Current Date: 04-07-2025

Бунин уайымы мен Абай пайымы

Қолыңа қалам ұстаған балаң шағыңда бәрінен де керегі – талғамыңды тәрбиелеу. Әдебиетті биік мұрат тұтатын әрбір адам үшін жас кезден асыл мен жасықты, жақсы мен жаманды ажырата алудың өзі – үлкен қасиет. Көп нәрсе соған байланысты. Осы жағынан алғанда біз бірінші курс­та жүргенде Әбіш Кекілбаевтың «Лениншіл жасқа» (1970 жыл, 22 қазан) басылған «Бунинмен жолыққанда» деген мақаласы талайлар үшін бөлекше мәнді болды. Шынын айтқанда, бота тірсек бозбала біз тұрмақ, сөз қуып үлгерген талай адам да Бунинді дәл сол мақаладан кейін індете іздей бастаған шығар деп ойлаймыз.

«Мен ең алдымен ақынмын»

Арада аттай қырық сегіз жыл өткенде, 2018 жылдың тамызында Париждегі орыс бейітіне (Сент-Женевьев-де-Буа) барып, Бунинге тағзым еткенімізде есімізге Әбіш ағаның сол мақаласы түсті. Қазақтың қоңыр мұңындай бір тылсым сезімге суарылған дүние ол. «Бунинді оқу – оңаша аллеядағы бейуақ жолығыстай әрі сырлы, әрі мұңлы», деп басталады. «Бунинмен жолыққанда» бастан-аяқ лирикалық проза классигіне деген құрметке, сөз зергеріне деген сүйіспеншілікке, жалпы әдебиетке деген махаббатқа тұнып тұр: «Сырласу... Буниннің табиғаты, Бунин творчествосының табиғаты. Ол өз аузынан шыққан әр сөзді өзімнің ең жақын досыма айтатын жан сырым деп ұғады. Ол тек өзі ұнатқан адамдарды ғана емес, қатты сүйсінген үлбірек қызғалдақ пен уілді тоғайды, қанатынан нұр шашыраған көбелек қанат көңілді албырт жасты, ақ қайыңның ақ сылаң желегін, тап сол желектен айнымайтын кінәратсыз қыз баланың кір жұқпаған көйлегін, кәрілердің сабыры мен жастардың жалынын, – өзі есі қалмай сүйетін күллі табиғат, күллі әлемді жан сырымды жасырмай айтатын жан досым деп есептейді. Ол үшін: бүкіл болмыс пен табиғат – жанындай көріп сүйетін жан досың; жаныңдай көріп сүйетін жан досың – күллі әлем. Сол үшін де күллі әлемнің өзі аңғарған сырын жан досыңа, жан досының өзі аңғарған сыры мен шынын күллі әлемге, барша жамағатқа жасырмай айтады».

Өтеген Күмісбаевтың жазғанына көз салайық:

«Бунин маған оқыған сайын өзгеріп отыратындай көрінеді, нендей сиқырмен тартатынын өзім де біліп болмадым. Түсіндіріп, тереңіне бара алмаспын, мен үшін бұл Бунин шеті де, шегі де жоқ мұхитпен бірдей, кейбір тол­қындарын ғана танитын тәріздімін. Арғы жағы мүлдем көрінбейді, көрсетпейді. Әлгі айта беретін айсбергі осы шығар-ау. Бунинді қай­талап оқыған сайын қайдағы-жайдағы қиял­ға шомыламын, мүлдем бөлектеніп кетем бе, кемпірім: «Сенің басыңды біреу дұға­лап тастаған ба, айқайласам естімейсің» дейді. Иә, қалай естимін, менің бүкіл ой-қия­лымды, жүрегімді Бунин жаулап алған, босана алмаймын, босатпайды... «Жизнь Арсеньеваны», «Господин из Сан-Фран­цис­коны», «Иданы» қайталап оқыған сайын Буниннің және бір бұрын байқамаған бір қырын ашқандай ажарлы әсерленемін. Бунин туралы қаншама тілдерде соншама зерттеулер, еңбектер жазылды, бірақ солар­дың бәрін былай жинап қойып, бір әңгімесін сүзіп шықсам, қырандай қомданып шыға келе­мін. Мен неге Бунинге ғашықпын, соны әлі өзім де білмеймін. Әйтеуір Бунин бір жұм­бақ дүние».

