Current Date: 14-03-2025

Мәжіліс депутаты балалардың кітапқа құмарлығын ояту үшін мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынды

Оның аясында кітапханалардың инфрақұрылымын жаңғырту қажет.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Ұлттық құрылтайдың жұмыс секцияларына қатысып, мәдениет саласында "Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап индустриясын және кітапхана жүйесін дамыту" мемлекеттік бағдарламасын қабылдау қажеттігін айтты.

Депутаттың сөзінше, мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда Кітап күні белгіленіп, жазушылар мен авторларға қолдау көрсету мақсатында арнайы гранттар беру мәселесі қарастырылып жатыр.

"Бұл бастамалар – рухани дамудың негізгі тірегі. Кітапханалар білім мен мәдениеттің ошағы болғандықтан, кітапханашы мамандығының беделін арттыруға ерекше көңіл бөлу қажет. Қоғамның түрлі қажеттіліктерін қамту үшін салалық мамандандырылған кітапханашыларды даярлау маңызды", – деген Жұлдыз Сүйлейменова оларды жеке-жеке атап өтті:

  • Педагог-кітапханашылар – оқу сауаттылығын арттыру үшін мектептер мен оқу орындарында жұмыс істейтін кітапханашылар.
  • Қоғамдық кітапхана мамандары – халықтың мәдени сұранысын қанағаттандырып, оқырмандық белсенділікті дамытуға атсалысатын мәдениет саласындағы кітапханашылар.
  • Ғылыми кітапханашылар – университеттер мен ғылыми орталықтардағы дерекқорлармен жұмыс істейтін ғылыми қызметкер ретіндегі кітапханашылар.

"Сонымен қатар, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың даму қарқыны балалардың кітапқа деген қызығушылығын әлсіретпеуі үшін кешенді жұмыс жүргізу қажет. Бұл ретте кітапханалардың инфрақұрылымын жаңарту және балалар мен жасөспірімдердің кітапқа деген сүйіспеншілігін оятатын шығармашылық жобалар мен оқырмандық бағдарламалар әзірлеу маңызды. Осы аталған бағыттарды жүйелі түрде жүзеге асыру үшін мемлекеттік бағдарлама қабылдау қажет деп санаймын", – деді Жұлдыз Сүйлейменова.


Оқи отырыңыз: Балалар әдебиеті анимация мен геймификацияға бейімделуі керек – жазушы Сәуле Досжан