Қарағандыда оқу-жаттығу барысында полиция майоры қаза болды. Тәртіп сақшысы жазатайым оқ тиіп, көз жұмған , деп хабарлайды Egemen.kz.
Әзірге оқиғаның мән-жайы туралы ақпарат жоқ. Алайда, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов өзінің ресми парақшасында марқұмның туғандарына көңіл айтып, хабарлама жариялады.
– Оқу-жаттығу іс-шараларын өткізу кезінде болған жазатайым оқиға салдарынан қаза тапқан Қарағанды облысы Полиция департаментінің қызметкері Алдан Әлиевтің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын, – деп жазды еліміздің бас полицейі.
Қарағанды облысы Полиция департаменті де қаза болған әріптесінің туғандарына көңіл айтып, полиция майоры Алдан Әлиев жазатайым оқиға салдарынан көз жұмғанын хабарлады.
– Қарағанды облыстық Полиция департаментінің басшылығы, ардагерлер кеңесі және жеке құрамы, оқу-жаттығу іс-шараларын өткізу кезінде болған жазатайым оқиға салдарынан қаза тапқан, Полиция департаменті Оқу-жаттығу взводының аға инспекторы полиция майоры Әлиев Алдан Жұмажанұлының жақындары мен туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады, – деп жазылған хабарламада.