Current Date: 14-03-2025

Астанадан Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолы салынады

Сондай-ақ, Алматы қаласында және Қостанай облысында автокөлік зауыттары ашылады.

Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысы басталады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында айтты.

"Осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді. Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба", – деді мемлекет басшысы.

Президент Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн екенін де айтты.

"Бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады. Сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Елімізде машина жасау, металлургия, мұнай-химия, агроөнеркәсіп және көлік-логистика салаларында мұндай жобалар аз емес", – деді президент.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, Алматы қаласында және Қостанай облысында автокөлік зауыттары ашылатынын да сүйіншіледі.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қазақстанда бір емес, үш атом электр стансасын салу қажет