Current Date: 14-03-2025

Тоқаев жыл соңына дейін аутизмге шалдыққан балаларды қолдау бойынша жаңа заң әзірлеуді тапсырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл соңына дейін ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларға жан-жақты қолдау көрсету ісін реттейтін жаңа заң әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзінде аутизмге шалдыққан балаларға қолдау көрсету мәселесіне тоқталды.

"Тұрғындарға, әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға баспананың қолжетімді болуы – тұрмыс сапасының жақсарғанын білдіретін негізгі көрсеткіш. Былтыр мемлекет осы санаттағы адамдар үшін 21 мыңға жуық пәтер сатып алды.

Соңғы екі жылда бірқатар қалада (Семей, Тараз, Кентау, Орал) ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту орталықтары бой көтерді. 2026 жылдың аяғына дейін Ақтөбеде, Атырауда, Көкшетауда, Шымкентте және Талдықорғанда дәл осындай орталықтар ашу қажет", — дейді президент.

Тоқаев бұдан бөлек, әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құруды тапсырды.

"Өкінішке қарай, дүние жүзінде осындай диагнозы бар балалардың саны жылдам өсіп барады. Мұндай жағдай Қазақстанда да бар. Демеушілердің және "Қазақстан халқына" қорының көмегімен осы маңызды жұмыста белгілі бір ілгерілеу бар. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаны жандандыруы қажет.

Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан жыл соңына дейін осындай балаларға жан-жақты қолдау көрсету ісін реттейтін жаңа заң әзірлеу керек", — деп қосты мемлекет басшысы.