Current Date: 15-03-2025

Қазақстанда ақшаның мына түрін еш жер қабылдамайды

Бірақ қазақстандықтар оны өткізудің басқа жолын тауыпты.

Қазақстанда көптеген банкнот түрі айналымнан шығарылды. Алайда олар әлі күнге халықтың қолында жүр.

"Қолыма 2000 жылы шығарылған теңге купюралары түсті. Оларды жинап, 2025 жылғы 25 ақпанда банкке апарып, жаңаларына ауыстырып беруді сұрадым. Алайда одан бас тартылды. Бұл бас тарту қаншалықты заңды? Растауды сұраймын", – деп жазды Ұлттық банкке хатында Анатолий Довбня.

Ал, Ерлан Күншуақов үйлену тойы кезінде туыстарының бірі сыйға тартқан бір бума ақшаны өткізе алмай жүргенін айтады.

"Той үстінде туысқаным бір бума ақшаны елге жария тарту етті. "Подделка емес, оригинал!" деді. Шынында солай, белінен банктің мөрі бар қағаз таспамен қыстырылған. Зайыбыммен бірге санап шықтық, 1 миллион теңге екен. Кілең 5 мыңдық судыраған банкноталар. Бірақ ескі болып шықты, 2001 жылғы. Бастапқыда қуанып едік, ипотеканы "жабамыз" деп ойладық. Алайда бірнеше банкті жағалап шықсақ та, ешқайсысы алмады. Ұлттық банктің кассасына кіру қиын екен, жазыла алмадық", – дейді Ерлан.

Дегенмен, ол тіпті Ұлттық банктің кассасына жеткенімен, жігері құм болып, салы суға кетіп оралуы мүмкін. Өйткені халықтан түсіп жатқан сұрақтарға түсініктеме берген Ұлттық банк кезінде өзі шығарған ол ақшаларды енді өзі де алмайтынын жариялады.

"Теңгенің ескі купюраларын айырбастау мүмкіндігіне қатысты мәселелерді қарай келе, келесіні хабарлаймыз. 2006 жылғы 25 шілдедегі "Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының айналыстағы банкноталарын ауыстыру туралы" ҚР Ұлттық банкі басқармасының №68 қаулысы қабылданды. Осы қаулы негізінде 1999 жылы шығарылған 200 және 500 теңге, 2000 жылғы 1 000 және 2 000 теңге, 2001 жылғы 5 000 теңге, 2003 жылғы 10 000 теңге номиналындағы банкноталар үлгісі 2007 жылғы 15 қарашадан бері ақша айналымынан алып тасталды", – деп мәлімдеді Ұлттық банк.

Ұлттық банкті Әнуар Сәйденов (2004-2009) басқарып тұрған тұста қабылданған бұл қаулыға сәйкес, 2006 жылғы 15 қарашадан бастап Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының айналымдағы:

  • 1999 жылғы үлгідегі номиналы 200 теңге;
  • 1999 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңге;
  • 2000 жылғы үлгідегі номиналы 1 000 теңге;
  • 2000 жылғы үлгідегі номиналы 2 000 теңге;
  • 1998 жылғы үлгідегі және 2001 жылғы үлгідегі, оның ішінде мерейтойлық жазбасы бар номиналы 5 000 теңге;
  • 2003 жылғы үлгідегі номиналы 10 000 теңге (бұдан әрі – ескі үлгідегі банкноталар) Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының 2006 жылғы үлгідегі номиналдары 200, 500, 1 000, 2 000, 5 000 және 10 000 теңге болатын банкноталарына (жаңа үлгідегі банкноталарға) ауыстырылды.

"Ескі үлгідегі банкноталардың жаңа үлгідегі банкноталармен қатар айналыс кезеңі 2006 жылғы 15 қарашадан бастап 2007 жылғы 14 қарашаға дейін (қоса алғанда) белгіленсін. 2007 жылғы 15 қарашадан бастап Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында ескі үлгідегі банкноталар айналыстан алынады", – делінген ҚР ҰБ-тың сол қаулысында.

Елдің қолында ескі банкноталардың қомақты көлемде қалып қоюына да мерзімнің тығыздығы ықпал етсе керек.

