Current Date: 14-03-2025

Бурабайды дамытуға 140 млрд теңге бөлінеді

Мұндай сүйінші жаңалықты Мемлекет басшысы хабарлады .

Бүгінде курорттық аймақты дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Қазірдің өзінде алыс-жақын шетелдерге кеңінен танымал Бурабай жерінің мол мүмкіндіктері бар. Осы курорттық аймақты дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін шамамен 140 миллиард теңге бөлінеді. Қаржының жартысына жуығы – жеке инвестициялар. Үкімет пен облыс әкімдігі құжатта көрсетілген міндеттерді сапалы орындауға тиіс. Ең алдымен Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы инфрақұрылымды дамыту қажет. Барлық экологиялық талаптар қатаң сақталуға тиіс. Туристерге әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсетілуі керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Бурабай ғана емес, басқа да демалыс аймағы ретінде мүмкіндігі мол жерлер жан-жақты дамитын болады.

– Жаңадан салынатын Конгресс-орталық Бурабайдың бетке ұстар орны болуы қажет. Орталық іске қосылатын болса, демалыс аймағына жұрттың қызығушылығы да арта түседі. Сондай-ақ туристік маусымнан тыс уақытта адамдар көптеп келе бастайды. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені тыңғылықты қарастыруды тапсырамын. Облыстың орасан зор туристік әлеуеті Шучинск-Бурабай аумағымен ғана шектелмейді. Демалыс аймағы ретінде мүмкіндігі мол Зеренді, Сандықтау, Ақкөл және басқа да жерлерді жан-жақты дамыту қажет, — деп сөзін жалғады Мемлекет басшысы.