Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтай отырысында мәлім етті.
«Алматы қаласында және Қостанай облысында автокөлік зауыттары ашылады. «Достық-Мойынты» темір жол учаскесінің және Алматы бекетін айналып өтетін темір жол желісінің құрылысы аяқталады. «Қызылжар – Мойынты» бағытында жаңа жоба басталады.
Ақтауда Каспий теңізінің жағалауындағы контейнер хабы салынып бітеді. «Қорғас – Шығыс қақпа» ЕЭА аумағында халықаралық әуежай жұмыс істей бастайды. Зайсан, Катонқарағай мен Кендірлі демалыс аймақтарында да әуежай ашылады.
Каспий теңізінің ұлтанымен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады, бұл қадам Еуропа мен Азия арасында цифрлық дәліз жасауға мүмкіндік береді. Еліміздің автокөлік жолдары желісін дамыту жұмысының мән-маңызы өте зор», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.