Current Date: 14-03-2025

Үйсіз-күйсіз жүргендер мен түрмеден шыққандарға арналған уақытша баспаналар пайда болады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолданыстағы кейбір бұйрықтарға түзетулер енгізді.

Соған сәйкес енді елімізде тұрғылықты жері жоқ адамдарға, түрмеден босатылған және пробация қызметінде есепте тұрғандарға, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына арналған уақытша болу ұйымдары құрылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатқа сәйкес, мұндай ұйымдарда стационарлы, жартылай стационарлы үлгідегі қызмет пен үй жағдайында қызметтер көрсетіледі. Үйде қызмет көрсету ұйымдары бір-бірінен 5 шақырымнан астам қашықтықта құрылады.

"Уақытша болу ұйымдары тұрғылықты жері жоқ адамдарға, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және (немесе) пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға, сондай-ақ адам саудасының және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына арналған. Олар мемлекеттік секторда республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, облыстық маңызы бар қалаларда, аудандық маңызы бар қалаларда халық саны 100 мың адамнан жоғары болған кезде құрылады", — делінген министрліктің бұйрығында.

Мұндай орталықтар халық саны 50 мың және одан асатын елді мекендерде, аудандарда және ауыл округтерінде жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша бір аудан деңгейінде құрылмақ.