Таяу Шығыстағы тұрақсыздық әлемдік мұнай нарығын әлі де тығырықта ұстап отыр. Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың бәсеңдегеніне қарамастан, бұл жағдай мұнай бағасының тұрақтануына жол бермей, тұрақсыз деңгейде ұстап тұр, деп хабарлайды Zakon.kz.
16-17 маусым күндері Brent маркалы мұнай котировкалары қатты құбылмалы болды: Иран мен Израиль арасындағы шиеленістің бәсеңдеуі күтілген шақта баға 70 доллардан төмен түсіп кетсе, зымыран соққылары қайта басталғанда қайтадан 75 долларға көтерілді. Бүгін, Астана уақыты бойынша сағат 11:00-де бір баррель мұнайдың фьючерстік бағасы 73,54 доллар болды.
Аналитик Николай Дудченконың пікірінше, мұнай бағасының күрт өсуіне кедергі болып тұрған негізгі себеп – мұнай тасымалы жолдарына нақты және тікелей қауіптің болмауы.
"Қазіргі әскери қимылдар котировкаларға айтарлықтай әсер етуге жеткіліксіз, себебі Иранның негізгі экспорттық мұнай хабы саналатын Харк аралына әзірге ешқандай соққы жасалмаған", – дейді Дудченко.
Ормуз бұғазын жабу туралы мәлімдемелер әзірге тек қоқан-лоққы деңгейінде қалып отыр. 15 маусым күні бұғаз арқылы өткен танкерлер саны 111 болса, бұл көрсеткіш бірнеше күн бұрын – 116 болған. Яғни қозғалыс дерлік қалыпты жағдайда.
Бағыттарға кедергі келтіру әрекеттері байқалғанымен, кемелер қозғалысы тоқтаған жоқ.
Қазақстандық экономист Андрей Чеботарев жағдайды күрделендіретін бірнеше дерек келтірді. Оның айтуынша, ОПЕК+ ұйымына мүше елдер мамыр айында мұнай өндіруді тәулігіне 200 мың баррельге арттырған – бұл көрсеткіш 35,73 млн б/с. Алайда бұл жоспардан 50 мың б/с төмен. Сауд Арабиясының есебінен (+177 мың б/с) ОПЕК елдері өндірісті 205 мың б/с өсірген.
"Бұған қоса, Таяу Шығысқа баратын мұнай танкерлерінің иелері қауіп-қатердің артуына байланысты рейстерден бас тарта бастады. Бұл өз кезегінде Таяу Шығыс – Қытай бағытындағы фрахт бағасының 20-30%-ға өсуіне алып келді", – дейді Чеботарев.
Ормуз бұғазы жабылса не болады?
Мұнай сарапшыларының ортақ болжамына сәйкес, егер Ормуз бұғазы толықтай жабылса, мұнай бағасы 100-120 долларға дейін көтерілуі мүмкін.
Түркиялық Hürriyet басылымы бағаның одан да жоғары – 120-130 долларға жетуін болжап отыр. Себебі бұл бұғаз арқылы әлемдік мұнай тасымалының 20%-ы, ал Иран, Сауд Арабиясы мен БАӘ-нің мұнай-газ саудасының 80%-ы өтеді.
Алайда, егер алдағы айда қақтығыс бәсеңдейтін болса, мұнай бағасы қалыпты деңгейге қайта оралуы ықтимал. Инвестициялық компанияның аға трейдері Ерғазы Таубаевтың айтуынша, 2024 жылдың күзінде де осындай жағдай болған: мұнай бағасы бір аптада 12%-ға өсіп, 80 долларға жеткен, бірақ үш аптада қайтадан төмендеген.
"Бірақ мұнай бағасының 65 доллардан төмен түсуі екіталай, өйткені тасымалдаушылар мен сақтандыру компаниялары жеткізу құнын едәуір көтеріп жіберді", – дейді Таубаев.
Ең алаңдатарлық сценарий
Ирак Сыртқы істер министрі Фуад Хусейн бұдан да күрделі болжам жасады: егер Таяу Шығыста жағдай ушығатын болса, мұнай бағасы 200-300 долларға дейін шарықтауы мүмкін. Кей сарапшылар мұны шындыққа жанаспайды деп есептесе де, кейбіреулер бұл сценарийді шындап қарастырып отыр.
Сондай-ақ, аралық сценарий де мүмкін – мұнда нарық қатысушылары (тасымалдаушылар, сақтандырушылар және т.б.) Таяу Шығыстан мұнай тасымалдаудан өз еркімен бас тартып немесе құнын күрт өсіруі ықтимал.
Қазақстан: мүмкіндіктер мен қауіптер
Қазақстан үшін мұнай бағасының өсуі тікелей оң әсер береді (алайда қысқа мерзімде). Бұл мемлекеттік бюджет кірісін арттырады, теңгені нығайтады және сауда балансына оң әсер етеді. Сонымен қатар, инфрақұрылымға инвестиция тартуға және Ұлттық қорды толықтыруға мүмкіндік ашады.
2025 жылғы бюджетте мұнай бағасы 75 доллар деңгейінде жоспарланған. Қазіргі өсім Қазақстан үшін бюджет жоспарын орындауға қолайлы жағдай туғызып отыр.