Руслан Абдуллаев – Өзбекстан намысын қорғайтын ұлты қазақ боксшы.
Әлем чемпионы деген атағы бар ол әйгілі Golden Boy промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Өзбекстан кәсіпқой бокс федерациясы хабарлаған. Аты аңызға айналған Оскар Де Ла Хойя жетекшілік ететін промоушенмен келісімге келген 22 жастағы боксшы кәсіпқой мансабында бір жекпе-жек өткізген.
Ол 7 наурыз күні Индиода өткен бокс кешінде Хосе Валенсуэла Альварадоны нокаутқа түсірген еді.
Өзбекстан елінде дүниеге келген талантты боксшы бір уақытта Қазақстанның туы астында өнер көрсетуге талаптанып, жастар арасындағы ел біріншілігінде төбе көрсеткен болатын. Десе де, жартылай финалда Сабыржан Аққалықовтан жеңіліп, қоланы қанағат тұтты. Содан соң Өзбекстанға оралды.
2021 жылы чемпион атанып, ең үздік боксшыға тиесілі "Руфат Рыскиев кубогын" иеленді. 2022 жылы Азия чемпионы атанса, 2023 жылы Ташкентте барлық қарсыласын қоғадай жапырып, әлем чемпионы болды.