Бунин

Көрдіңіз ғой, екі қаламгердің екеуі де Буниннің прозасын ауызға алған. Негізінде қай-қайсымыз да сөйтеміз. Бунин десе, авторға Нобель сыйлығын алып берген «Арсеньевтің өмірі» романы, «Суходол», «Деревня», «Митяның махаббаты» повестері, «Сан-Францискодан келген мырза», «Жеңіл тыныс», «Антон алмасы», «Күн өтіп кеткендей» әңгімелері сияқты бірінен-бірі өтетін ғажайып прозалық шығармалары ойға оралады. Әйтсе де, Бунин бәрінен бұрын ақын. Оның прозасын әлемге әйгілі еткен басты қасиет – поэтика. «Мен ең алдымен ақын­мын, сосын барып прозаикпін» дегенді «Көр­генің мен көкейдегің хатқа түспесе, көң басып, кебініңмен бірге кетеді, ал жазылып қалса – жан азығы» деп жосылтатын (қазақ­шаға аударған Қалихан ағамыз да қалыспай құлпыртады-ау!) Буниннің өзі де айтқан. Мәселе оның сөз сарайының табалдырығын өлеңмен аттағанында ғана емес. Ақын лирикасы орыс әдебиетінде ойып тұрып орын алатынын әдебиеттануға жанасып кеткен жанның бәрі растайды. Ол өлең жаза бастаған шақ екі ғасырдың айырығы еді. Қалам ұстағанның талайы сол тұста футуризм, акмеизм, символизм сияқты ­алуан-алуан ағымдардың ағынына бір батып, бір шығып жүрген-ді. Ал Бунин жап-жас шағынан-ақ олардың ешқайсысына бетін бір бұрып көрмеді, ол әдебиетте консерватор күйінде қалды, Пушкиннің, Лермонтовтың, Тютчевтің, Феттің классикалық жазу мәнерін жалғастырып әкетті. Әуелде пейзаж лирикасы болып басталған Бунин жырлары бара-бара пейзаждық-философиялық поэзияға ұласты.

Сондай өлеңдерінің біріне Абайдың назары ауған.

Ол өлең – 1888 жылы жазылған «Не пугай меня грозою».

«Қорқытпа мені дауылдан»

Мына жайдың басын ашып алайық. Бунин 1870 жылы туған. Демек бұл кезде жасы он сегізде. Сөйтсе де алдағы өмірдің қандайлық күрделі, қайшылықты болатыны, алдынан неше түрлі сын тосылатыны, оның бәріне де шыдас беру, сөйтіп барып мақсатқа, бақытқа жету қажеттігі жөнінде терең-терең ойға шомады бозбала Бунин. Көктемгі нөсер дауылдан қорықпауға, келер күндердің қиындығынан торықпауға шақырады, қара бұлттың артынан жарқырап күн шығарына сендіреді жас ақын.

Не пугай меня грозою,

Не боюсь я вешних бурь:

После бури над землею

Светит радостней лазурь;

Көптеген жыл бойы бұл өлеңнің түпиесі дәл анықталмай келген. Әуелде белгісіз автордан делінсе, 1933 жылғы басылымда Пушкиннен деп, 1940 жылғы басылымда Лермонтовтан деп көрсетілген. Пушкинге қалай телінгені түсініксіз, ал Лермонтовтың ішкі әле­міне, сөз саптауына жақындығы анық. Буниннің жас кезінде «подражал больше всего Лермонтову, его стихи образовывали душу» деп жазғанын талай әдебиеттанушы келтірген. Оның 1953 жылы Лермонтов жөнінде айтқаны қайран қалдырады. Парижге арнайы бар­ған Георгий Адамовичке «Мен өмір бойы орыстың бірінші ақыны Пушкин деп келген едім. Ал қазір мен біздің бірінші ақынымыз Лермонтов екенін білемін» деген­ екен. Дәл осындай ойын ол кейінірек Марк Алдановқа да айтыпты. Екеуінің де естелігі жарияланған. Біз сөз еткелі отырған өлең де Бунин ұлы ұстаз тұтқан, өмірінің ақтық тұсында Пушкиннен де жоғары қойған Лермонтовтың әсерімен жазылған. Абай да шығармадан Лермонтов рухын танығандықтан жақын тұтып, аударған деп шамалау керек.

Бәлкім, Абай бұл өлеңді Лермонтов өлеңі деп аударған шығар? Әдебиет әлемінде ондай да бола береді. Мысалы, Я.П.Полонскийдің «Сердце» деген бір өлеңі абайсызда М.Ю.Лермонтовтың 1891 жылғы толық шығармалар жинағына еніп кеткен екен. Сөйтіп, «Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы» аталған өлең Абайдың 1909 жылғы тұңғыш басылымының өзінде «Переуодтар» аталған 15-бөлікте Лермонтовтан аударма деп көрсетілген. Сөздің реті келіп тұрғанда кейбір оқырманға таңсық мәлімет ретінде алғашқы кітапта «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» тақырыптарға орайластырылып, «Халық туралы», «Өлең туралы», «Өзі туралы» дегендей «бөліктерге» бөлінгенін еске салу артық болмас. Мысалы, «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Білектей арқасында өрген бұрым» сияқты өлеңдері «Сұлу ұрғашы туралы» бөлігіне біріктірілген.

Аударма бар, кітап жоқ...

Сонымен, жылдар бойы Абай аудар­ған өлеңнің түпнұсқасы Пушкин кітаптарынан да, Лермонтов кітап­тары­нан да таптырмай қояды. Таптырмай қоятыны – Пушкинде де, Лермонтовта да мұндай өлең жоқ. Мұндай өлең Бунинде бар. Бұл мәселенің түйінін тарқатып берген әдебиеттанушы – Есма­ғамбет Ысмайылов. Әуезовтің өзі «Мен сені қазақ әдебиеті ғылымының айнымас, қажымас, жылдар жүрсе арымас жегіндісі – еңбекторысы деймін. Сол үшін сүйемін де бек бағалаймын» деп қадірлеген атақты ғалымымыз. 1945 жы­лғы мерейтойлық басылымның түсінік­темесінде «Қорқытпа мені дауылдан» өлеңі И.А.Буниннің «Не пугай меня грозою» атты жырының шы­ғармашылық еркіндікпен жасалған ­аудармасы деп көрсетілген. Рас, бұл арада бір кілтипан бар. Оған кезінде «Абай и Бунин. Из творческих связей Абая с современной ему русской литературой» деген тамаша мақала жазған Қайым Мұхамедханов алдымен назар аударған. Абай оны Лер­монтов өлеңі деп аударған ба, әлде Бунин өлеңі деп аударған ба? Былайша қарасаңыз, Бунин өлеңі деп аударудың еш қисыны келмейтін сияқты. Аударма жасалған жылы (1893) Буниннің алғашқы кітабының өзі әлі шықпаса, Абай өлеңнің авторын қайдан біледі? Оны қойып, өлеңді қайдан оқиды?

«Есмағамбет Ысмайылов Абай өле­ңін Бунин өлеңімен салыстыра келіп, Буниннің Абай өмірден өткеннен кейін он бір жылдан соң басылған шығармалар жинағына сілтеме жасайды. Оның мұ­нысы дұрыс па? Тым құрыса Абайдың дүние­ден кетуінен үш жыл бұрын жарық көрген «Листопад» жинағына сүйен­се қайтер еді?», деп жазады Қайым Мұхамедханов.

Содан ғалым әрі қарай ізерлей түседі. Буниннің 1887–1891 жылдардағы өлеңдері­нің басы қосылған кітабы («Листопад») 1891 жылы басылған екен. Айтқандай, А.М.Горький «Листопад» шыққан бетте В.Я.Брюсовқа хат жазып, Бунинді «первый поэт наших дней» деп атайды. Абай өлеңді сол жинақтан аударған болар? Уақыты келіп тұр ғой. Уақыты келіп тұрғанымен, ыңғайы келіп тұрмайды екен. Буниннің ол кітабы Мәскеуде де емес, Петербургте де емес, Орелде басылыпты. Орелде басылса несі бар, кітап ол кезде де Ресейдің түкпір-түкпіріне, яғни Семейге де жетпей ме дерсіз? Жоқ, дәл Семейге жетпейді екен. Біріншіден, кітаптың таралымы өте шағын болған, Қайым Мұхамедханов өз мақаласында ол жинақпен Мәскеуде В.И.Ленин атындағы кітапханада микрофильм арқылы ғана таныса алғанын жазады. Екіншіден, Орел қаласында басылған кітаптың ол кезде Семейдегі қоғамдық кітапханаға жетуі мүмкін емес екен. Абай барып жүрген Семей кітапханасы Ресейдің губернияларынан әдебиеттер алдыртып тұрмағаны, кітап қоры тек Мәскеу мен Петербург баспаларынан шыққан кітаптармен толыққаны әлдеқашан дәлелденген. Ал кітапхана жаздыртып алып отырған газет-журналдар саны баршылық. 1897 жылы кітапхананың қамқоршылар қоғамы кеңесінің есебінде Семей кітапханасына келетін газеттер мен журналдардың тізімі көрсетіледі. Тізім жыл­­дан-жылға өсіп отырыпты, мысалы, кітап­­­хананың негізі қаланған 1883 жылы 45 түрлі басылым алса, келесі жылы-ақ оның саны 54 атауға артқан. Солардың ішінде «Неделя» апталығы да бар. Бұл апталықтың «Книжки недели» атты қосым­шасы болыпты. Буниннің «Не пугай меня грозою» атты өлеңі 1888 жылы желтоқсан айында дәл сол «Книжки недели» қосымшасында басылыпты. Демек Абай Бунин өлеңін Бунин өлеңі ретінде аударған және дәл сол «Книжки недели» қосымшасынан аударған. Енді бәрі де орын-орнына түскен сияқты.

Мұны неге айтып отырмыз? Мұны Абайдың Семей қоғамдық кітапха­на­сындағы жеке жинақтар тұрмақ, мерзімді баспасөзді де жіті қадағалап жүргеніне оқырман көңілін аудару үшін айтып отырмыз. Бұл факті Абайдың сол тұста орыс әдебиетінде жылт еткен жаңалыққа дейін назар салғанын, тіпті аты-жөні оқырман қауымға беймәлім авторлардың жазғандарына дейін қарап отырғанын көрсетеді. Абайдың жас қаламгер Иван Буниннің шығармашылығын білуінің, оның өзгеше өрнегін бағалауының өзі ақынның нәзік талғамын тағы таныта түседі.

Қайым Мұхамедханов Бунин өлеңі Абайға қолдан-қолға көшірілген күйі жеткен шығар деген болжамға да жауап тапқан. «Егер әңгіме Пушкиннің «Ескерткіш», Лермонтовтың «Ақын өлімі», Некрасовтың «Ақын мен азамат» сияқты өлеңдері жөнінде болса, мұны түсінер де едік. Бірақ әңгіме әлі тіпті кеңінен таныла қоймаған ақынның бастапқы белестегі өлеңі жөнінде болып тұр ғой», дейді зерттеуші.

Бунин өлеңінің Лермонтов поэзия­сының әсерімен жазылғаны талас тудырмайды. Тәржімеші таңдауының осы жырға түсуінің негізгі себебі де Лермон­тов пен Бунин арасындағы сарындастық сабақтастығында деудің жөні бар. Абай Бунин жырынан да жанына жақындық, ойына ортақтық тапқан.

Өлеңнің басты идеясы – адам ғұмы­рын нөсер дауылы мен жарқыраған күні ас­тасып, алмасып жататын табиғат құбы­лыстарымен салғастыру, тіршілікте күйі­ніш пен сүйініштің, қайғы мен қуаныш­тың қоса қабат жүретінін айта отырып, өмірдің мәні өзгерісте, қозғалыста, жаңаруда, жаңғыруда, тоқыраудың түбі тоқтау деген ойды жеткізу.

Абай түпнұсқаның стилін дәл сақта­ған, образдарды көркем күйде келтірген. Кей жолдарды қуалатып берсек те бұған көз жеткіземіз: Не пугай меня грозою: (Қорқытпа мені дауылдан,)/ Весел гро­хот вешних бурь! (Дүрілдеп тұрса тау мен сай). / После бури над землею (Шатыр­лап тұрған жауыннан) /Светит радостней лазурь, (Жарқылдап тұрса түскен жай).

