келіссөз қорытын­дысы бойынша 2025–2026 жылдарға арналған сімаралық өзара іс-қимыл жоспарына қол қойылды.

– Бүгінгі басқосу мемлекеттері­міздің көпжылғы жемісті ықпалдас­ты­ғын жаңа әрі сапалы дең­гейге көтерудің және қол жеткізілген уағдаластықты жүзеге асыру жолдарын саралап алудың орайлы сәті деп санаймыз. Қазақстан мен Әзербайжан – қарт Каспийдің қос жағалауына ежелден қоныс тепкен бауырлас елдер. Бізді түбі бір түркітілдес халықтар ретінде ортақ тарих, өзара жақын мәдениет және тамырлас рухани құндылықтар байланыстырады, – деді еліміздің Сырт­қы істер министрі Мұрат Нұртілеу келіссөзден кейінгі БАҚ өкілдері алдында жасаған мәлімдемеде.

Министрдің айтуынша, қазақ-әзербайжан қарым-қатынасы конс­труктивті саяси диалогтің арқа­сында қарқынды дамып келеді.