Current Date: 14-03-2025

Отыз күн ораза ұстау Адам ата мен Хауа анадан қалған ба?

Отыз күн ораза ұстау тек ислам дінінің парызы ғана емес, оның түп-тамыры Адам ата мен Хауа ананың жерге түскен кезінен бастау алады деген аңыз бар.

Риуаяттарға сүйенсек, Адам ата мен Хауа ана жаратылыс басталған кезде пейіште өмір сүрген. Алла оларға жұмақтағы бидайды жеуге тыйым салған. Алайда шайтанның азғыруымен олар сол тыйым салынған бидайды жеп қойған. Осы әрекеті үшін Тәңірі оларды жерге түсіріп, тәубеге келу үшін ораза ұстауды бұйырған.

Аңыз бойынша, тыйым салынған бидайдың қалдығы Адам ата мен Хауа ананың асқазанында қорытылмай қалып қойған. Тәңірдің бұйрығымен олар отыз күн ораза ұстап, денесін арам астан тазартқан екен. Осылайша, отыз күн ораза дәстүрі сол кезден бері жалғасып келеді деген сенім бар.

Ислам дінінде оразаның парыз етілуі Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінде бекітілгені белгілі. Бірақ, Адам ата мен Хауа анаға қатысты бұл оқиға халықтық наным ретінде ислам мәдениетінде ерекше орын алады.

Бұл аңыз отыз күн оразаның тек құлшылық емес, адамның жан-дүниесін және денесін тазартудың рухани жолы екенін айқын көрсетеді.