Оның сөзінше , бұл халықаралық қауіпсіздік үшін қажет.
АҚШ президенті мұны Ақ үйде НАТО-ның бас хатшысы Марк Рюттемен кездесуде айтқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Sky News-тің жазуынша, Трамп журналистерге "Менің ойымша, бұл мүмкін" деп түсіндірген.
– Қазір мен бұл іске маңызды рөл атқара алатын адамның жанында отырмын. Білесің бе, Марк, бұл халықаралық қауіпсіздік үшін қажет, – деген ол НАТО-ның бас хатшысына бағыттап.
Осыған дейін Трамп АҚШ-тың "Гренландияға иелік етуі және оны бақылауы ұлттық қауіпсіздік пен бүкіл әлемдегі бостандықты қамтамасыз ету үшін абсолютті қажеттілік" деп санайтынын мәлімдеген-ді. Ол аралды бақылауға алу үшін әскери күш қолдану мүмкіндігін де жоққа шығармаған.
11 наурызда Гренландияда парламенттік сайлау өтіп, онда Даниядан біртіндеп тәуелсіздік алуды жақтайтын оппозициялық "Демократтар" партиясы жеңіске жетті.
Дания 1953 жылға дейін Гренландияны өз отары ретінде басқарды. Сол жылы арал өзін-өзі басқару құқығының бір бөлігін алды. Ал 2009 жылы пайдалы қазбалар, полиция және сот жүйесіне қатысты кеңейтілген өкілеттіктерге ие болды. Дегенмен Дания әлі де аралдың қауіпсіздігі, қорғанысы, сыртқы және валюта саясатын бақылап отыр. Сонымен қатар, Гренландия Данияның Еуропалық Одақтағы және НАТО-дағы мүшелігінен пайда көреді.
Осы күні Гренландия тұрғындары дат төлқұжатын, медициналық қызметті және әлеуметтік қамсыздандыру бойынша басқа да жеңілдіктерді пайдаланады.
Арал мұнай мен газға толы, сондай-ақ электромобильдер, жел турбиналары мен әскери техника өндірісінде сұранысқа ие сирек кездесетін металдарға бай.
Айта кетейік, АҚШ-тағы республикалық партия өкілдері Гренландияны сатып алу туралы заң жобасын парламентке де ұсынған болатын.