Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия – Қытай" форматы бойынша 2026–2030 жылдарға арналған ұзақмерзімді стратегияны әзірлеуді ұсынған болатын. Осыған байланысты, қазақстандық саясаттанушы Эдуард Полетаев екі ел арасындағы болашақ ынтымақтастықтың перспективаларына баға берді.
– Эдуард Эдуардұлы, саммит барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерімен жан-жақты әріптестікке ұмтылуы үшін Си Цзиньпинге алғыс білдірді. Бұл қандай түрде көрініс табуда?
– Қытайдың партиялық көшбасшыларының бесінші буынының өкілі ретінде Си Цзиньпин Орталық Азиямен қарым-қатынасқа айрықша мән береді. Бұл оның билікке келген алғашқы күндерінен-ақ байқалды. Ол он жылдан астам уақыт бұрын ҚХР төрағасы болып сайланды. Оның ойынша, біздің өңір – стратегиялық қиылыс нүктесі, яғни шығыс, батыс, солтүстік пен оңтүстікті байланыстыратын аймақ. "Бір белдеу – бір жол" бастамасын да ол кездейсоқ емес, дәл Астанада, 2013 жылы алғаш рет жариялады. Бұл – оның Орталық Азияға жасаған алғашқы сапары кезінде айтылды. Сол кезде ол аймақ елдерімен достық және әріптестік қарым-қатынасты дамыту Қытайдың сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі екенін мәлімдеді. Бұл өңірге ол сегіз рет келсе, оның алтауы – Қазақстанға. Ынтымақтастық тек екіжақты деңгейде емес, ШЫҰ, АӨСШК сияқты алаңдарда да жүзеге асырылуда – бұл да Қытайдың Орталық Азиямен байланыс орнатуға деген ұмтылысының дәлелі.
– Бұл саммит Қытаймен өңірлік әріптестікті нығайтуда қандай рөл атқарды?
– С5+1 форматын Қытай ғана емес, өзге де елдер – Ресей, АҚШ, Еуропалық Одақ, Парсы шығанағы елдері де қолдануда. Бұл формат өте ыңғайлы, өйткені бес елдің басшыларымен бірден кездесу, мәселені талқылау мүмкіндігі бар. Қытай бұл бастамамен 2020 жылы шықты – сол кезде пандемия басталып, Қытай байланыстарды шектеген болатын. Сыртқы істер министрлерінің кездесулері бейнебайланыс арқылы өтті. Егер COVID-19 болмағанда, бәлкім, қазір екінші емес, үшінші саммит өтетін еді. Бірінші саммит Сианьда өтті, екі жылда бір рет кездесу туралы уағдаластық бар. Алғашқысы Қытайда, екіншісі Астанада, үшіншісі қайтадан Қытайда өтеді. Жұмыс тек мемлекет басшылары деңгейінде емес, министрлер деңгейінде де жүргізіледі. Бұл – дипломатия. Тиісті ведомстволар басым бағыттар бойынша жұмыс істейді.
– Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинді ұлы мемлекет қайраткері деп бірнеше рет атаған. Бұл пікірмен келісесіз бе?
– Ұлы мемлекет қайраткері дегенге келсек – бұл толықтай дұрыс анықтама. Тоқаев Си Цзиньпинді дәл сипаттады. Бұл тек құрмет белгісі немесе қонаққа айтылған қошемет емес. Мемлекет қайраткері – бұл жай ғана жоғары лауазымды тұлға емес, елдің әртүрлі салаларда позициясын нығайтқан, стратегиялық ойлауға қабілетті, қысқа мерзімді саяси ұпайларға назар аудармай, елдің болашағын болжай алатын тұлға. Ұлы саясаткер ел ішінде де, халықаралық аренада да мемлекеттің орны мен өмір сүру деңгейін арттыра алатын адам.
Қазір Қытайдың басты үш бағыты бар: экономика, саясат және мәдениет. Экономика жағынан – әлемдегі жетекші елдердің бірі, әрі жаһандық үрдістерге әсер етуге ұмтылады. Си Цзиньпиннің барлық сөзінде қауіп емес, өзара даму мүмкіндігі баса айтылады. Қытай диалог пен ынтымақтастықты құптайды, мұның бәрі – ортақ пайда принципіне негізделген. "Ортақ тағдыр қоғамдастығы" идеясы – қытайлық саяси дискурста жиі кездесетін ұғым.
Осы саммиттегі Си Цзиньпиннің сөзін талдайтын болсақ, ол Қытай мен Орталық Азияның ортақ рухы туралы айтты. Қытай саясатында символизм де маңызды рөл атқарады. Сианьда өткен алғашқы саммит кезінде көшбасшылар бірге еккен алты анар ағашын еске түсірді – екі жыл өтті, олар жайқалып гүлдеді. Бұл – ынтымақтастықтың жоғары қарқынының айғағы. Си Цзиньпиннің ұстанымы өзара құрмет, теңдік, сенім, бірлескен даму, бір-бірін қолдау және әр елдің өз ерекшелігіне сай даму жолын таңдауға құқығын қорғау сияқты қағидаттарға негізделген.
Қытайда нақты әрі қатаң жазылған бағдарламалар жоқ. Тіпті "Бір белдеу – бір жол" да нақты бекітілген емес – ол түрлі елдерді қамтиды. Мұндай бейімделу қытайлық бастамалардың икемді болуына мүмкіндік береді. Қытаймен жұмыс істеу – көршілес елдер үшін өте ыңғайлы. С5+1 форматы – бұл қандай да бір одақ емес, міндеттемелер мен егемендікке нұқсан келтірмейді. Бұл – әмбебап формат, және қазіргі заманда бұл елдер арасындағы даму деңгейін көрсететін тиімді платформа.
– ҚХР басшысының сапары мен саммитке халықаралық қауымдастықтың назары ауды ма?
– Әрине, мұндай деңгейдегі саясаткердің сапары шетелдік БАҚ назарында болды. Бұл – тіркелген журналистердің санына қарап-ақ түсінікті. Дегенмен, саммиттің күн тәртібі негізінен аймақтық сипатта болды. Егер жаһандық мәселелер, қақтығыстар немесе соғыстар туралы мәлімдемелер болса, бәлкім, халықаралық резонанс көбірек болар еді. Бірақ мемлекет басшылары өз елдерінің мәселелеріне баса назар аударды.
Си Цзиньпиннің саяси мәнерін ескерсек, оның сөзінен әлемдік тәртіпті өзгертетін резонанс туындауы екіталай. Алайда өңірлік ынтымақтастықты нығайту жағынан барлық айтылғандар тұрақты даму үшін пайдалы болды. Қорытынды декларация қабылданды. 2026 жыл – Білім және ғылым жылы болып жарияланды, бұл – Тоқаевтың бастамасы.
Басқа мемлекеттер де өздеріне қажетті тұстарды атап өтті.
– Қазақстан мен Қытайдың өзара қарым-қатынасы қандай сипатта?
– Екіжақты ынтымақтастық объективті факторларға байланысты: ең алдымен географиялық жақындық, жақсы саяси көршілік қатынас. Бұл қатынастар жан-жақты сипатқа ие және өңірлік бейбітшілік пен тұрақтылық үшін маңызды. Қазіргі таңда тауар айналымы шамамен 44 млрд долларды құрайды. Бұл көрсеткішті ұлғайту – мақсаттардың бірі.
Бірлескен кәсіпорындар бар, инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Мұнда сандық көрсеткіштен бұрын, сапаның жоғары болуы маңызды. Аймақтың дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобалар бар. Мысалы, Қытай – Қазақстан мұнай құбыры, Қытай – Орталық Азия газ құбыры – бұл тиімді әріптестіктің үлгісі. Сондай-ақ, инфрақұрылымдық жобалар – теміржол, автожол құрылысы – бұған Қытай белсенді қатысады. Байланыстылық жаңа деңгейге шықты. Қазір – цифрлық экономика, "жасыл" трансформация уақыты. Бұл да ынтымақтастық салаларын кеңейтуде.
Сонымен қатар туризм дамуда. Қытай, Қазақстан және Өзбекстан арасында визасыз режим орнады. Көптеген әуе рейстері ашылып жатыр. Бұл – мемлекеттердің жақындасуының нақты айғағы.
– Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия – Қытай" форматында 2026–2030 жылдарға арналған ұзақмерзімді стратегия әзірлеудің маңыздылығын атап өтті. Сіз бұл тұрғыдағы перспективаларды қалай бағалайсыз?
– Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың болашағы өте жарқын. Бұл байланыс тек инвестиция, экономика және энергетикалық әлеуетпен ғана емес, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықпен де байланысты. Менің ойымша, осы салада ынтымақтастықты одан әрі кеңейту және нығайту қажет.
Бұл тұрғыда білім беру жобалары бойынша жұмыс өте маңызды. Аймақтарда қытайлық жоғары оқу орындарының филиалдары, мәдени орталықтар, Конфуций орталықтары ашылып жатыр. Қазақстанда Қытай жылы мен Қытайда Қазақстан жылы, түрлі өнер фестивальдері өтуде. Жақында Қытайда "Менің Алтайым" атты телехикая түсірілді, ол өте жоғары касса жинап, ондаған миллион көрермен жинады. Бұл сериалды, менің білуімше, қазақ тіліне де аударған. Онда Қытайдың Алтай өңірінде өмір сүретін қазақ халқының тағдыры мен өмірі баяндалады. Мұндай жобалар елдер арасындағы байланысты нығайта түседі. Мәдени ынтымақтастықтың маңызды бір белгісі – Алматы мен Шанхай қалаларының бауырлас қалалар ретінде танылуы.
Қазір қарым-қатынас жаңа серпінге ие. Көпғасырлық достық тарих соңғы 30 жылда, Орталық Азия елдері тәуелсіздік алғаннан кейін, мүлде жаңа форматта дамып жатыр. Қазіргі күрделі халықаралық жағдайда елдерге ең дұрыс жол – алға қарай жылжу. Бұл орайда даму тек саясат, экономика және мәдениет салаларымен шектелмеуі тиіс. Терроризммен, ұйымдасқан қылмыспен күрес және қауіпсіздік мәселелері де өте маңызды.
Биылғы жылы Қытай мен біздің өңір үшін ортақ тарихи мәні бар оқиғалар көп. Мысалы, елдер Жеңістің 80 жылдығын бірлесіп атап өтті. Алда БҰҰ-ның 80 жылдығы келе жатыр – бұл да Қытай үшін маңызды, себебі ҚХР – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі, оның ұстанымдары айрықша мәнге ие.
"Орталық Азия – Қытай" стратегиясы нақты көрсеткіштермен әзірленуі тиіс. Онда тек жалпылама мақсаттар емес, нақтыланған, санмен не нақты жетістіктермен өрнектелген міндеттер болуы қажет. Менің ойымша, өзара ынтымақтастықтың болашағы стратегияның әрбір сөйлемінен сезіліп тұратын болады. Өйткені дәл қазір Қытай мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынастың шарықтау шегі байқалуда. Осы динамика аясында саяси және дипломатиялық тіл де жаңа реңк алып, көптеген құжаттарда алдағы өзара әрекеттестік бұрынғыдан да нақты және тиімді сипатқа ие болады деп ойлаймын.