Current Date: 16-03-2025

Елімізде табиғи сипаттағы ТЖ кезіндегі шаруаларға келтірілген зиянды өтеу ережесі жаңартылды

Ауыл шаруашылығы министрі 2025 жылғы 27 ақпандағы бұйрықпен жаңа редакцияда ауыл шаруашылығы саласындағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеу қағидаларын бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ауыл шаруашылығы саласында табиғи сипаттағы төтенше жағдай нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың ауыл шаруашылығы саласында табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарын жоюға көзделген біржолғы бюджет қаражаты есебінен және/немесе ұйымдардың, азаматтардың ерікті жарналарының, қорлар мен қоғамдық бірлестіктердің, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер (бюджеттен тыс қаражат) есебінен жүзеге асырылады.

Табиғи сипаттағы төтенше жағдай туындаған сәтте сақтандыру объектісі (бұдан әрі – сақтандырылған мүлік) болып табылатын жеке және заңды тұлғаның мүлкіне қолданылмайды. Сақтандырылған мүлік Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен сақтандырушының қаражаты есебінен өтелуге тиіс.

Өсімдік шаруашылығы саласындағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеу тәртібі

Табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған кезде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының, ішкі істер органдарының (келісу бойынша), қоғамдық ұйымдардың, "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері және жергілікті қоғамдастықтар өкілдерінің қатарынан комиссия (бұдан әрі – өсімдік шаруашылығы саласындағы комиссия) құрады.

Өсімдік шаруашылығы саласындағы комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрайды, жеті адамнан аспайды.

Залалдың өтелетін құнының мөлшерін айқындауды өсімдік шаруашылығы саласындағы комиссия жүзеге асырады.Жұмыс органы табиғи сипаттағы төтенше жағдай туындаған кезде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының ресми интернет-ресурсында өсімдік шаруашылығы саласындағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеуге арналған өтінімдерді қабылдау туралы хабарландыруды (хабарландыру) орналастырады.

Өтінімдерді қабылдау табиғи сипаттағы төтенше жағдай туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жүзеге асырылады.

Бұл ретте 2024 жылы бүлінген ауыл шаруашылығы дақылдары үшін келтірілген залалды өтеу туралы өтініштер 2025 жылғы 1 сәуірге дейін қабылданады.

Хабарландыру мынадай мәліметтерді қамтиды:

  • орналасқан жері, почталық мекенжайы, телефон нөмірлері, электрондық почта мекенжайы көрсетілген облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының атауы;
  • құжаттарды қабылдаудың басталған және аяқталған күні мен уақыты;
  • осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген қажетті құжаттардың тізбесі;
  • өсімдік шаруашылығы саласындағы комиссия отырысының өткізілген күні, уақыты және орны.

Табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың нәтижесінде зардап шеккен жеке және заңды тұлғалар осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өсімдік шаруашылығындағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеуге арналған өтінім (залалды өтеу туралы өтінім) береді.

Залалды өтеу туралы өтінімге мыналар қоса беріледі:

  • жер учаскесіне сәйкестендіру құжатының көшірмесі;
  • жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттың көшірмесі;
  • тұқымның сорттық және егістік сапасын растайтын құжаттардың көшірмелері (бүлінген тұқымдарға өтінім беру кезінде қоса беріледі):

аттестатталған тұқым өндірушілерден сатып алынған тұқымдар бойынша:

  • тұқым аттестатының не тұқым куәлігінің көшірмесі;

импорттық тұқымдар бойынша:

  • жөнелтуші елдің құзыретті органы берген тұқымның сорттық және егістік сапасын растайтын құжаттың көшірмесі;

өз өндірісінің тұқымдары бойынша:

  • апробациядан өткізу актісі мен тұқымның кондициялылығы туралы куәліктің не апробациядан өткізу актісі мен тұқымдарды талдау нәтижесінің көшірмесі.

Жер учаскесіне сәйкестендіру, құқық белгілейтін құжаттарды ұсыну мүмкін болмаған жағдайда (табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан немесе табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жою кезеңінде мұндай құжат жоғалған, бүлінген немесе жойылған жағдайларда), жұмыс органы жер учаскесі бойынша деректерді жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесінен алуды дербес жүзеге асырады.Комиссияның жұмыс органы құжаттарды толықтығы тұрғысынан қарайды және одан әрі оларды Комиссияға береді.

Өсімдік шаруашылығы саласындағы комиссия он жұмыс күні ішінде залалды өтеу туралы өтінімде қамтылған деректердің (мәліметтердің) дұрыстығын тексереді, жеке немесе заңды тұлғаның жер учаскелерін қарап-тексеруді, табиғи сипаттағы төтенше жағдай нәтижесінде зардап шеккен ауыл шаруашылығы дақылдарының егістерін, тұқым сақтау орындарын зерттеп-қарауды жүзеге асырады.

Бүлінген тұқымдар үшін залалды өтеу туралы өтінімдерді қарау кезінде өсімдік шаруашылығы саласындағы комиссия мүшелері тұқымдарды есепке алу журналынан, сондай-ақ байқау журналынан деректерді (мәліметтерді) қосымша зерделейді.

Зерттеп-қарау жеке немесе заңды тұлғаның немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес сенімхат негізінде әрекет ететін жеке немесе заңды тұлғаның сенім білдірілген адамының қатысуымен жүзеге асырылады.

Нәтижелері бойынша растайтын фотосуреттер мен бейнематериалдарды міндетті түрде қоса бере отырып, нысан бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдай нәтижесінде зардап шеккен ауыл шаруашылығы дақылдарының егістерін және тұқым сақтау орындарын зерттеп-қарау актісі ресімделеді.

Табиғи сипаттағы төтенше жағдай нәтижесінде жеке немесе заңды тұлғаға келтірілген залалды мамандандырылған егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен келісілген ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің технологиялық картасына сәйкес 1 (бір) гектарға нақты ауыл шаруашылығы дақылын өсіруге жұмсалған шығындарға қарай, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Стартегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы қалыптастыратын ресми статистикалық ақпараттың деректеріне сәйкес тауарлық астықтың ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлері бөлінісінде ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымдарының нарықтық құны негізінде өсімдік шаруашылығы саласындағы комиссия айқындайды.

Егер жеке немесе заңды тұлға субсидия алушы болып табылса (басым дақылдар, оның ішінде көпжылдық екпелер өндірісін дамыту; тұқым шаруашылығын дамыту; тыңайтқыштардың (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) құнын арзандату; саны зияндылықтың экономикалық шегінен жоғары зиянды және аса қауіпті зиянды организмдерге және карантиндік объектілерге қарсы өңдеуді жүргізуге арналған пестицидтердің, биоагенттердің (энтомофагтардың) құнын арзандату; ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру жөніндегі көрсетілетін қызметтердің құнын арзандату), онда залалдың мөлшері алынған субсидия сомасын шегеру арқылы айқындалады.

Құжаттың толық мәтінімен мына жерден танысуға болады.

Бұйрық 2025 жылғы 5 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді.