Current Date: 14-03-2025

Президент: Жеке қаржыға түсірілген фильмдерді сүзгіден өткізу керек

Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеке қаржыға түсірілген фильмдердің де сүзгіден өтуі тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, ол "Шоқан. Қашқария сапары" мультфильмін жоғары бағалап, ұлттық нақыштағы мультфильмдерді көбейту қажеттігіне тоқталды.

"Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа", – деді мемлекет басшысы.

Президент ары қарай жеке қаржыға түсірілген фильмдерді кинотеатрға шығармас бұрын сүзгіден өткізу қажеттігін айтты.

"Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсірілуде. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн", – деп ұсынды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген мультфильмдерді көбейту қажеттігіне тоқталды. Осы орайда ол "Шоқан. Қашқария сапары" мультфильмін жоғары бағалады.

"Жақында "Шоқан. Қашқария сапары" деген мультфильм шығыпты. Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды деп айтуға болады. Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дамыту мәселесін қолға алу керек", – деді мемлекет басшысы.