Қазіргі күні мерзімді БАҚ-та ірілі-ұсақты мәселе көп.
Соңғы жылдары газет-журналдарға қан көрген құзғындай шүйлігетіндер саны азаймай тұр.
Осы орайда inbusiness.kz сайтының тілшісі белгілі жазушы, журналист Оралхан Дәуітті әңгімеге тартып, ақпарат саласындағы кейбір мәселелер туралы сұрады. "БАҚ саласының күнгей жақтары мен жақсы тұстарын айтып шыға салсам да болар еді" деген ол "айғайлайтын жерде ауыз ашпау – айып" екенін ұғынып, төртінші биліктің осы кездегі түйткілдерін түгел тізбелеп шықты.
– Ақпарат саласында шешім қабылдайтын, отандық БАҚ-тың проблемасын ашық айтып, нақты қадам жасайтын сәтке тірелген сияқтымыз.
Басылымдардың басты проблемасы – баспасөзге жазылу мәселесі. Бұл – әбден айта-айта әбден жауыр болған мәселе. Иә, соңғы жылдары барлық өңірде газет-журналдарға жазылу науқаны бірте-бірте бәсеңдеп келеді.
Баспасөзге жазылу мәселесінде етектен тартып тұрған басты мәселенің бірі – пошта қызметінің нашарлығы екені айтылып жүр. Аудан, ауылдар түгілі, облыс орталығының өзінде газет-журналдар жазылушыға 2-3 күн кешігіп жетеді. Бір кездегі пошта желісінің барлығы дерлік күйреген. Ал ауылдарда екі аптада, тіпті айына бір рет жинап алатындар бар. Осы мәселе оқырманның газетке жазылуға деген құлшынысын төмендетіп тұр. Осы сылбырлығына қарамастан, пошта мекемесі газет құнының 40 пайызын қалтасына басады, – деп ашынады ол.
Жамбыл облыстық "Ақ жол" газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт басылымға жазылушылар қатарының азаюының түрлі себебі бар екенін жасырмайды. Оның ең бастысы, қазіргі оқырман ақпаратқа зәру болмай отыр. Бір ғана телефон арқылы жер-жаһанның жаңалығын тез арада оқып-білуде.
– Ақпарат саласының тағы бір мәселесі – кадр тапшылығы. Қазір іргелі оқу орындарының барлығы дерлік, журналист мамандығын дайындайтын болса да, редакциялар тілші мамандығына қатты зәру. Жоғарғы оқу орнын бітіре салып, журналист дипломымен редакцияға келіп жұмысқа орналасып жатқандар өте сирек. Ал аудандық газеттерге дипломмен келетін жастар толқыны тіптен тоқтаған десе де болады.
Осыдан кейін облыстық газеттердің өзі қолынан жазу келеді-ау деген басқа саланың мамандарын жұмысқа қабылдауға мәжбүр. Есесіне, жасыратыны жоқ, зерттеу жүргізіп, ізденіп сараптама жазатын, оқырманды баурап алатын ерекше стильмен қалам сілтейтін журналистер қатары күрт азайды. Тілшілер көбіне ақпарат жазуға ғана маманданып алған. Журналистің деңгейі оның ізденуіне, талаптануына байланысты жоғарылай беретіні анық. Бірақ бүгінде газетке келген кейінгі толқынның көбі "Жиналыс өтті, анау сөйледі, мынау сөйледі, соңында түгенше қорытындылады" дегеннен аса алмай жатқаны жасырын емес, – дейді баспасөз жанашыры.
Сол себепті, журналистикадағы кадр мәселесін редакция, әкімшілік және оқу орындары бірлесіп шешуі керек екенін ашық айтып отыр. Әйтпесе, бірнеше жылдан кейін редакцияларда тіптен тілші қалмайтын түрі бар.
– Әрине, біз баспасөзге жазылу мәселесінде көбіне оқырманды кінәлаймыз. "Газет оқымайды" деп сөгеміз. Бірақ біз оқырманның көңілінен шығатын газет шығарып жүрміз бе? Басылымдардың тәуелсізі де, тәуелсіз емесі де оқырман тартудың, оқырманды қызықтырудың бар амалын жасап келе жатқаны рас. Алайда БАҚ саласындағы мемлекеттік тапсырыс ісіне өзгеріс, реформа жасамаса мемлекеттік ақпарат құралдары жұрт іздеп жүріп оқитын газет шығара алмасы анық. Оқырманның да обалы бар. "Әкім анда барды, мында барды, пәлен жиналыс өткізді, түгеншелермен кездесті" деген ақпараттармен беттерді толтырумен оқырманды баурап ала алмайсың. Ал ондай ақпараттарды бермесең, мемлекеттік тапсырысты орындай алмасың тағы белгілі.
Жасыратыны жоқ, мемтапсырыстың тақырыптары оқырман үшін қызықсыз. Көбіне ресми, мемлекеттік саясатты насихаттайтын, тапсырыспен жазылатын тақырыптар. Осыдан кейін газет беттерінде қызықты мақалаларға орын аз қалуда. Беттері мемтапсырыспен толған газеттен оқырманның жүрегі айниды. Енді бюджеттік газет-журналдардың алдағы бес-он жылдағы тіршілігі қалай болады? – деп сұрақ қоюға мәжбүр Оралхан Дәуіт.
БАҚ мәселесіне жанашырлық танытып жүрген маман еліміздің ақпарат және мәдениет министрлігі, жергілікті әкімшілік, ішкі саясат не қоғамдық даму басқармалары осы мәселеге байланысты нақты анализ жасауы керек деп есептейді. Тіпті, бір тұжырымдама бекітсе де артық емес.
– Жалпы, алдағы уақытта бізге газеттің тиражын көбейткен дұрыс па, жоқ әлде сайттарды жандандыруға күш салып, газет журналистерін біртіндеп сайттарға ауыстыра бастау қажет пе? Тиражды көбейтудің қандай жолдары бар? Шынында газеттер мәселесін бір жағына шығаратын кез келді. Егер біздің мемлекет газеттер керек деп тапса, онда барлық жағынан, әсіресе тираж жинау жағынан қолдау көрсету қажет. Егер газеттерден құтылу керек, бірте бірте сайттарға ауыстыру керек десе, онда жоспарлы түрде нақты іске кірісу қажет. Міне, осы тірліктің іске асырылатын уақыты, кезеңі, жылы тұжырымдамада нақты көрсетілуі керек. Газет-журналдарды электронды түрде жаздыру мәселесі де оқырманның қолдауына ие болмай тұр. Оқырмандар үшін ұялы телефонға үңіліп, пдф форматты оқу қызық емес.
Қалай айтсақ та, ақпарат саласы түбегейлі өзгеруі қажет. Газеттер сараптама мақалаларға көбірек орын беруі керек. Өйткені, газет-журналдар ақпарат тарату жағынан бәрібір сайттарға, әлеуметтік желілерге ілесе алмайды, – деп сөзін қорытындылады ол.
Жазушы, журналист Оралхан Дәуіт өз сөзінде аудандық, облыстық газеттерді жекешелендіру ісі мемлекетке ешқандай пайда әкелмейтінін айтады. Себебі, дәл осы оңтайландырудан соң мемлекеттік саясатты насихаттау ісі әлсіреп, өңірлік БАҚ-тың болашағына қауіп те төнген. Қалай десек те, БАҚ саласына, мерзімді басылымдарға жанашыр көзқарас керек-ақ. Ал, мерзімді басылымдарды мемлекет шын мәнінде керек етсе, сол жаққа да бір көз қырын салып қоюуы қажет.