0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !
Алматыда БҰҰның Орталығы құрылады. Қазақстан Президентінің бастамасын ұйымға мүше 193 мемлекет бірауыздан қолдады. Оның үстіне ұйымға мүше 152 ел тең автор ретінде қарарды ұсынды. Осылайша, бүгін БҰҰ Бас Ассамблеясы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша Өңірлік орталықты Алматыда ашу туралы қарарды қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев, аймақтық хабты БҰҰ-ның 18 агенттігі жұмыс істеп тұрған Алматыдағы жаңа халықаралық ұйымдар ғимаратында орналастыруды ұсынған еді.
Тиісті құжатты Орталық Азия мемлекеттері атынан Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров таныстырды. Оның айтуынша, енді бұл құрылым Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін ғана емес, әлем игілігі үшін қызмет етеді. Өйткені өңір мен Ауғанстанға қатысты мәселелер көптеген елдердің мүдделеріне әсер етеді.
Қайрат Омаров, Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі:
Бұл — үлкен оқиға. Себебі Қазақстанда құрылатын БҰҰ орталығы – пилоттық жоба. Мұндай орталықтар әлемде еш жерде жоқ. Алғашқы осындай орталық. Сондықтан бұл тек біздің еліміз үшін ғана емес, БҰҰ үшін де тарихи оқиға, себебі әлеуметтік-экономикалық даму, тұрақты даму мәселелері бойынша осындай орталық алғаш рет БҰҰ тарихында құрылып отыр. Сол себепті мен барлық қазақстандықты осы үлкен жетістікпен құттықтағым келеді. Себебі бүгін біз БҰҰ Қазақстанға келді деп айта аламыз. Қазақстан әлем картасында БҰҰ орталығына ие ел ретінде танылады.
Жалғас Сәдібекұлы