"Осылайша, аталған банкноталарды қабылдау 2018 жылғы 14 қарашада аяқталды. Ескі банкноталарды жаңаларына ауыстыру мерзімінің аяқталуына байланысты бұл банкноталардың ешқайсысы енді айырбастауға жатпайды", – деп мәлім етті Ұлттық банк.

Монетарлық реттеуші қазақстандықтарға ұлттық валютадағы банкноталарды айырбастау туралы егжей-тегжейлі ақпаратты ҚР ҰБ ресми сайтында, "Басты бет→Функции→Ұлттық валюта→Банкноттар" бөлімінде танысып отыруға кеңес берді.

"ҚР Ұлттық банкі туралы" заңы бойынша Қазақстанда ұлттық валютамыздың банкноталары мен монеттерін айналымға шығару, ауыстыру және алып тастау туралы шешімді тек қана Ұлттық банк қабылдайды.

Айта кету керек, осы ведомствоның тізгінін қолына алған жаңа басшылардың дереу өз қолтаңбасы бар жаңа ақша үлгісін енгізетін "дәстүр" қалыптасқан.

Содан әлгіндегі көптеген ескі банкноталарды ауыстырған 2006 жылғы жаңа үлгідегі банкноталарды Ұлттық банктің келесі төрағасы Данияр Ақышев (2015 жылғы 2 қараша – 2019 жылғы 25 ақпан) айналымнан шығарып тастады.

Демек, 2006 жылы басылған купюралар кездессе де абай болыңыз. Оларды да банктер қабылдамауы мүмкін.

"Ұлттық банк басқармасының 2015 жылғы 28 қарашадағы "Қазақстан Республикасы ұлттық валютасы банкноталарының қатар айналыста болуының кейбір мәселелері туралы" №210 қаулысына сәйкес, 2006 жылғы үлгідегі номиналы 10 000 теңгелік банкноталар 2016 жылғы 4 қазаннан ақша айналымынан алынды! 2021 жылдың 12 маусымынан бастап, 2006 жылы шыққан банкноталарды мерзімсіз айырбастау кезеңі күшіне енгенін еске саламыз. Айналымнан шыққан 2006 жылғы үлгідегі 10 000 теңгелік банкноталарды мерзімі бойынша қандай да бір шектеусіз Ұлттық банктің аумақтық филиалдарында айырбастауға болатынын атап өтеміз", – деп түсіндірді ҚР ҰБ.

Қазақстандықтар 2006 жылға дейін шығарылған банкноталарды да пайдаға жаратудың жолын іздеуде. Мысалы, оларды мамандандырылған сайттар, коллекционерлердің форумдары, тегін хабарландырулар сервистері арқылы естелік, кәдесый ретінде немесе коллекцияға сатуда.

Себебі, қазіргі кезде Ұлттық банк ұлттық валюта банкноттарын қайтадан жаңартуда.

"2003 жылғы үлгідегі, "Әл-Фараби" сериясындағы 10 000 теңге номиналындағы Қазақстанның банкнотасы сатылады. Құны – 85 мың теңге. Жай-күйі – идеалды (пресстелген). Қасбетінде ғұлама ғалым, философ, математик, кемеңгер ойшыл Әл-Фарабидің бейнесі бейнеленген. Артқы фонда қазақтың ұлттық оюлары суреттелген. 4 миллиметрлік "Қазақстан" деген жазуы бар. Артқы бетінде Алатау таулары аясындағы Қар барысы бейнеленген. Бұл – Қазақстанның символы болған қар барысының ҚР банкноттарындағы жалғыз толыққанды бейнесі", – делінген жарнамалардың бірінде.

Жалпы, ҚР ҰБ қазіргі төрағасы Тимур Сүлейменов қол қойған, 2024 жылғы үлгідегі жаңа 10 мың теңгелік банкнотта да осы таудың тағы аңы сақталған. Сондықтан ұлттық валютаның қолданыстан шығарылған ескі купюралары болса, қоқысқа тастауға асықпаңыз. Біреудің коллекциясына жарап қалуы мүмкін.

Бірақ сарапшылар айналымнан алып тасталған ақшаға тауар-қызмет сатып алуға, саудагердің не таксишінің қолына сұға салуға, немесе ақша ұсақтауда қайтарымға-сдачаға беруге болмайтынын ескертеді.

Себебі, төлем құралы мәртебесін жойғандықтан олармен есепайырысуға тырысу жалған банкнотаны таратумен теңестірілуі ықтимал.