Елімізде ішкі нарықты сиыр етімен қамтамасыз етудің өсімі жақсарып келеді.
Қазіргі кезде қазақстандық сиыр еті мен тірі ірі қара мал әлемнің 8 еліне экспортталуда, бұл отандық өндірушілер өнімдерінің жоғары сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
2024 жылдың қорытындысы бойынша сиыр еті өндірісі 430 мың тоннаны құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 7,5%-ға артты. 2025 жылы бұл динамика сақталуда: қаңтар айында 24,7 мың тонна ет өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2%-ға жоғары.
Саланы дамыту мақсатында жалпы сыйымдылығы 380,1 мың басқа арналған 249 бордақылау алаңы жұмыс істейді. Жүргізілген мониторингке сәйкес, қазіргі таңда бордақылауда 174,2 мың ірі қара мал бар, бұл жалпы қуаттылықтың 45,8%-ын құрайды.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бордақылау алаңдарына немесе ет өңдеу кәсіпорындарына өткізілген бұқашықтарды субсидиялау жүргізілуде. Қазіргі уақытта 130 мың ірі қара малды қамтитын 6,4 млрд теңге көлемінде субсидия төленді. Субсидия мөлшері тірі салмағының әр килограмына 200 теңгені құрайды.