Шымкентте тегін концерттің соңы сауда орталығының басшылығын жауапқа тартумен аяқталды.
Танымал әнші Садраддиннің концерті кезінде оның тыңдайтын жастар бірін-бірі таптап, оқыс жағдай орын алды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған бұл концертке халық көп жиналғаны соншалық, көрермендер арасында дүрбелең туындаған. Оқиғаға байланысты әлеуметтік желілерде түрлі видеолар таралып, куәгерлер болған жағдайды баяндады.
Куәгерлердің айтуынша, шамамен 10-15 адам есінен танған.
Полицейлер артынан шақырылғанымен, халықтың көптігі мен ғимаратта тығыз орналасқаны жағдайды ушықтырған.
Артынша тәртіп сақшылары адамдар легін ретке келтіріп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етті.
Аталған жағдайға қатысты пікір білдірген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі тегін концертті өткізу кезінде полицияға шақырту түспегенін мәлімдеді.
Ал, сауда-ойын-сауық орталығының басшылығы концертті өткізуді ұйымдастыру тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.