Аударманың рух дәлдігін Е.Әділға­зынов пен А.Жылқыбаева жасаған жолма-жол кері тәржімесін оқысақ та, («Не пугай меня тем, / Что горы и ущелья грохочут от урагана, / И в проливном ливне / Сверкают падающие молнии. / Ярким голубым шелком, / Знаю, скоро засияют небеса. / Душистые подснежники / Укроют землю своим разноцветьем. / Не пугают меня снег и лёд, / Пугает меня другое. / Бездумно, без дружбы, без счастья / Прошла вся жизнь в суете. / В том печаль моя. / Горестно смотрю на вас, / Словно чужой и пришлый, / Как одинокий странник на чужбине») көре аламыз, төлтума мен телтуманы қатар қойып тұрып, салыстырсақ та сезінеміз.

Кемеңгерлік пен көріпкелдік

Біз енді Абай данышпандығын анық танытатын қасиетке – аудармашы рецепциясына жақындап келе жатырмыз. Аударылған мәтін өзінің түпкілікті әрі толық мағынасына тек рецепция жағдайында, яғни нақтылы аудиторияның қабылдауына, түсінуі мен түйсінуіне қол жеткенде ғана ие болады.­ Мұндай рецепция бөгде мәдениеттің өні­мін оны қабылдаушы мәдениет қайтадан пайымдағанда тіпті күшейе түспекші. Абай осыған қол жеткізген.

Бунин жырында алдағы өмір осылай өтер ме екен деп алағызу басым. Он сегіз жасар жігіт (өлең 1888 жылы жазылғанын айттық) енді он тоғыз жылдан кейін Ресейде революция болатынын, беріле сүйген Отаны ақ-қызылға бөлініп, қақ жарылатынын, өзі елден аластатылатынын, өмірінің соңына дейін эмиграцияда жүріп, сүйегі жат жерде қалатынын білмесе де, жүрегінің ішкі тылсым түйсігімен әлдебір қатерді сезінген сияқты. Кейін солай болды да. «Үйден жалықса Бунин ылғи да Келісім алаңына тартушы еді дейді замандастары. Оның өмірі осы екі аралықта яки Парижден Грасс аймағындағы атақты «Бельведер» вилласына, керісінше, Грасстан Парижге қатынаумен (Келісім алаңына) өтті. Есіл өмірі. 1920 жылы Париждегі Жак Оффенбах көшесінен шағындау үй сатып алады. Бірақ оны үй деп қабылдаған жоқ. Оның үйі Бүкіл Ресей болатын» (Есенғали Раушанов).

Сондықтан қайғы қат-қабат,

Қарап тұрмын сендерге.

Атасы басқа, өзі жат,

Жалғыз жанша жат жерде.

Он сегіз жасар Бунинге осылай дегізген соң, Абайға не айтарсыз! Абайдың айтқаны келді. Бунин қасіреті Есенғали тілімен ­былай өрілген:

Құстың ұясы бар,

Жыртқыштың үңгірі бар,

Менің нём бар, не таптым елден шығып,

Өлексенің кебі бұл өлген шіріп.

Күнде оралам жалға алған пәтеріме,

Көрге кірген секілді көрден шығып.

Қайым Мұхамедхановтың мақала­сындағы «Абай предвосхитил это в своём переводе» деген сөйлемге тіпті айызың қанады. «Жалғыз жанша жат жерде»!.. Орыс­шасын дәлме-дәл келтірсек: «Как оди­­нокий странник на чужбине»... Ке­мең­­герлікпен көмкерілген көріпкелдік пе, бұл не сонда? Абайда жұмбақ жеткі­лікті.

Буниннің жайы солай болғанда Абайдың жөні басқа. Қазақ ақыны бұл өлеңді 43 жасқа келгенде аударып отыр. 1886 жылдың өзінде, яғни жасы қырық бірге жаңа жеткенде «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп жазатын Абай қырықтың үшеуінде, әрине, қай-қайдағы қайғының бәрін ойлаған. Содан да Бунин:

Но страшит меня ненастье:

Горько думать, что пройдёт,

Жизнь без горя и без счастья,

В суете дневных забот,

– деп келешегін уайымдаса, Абай:

Қорқытпайды қар мен мұз,

Өзге нәрсе қорқытты.

