Current Date: 14-03-2025

Қазақстанда жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған әкімшілік кодекске енгізілген түзетулер күшіне енді

ІІМ-де Әкімшілік кодекстегі жаңа түзетулер туралы айтылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоғамда "Заң мен Тәртіп" қағидатын сақтау мақсатында Ішкі істер министрі биылғы жылды "профилактика жылы" деп жариялады.

2025 жылдың 13 наурызында Әкімшілік кодекске енгізілген қоғамдық және жол қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған өзгерістер күшіне енді.

Біріншіден. Енді көлік жүріп бара жатқанда оның кабинасынан шығып немесе есігін ашқан жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Оның үстіне жауапкершілік жолаушыға да, жүргізушіге де бірдей әсер етеді.

Екіншіден. Көліктің жолдың қарсы жолағына шығып, жол-көлік оқиғасына әкеп соққаны үшін жауапкершілік енгізілді. Енді жүргізуші тоғыз айға көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Үшіншіден. Теміржол өткелдерін кесіп өту ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік 10-нан 20 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Төртіншіден. Жалған қоңырау шалғаны үшін айыппұл 30-дан 60 АЕК-ке дейін өсті. Ал кәмелетке толмағандар жасаған жағдайда "ескерту" алынып тасталып, заңды өкілдерге салынатын айыппұл 30 АЕК-ке дейін көтерілді.

Бесіншіден. Жедел және арнайы қызметтер көлігінің қозғалысына басымдық бермегені үшін айыппұл 7-ден 20 АЕК-ке дейін өсті.

Сонымен қатар кейбір құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік жеңілдетілді.

Осылайша ақылы автотұрақтарды пайдаланып, төлемді уақтылы төлемегені үшін айыппұл үш есеге төмендеді.

Ал жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін сақтамай, салдарынан материалдық залал келтірген жол-көлік оқиғасы бойынша жүргізуші куәлігінен айыру алынып тасталады.

Ішкі істер министрлігі азаматтарды Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын мүлтіксіз сақтауға шақырады, — деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Алтынбек Жамалиев.