Current Date: 14-03-2025

Кейбір әйелдерге жасырын босану мүмкіндігі берілуі мүмкін

Көршілес елде 9194 бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалған.

Қырғызстан депутаты Жылдыз Садырбаева қиын жағдайлар мен қауіп-қатерге тап болған әйелдерге медициналық көмекті анонимді түрде алуға мүмкіндігін беретін өзгерістер енгізуді ұсынды. Ол бұл түзетулерді "Қырғыз Республикасындағы азаматтардың денсаулығын қорғау туралы" заңына енгізу бойынша бастама көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 24.kg-ге сілтеме жасап.

Сондай-ақ заңнамаға "жасырын босану" ұғымын енгізу де ұсынылды.

Жылдыз Садырбаеваның сөзінше, бұл мемлекеттік немесе муниципалдық денсаулық сақтау ұйымдары тарапынан әйелдің жеке куәлігін ұсынбай және жеке деректерін көрсетпей, псевдоним және құпия сөз арқылы көрсетілетін медициналық көмек. Бұл әдіс анонимділік пен құпиялылықты сақтай отырып, ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған.

Жүкті әйелдер осы қызмет түрін заңда көзделген тәртіп негізінде пайдалануға құқылы болмақ.

Қырғызстан прокуратурасының мәліметінше, 2020 жылдан 2025 жылдың ақпанына дейін перзентханаларда жаңа туған сәбиін тастап кетудің 101 дерегі тіркелген. Жылдыз Садырбаева осы уақыт аралығында ата-аналар өз балаларын перзентханадан алуға бас тартқан 6 оқиға тіркелгенін атап өтті. Бұдан басқа азаматтар 76 баланы тұрғын үйлердің маңайына, балалар үйіне, мешітке, ауруханаға, саябаққа, көшеге, қоқыс жәшіктеріне немесе таныстары мен бөтен адамдардың үйіне тастап кеткен.

Тағы 19 жаңа туған сәбидің мәйіті саябақтарда, алаңдарда, қоқыс тастайтын жерлерде табылған.

Еңбек миграция министрлігінің дерегінше, көршілес елде 9194 бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалған.

2020 жылдан 2025 жылдың ақпанына дейін 3203 бала асырап алынған. Тағы 768 адам бала асырап алуға ниет білдірген.