Current Date: 14-03-2025

Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы Қызылордада өтеді

Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы осылай мәлімдеді.

– Бүгінгі Құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келді. Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр. Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын. Ұлттық құрылтайдың отырыстарын әр облыста өткізудің ұтымды тұсы бар. Алқалы жиында аймақтың дамуына қатысты өзекті мәселелер де қаралады. Менің тапсырмаммен бүгінгі басқосуға Ақмола облысының бір топ азаматы қатысып отыр. Олардың ішінде ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер мен жастар бар. Мен осы аймақтың дамуына айрықша мән беремін. Сондықтан Ақмола облысындағы кейбір бастамалар мен жобаларға назар аударғым келеді. Өздеріңіз білесіздер, мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Бұл – кәсіптік және техникалық білім беру саласын жаңғыртуға және жұмысшы мамандардың қоғамдағы беделін арттыруға арналған маңызды шешім, – деді Президент.

Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстары:

2022 жылы – Ұлытауда;

2023 жылы – Түркістанда;

2024 жылы – Атырауда өтті.

2025 жылғы Ұлттық құрылтай Бурабайда өтіп жатыр.