Ойсыз, доссыз, бақытсыз,

Жыбырлақпен өмір өтті,

– деп тіршілік туралы толғамын түйеді. Бунин болашақ туралы айтса, Абай болған шақ туралы айтады. Бунин келер шақпен сөйлесе, Абай өткен шақпен сөйлейді. Бунин уайымдайды, Абай пайымдайды. Абайдың «Қорлықпен өткен қу өмір», «Менің де күнім күн емес», «Моласындай бақсының / Жалғыз қал­дым – тап шыным» дегендері Буниннен жа­салған аудармадағы жалғыздықтың дәл өзі еді. Ақын аударманы өзінің көңіл күйін жет­­кізуге пайдаланады, бара-бара төл туындысындай етіп жібереді дегенімізге тағы бір дәлел осы. Бұл арада Абайдың оқырманы­мен соншалықты саналы түрде санасатыны тіпті тәнті етеді. Мәселе мынада: біздің дініміз болашақты болжауды құптамайды, оны құдай ісіне араласудай көреді, бақсы-бал­герді бейіттен бөлек көметіні тағы бар. Пай­ғам­бардың хадисіндегі «... және біреу бір бақсыға бал ашқызып, соның айтқанына нанса, анық кәпір болды» деген сөзді де ұмытпайды Абай.

1970 жылы «Бунинмен жолыққанда» атты мақаласын жазғанда, «Москва» журналында «Арсеньевтің өмірі» романы жария­ланған тұста отыздан жаңа асқан жас жазушы, оның үстіне қанша дегенмен әдеби периферия саналатын Алматыда тұратын Әбіш Кекілбаев Буниннің Қазан төңкерісі туралы «Қарғыс атқан күндер» деген кітап жазғанын біле де қоймаған шығар, бәлкім. Ай, бірақ Әбіштің білмейтіні болушы ма еді?! Ал ұзынқұлақтан біле тұра (ол кезде интеллигенция арасында «Свобода» радиосын түнделетіп тыңдау, кітаптың қара базарында диссиденттік әдебиетті репринттік әдіспен таратып оқу кәдімгідей қалыпты жайға айналған): «Бунин өзі өскен ортадағы, өз тұсындағы әлеуметтік өмірдегі өзі таныған құбылыстардан ешқашан зұлымдықтың сөзін сөйлеген жері жоқ, әрдайым ізгіліктің сөзін сөй­леді. Ізгілікті суреткерге тән батырлық, талаптылықпен қорғады» деп жазса, сөз жоқ, батылдығы. Сол тұста сөз ұғатын жұрт жас Әбіштің: «Буниннің революция тұсындағы әрекеттері осындай рухани трагедия еді... Оның бұл трагедиясын өз елі, өз халқы таныды, бірақ табалаған жоқ. Өйткені Буниннің халқы алдындағы адал еткен еңбегі әлгіндей аяқ алдыруларынан әлдеқайда ұлы, әлдеқайда аяулы» деген сөзінің астарын да дәл ұққан болатын. Дәл ұғатын себебі – ол кеңестік билікті жақтай қоймағаны, мақтай қоймағаны үшін ғана, қазағының, туған халқының қамын ойлап, сөз айтқаны үшін ғана атылып, асылып кеткен Алаш арыстарының кітаптары жарық көрмек тұрмақ, олардың аттарын да атауға тыйым салынған кез еді. Әбіш сөзін пай­даланып айтсақ, қазақтың өзінің асыл ұл­дарын танымай тұрып табалап жатқан жылдары болатын. Ал сол тұста Мәскеу Ресейді енді желкемнің шұқыры көрсін деп кеткен Шаляпиннің мүрдесін отанына алып келіп, орыс халқына алғашқы Нобель сыйлығын алып берген Буниннің кітаптарын жариялап жатқан еді. Кекілбаев мақаласы талант­ты жақтаудың, ақтаудың, сақтаудың, бап­тау­дың қандайлық қажеттігін тамаша ­танытады.

Өлеңнің соңын өзінің көңіл күйіне келтіріп, торығу сарынына салып барып бітіргенімен, Абай Бунин жырындағы оптимизмді де сақтай алған.

После бури, молодея,

В блеске новой красоты,

Ароматней и пышнее

Распускаются цветы!

Аудармасы:

Көк торғындай аспан-көк,

Білемін, жайнап ашылар.

Иісі аңқыған бәйшешек

Түрленіп жерді жасырар.

Бұл шумақ отыз жетінші қара сөз­дегі «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қай­ратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қа­ла­ды дейсің? Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» деген оймен әбден-ақ орайласып тұр ғой.

Қақаған қаңтардан кейін, міне, шыжы­ған шілде шығып жатқан жоқ па!

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты