Current Date: 14-03-2025

Цифрлық активпен заңсыз айналысқан жасөспірім сотталды

2020 жылы қыркүйекте кәмелетке толмаған күдікті "Telegram" мессенджері мен "OLX" платформасында айырбастау операцияларын жүргізетіні туралы хабарландырулар орналастырған.

ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті тиісті рұқсат құжаттарынсыз цифрлық активтердің заңсыз айналымына қатысты істің тергеуін аяқтады, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Binance" криптобиржаның пайдаланушылары тек ересектер бола алатындықтан, ол аккаунт жасау үшін ағасына верификациядан өтуін сұраған. 2021 жылы ол айналым сомаларын бөлшектеу және бұғаттау тәуекелін төмендету мақсатында өзінің туыстарының атына қосымша тағы үш аккаунт тіркеген.

Нәтижесінде 2021-2024 жылдар аралығында жалпы сомасы 5,6 миллиард теңге цифрлық активтерді заңсыз айналымын жасаған. Көрсеткен қызметі үшін алынған сыйақы мөлшері 0,5%-дан 2,5%-ға дейін құраған.

Күдікті өзінің заңсыз табысына Mitsubishi автокөлігін сатып алған, соттың шешімімен осы автокөлікке тыйым салынды.

Сот үкімімен ол ҚР ҚК 214-бабының 2-бөлігі 2-тармағымен (заңсыз кәсіпкерлік, аса ірі мөлшерде табыс алумен ұштасқан) кінәлі деп танылып, 2,5 жылға еркіндігін шектеу жазасына кесілген.

Сондай-ақ, мемлекет кірісіне 5 172 USDТ цифрлық активтері мен Mitsubishi автокөлігі тәркіленді.

Айта кету керек, заңсыз криптоайырбастаушылар өз клиенттерін сәйкестендірмейді және күдікті операцияларды анықтамайды. Сондықтан, олардың қызметтерін көбіне кибералаяқтар мен есірткі заттарын өткізушілер пайдаланады.

Еске салайық, 2024 жылы жалпы айналымы 60 млрд теңгені құрайтын 36 заңсыз крипто айырбастау пункті жойылды. 4,8 млн USDT (шамамен 2,5 млрд теңге) сомасына активтер бұғатталып, тәркіленген.

ЕСКЕРТУ: Қазақстан Республикасының "Цифрлық активтер туралы" Заңына сәйкес елдегі цифрлық активтердің айналымына қатысты кез келген қызмет лицензияны қажет етеді.