«Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Айна Задабектің Egemen Qazaqstan газетінде «Жасанды интеллект және журналистика» атты мақаласы жарық көрді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай мінберінен озық цифрлық тәсілдер мен жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына жаппай енгізу арқылы еліміз нақты прогреске қол жеткізетінін айтты. Бұл үрдіс ақпарат саласының дамуына әсер етеді, оның ішінде медиа өндіріс сапасын жақсартады. Алайда журналистикада жасанды интеллект құралдарын пайдалану енді ғана басталып жатыр. Кеш қамданып жатқан жоқпыз ба? Әлде «GhatGPT» немесе «Grok» чатын пайдаланып жазған мақаланы, генерацияланған суреттерді әлі де мойындамаймыз ба? Қалай дегенде күмәнданатын емес, қолданатын уақыт жетті.
Қазіргі таңда төртінші өнеркәсіптік революция барлық салаға айтарлықтай өзгеріс әкеліп отыр. Бұрынғымен салыстырғанда, төртінші өнеркәсіптік революция экспоненциалды (жылдамдатылған) қарқынмен дамып келеді. Клаус Швабтың тұжырымдамасына сәйкес, цифрлық революция барысында адамның қолымен жасалатын көптеген әрекетті технология жүзеге асырады. Оның айтуынша, технологиялық үдерістер көптеген мамандықтың жоғалуына себеп болады. Бүгінде бұл өзгерістердің куәсі болып отырмыз.
Заманауи технологиялар, яғни роботтану журналистика саласын да айналып өткен жоқ. Жасанды интеллект (ЖИ) арқылы ақпарат саласы да қарқынды түрде автоматтандыруға көшті. Дегенмен журналистиканы жасанды интеллекті қаншалықты алмастыра алады? Осы орайда ЖИ-дің журналистикадағы кейбір мамандықтарды алмастыра бастағаны айтылып жүр. Мысал ретінде соның бірқатарына тоқталып өтейік.
Контент жасаушы, былайша айтқанда, жаңалық жазушылар. Енді осының орнына қысқа жаңалықтарды, спорт нәтижелерін, ауа райы болжамдарын, қаржылық есептерді ЖИ өзі жасап береді.
Аудармашы-журналистер. «Google Translate», «DeepL», «OpenAI» секілді ЖИ-дің аударма модельдері барған сайын дамып келеді. Өзіміздің Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының «Soyle App» сияқты қосымшалары орыс тілінен қазақ тіліне немесе керісінше өте тез әрі сауатты аударып бере алады. Бұл қосымшаны қазір мемлекеттік органдардың біразы пайдалана бастады.
Репортерлер және аналитикалық шолу жасаушылар. Деректерге негізделген материалдарды ЖИ талдап, қысқа әрі түсінікті форматта ұсына алады. Әсіресе спорттық шолулар, экономикалық есептер және қаржылық жаңалықтар саласында автоматтандырылған жүйелер адам күшін алмастырады.
Грамматикалық редакторлар немесе корректорлар. Грамматикалық, орфографиялық және стилистикалық түзетулерді ЖИ тәп-тәуір жасай алады. «Grammarly», «Hemingway», «DeepL Write» сияқты жүйелер мәтінді сапалы редакциялайды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын өте жоғары сұранысқа ие болған SMM мамандарының жұмысын қазір ЖИ де атқара бастады. Яғни ЖИ күшімен әлеуметтік желілердегі посттарды, жарнамалық мәтіндерді, тақырыптар мен қысқа контенттерді жылдам әрі сапалы түрде дайындауға болады. Бүгінде бұл автоматтандырылған жүйелерді блогерлер ұтымды пайдаланып, өздерінің робот көшірмесін жасап, әлеуметтік желіде тәуір қаралым жинап жүр.
ЖИ мамандарының айтуынша, жасанды интеллектіні оқыту деректерінің көлемі 45 терабайттан асады. Бұл дегеніміз – 15 млрд бетке жазылған ақпарат. Егер адам бұл ақпаратты оқып шығамын десе, оған шамамен 28 500 жыл қажет болады-мыс. Демек ЖИ-мен текетірескенше, оны тиімді құрал ретінде қабылдап, жаңа технологиялармен жұмыс істеу жолдарын меңгерген абзал. Журналистердің кәсіби өрлеуі ЖИ-ді дұрыс қолдану дағдылары мен шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға байланысты болып отыр. ЖИ журналистиканың көптеген саласына ықпал етіп, автоматтандыруды арттырғанымен, шығармашылық, сыни ойлау және зерттеу дағдыларын талап ететін мамандықтар сұранысқа ие болып қала береді. Сондықтан журналистерге жаңа технологияларға бейімделу, онымен жұмыс істеуді үйрену өте маңызды.
Сонымен қатар ЖИ алмастыра алмайтын мамандықтар да бар. Соның бірі – зерттеуші журналистер. Олардың жұмысына кіретін фактчекинг, терең зерттеу, эксклюзивті ақпараттарды талдау секілді күрделі үдерістерді ЖИ жасай алмайды.
Бұл қатарда сарапшы журналистер де бар. Өйткені күрделі сараптамалар, пікірталас материалдары, қоғамдық-саяси оқиғаларды бағалау адам шығармашылығы мен сын тұрғысынан ойлау қабілетін қажет етеді. Сондай-ақ креативті контент жасаушыларға тиесілі деректі фильмдер, шынайы сұхбаттар, ақпарат орнынан хабарлама жолдау, подкасттар – ЖИ жасай алмайтын міндеттер. Құқықтық, моральдық, этикалық аспектілерді ЖИ толыққанды түсіне алмайтындықтан, этикалық және құқықтық журналистикада да адам факторы шешуші рөл атқарады.
Жасанды интеллект құралдарын қолдану тәжірибесі халықаралық медиада әлдеқайда ерте басталды. Мысалы, «The Washington Post» редакциясы «Heliograf» атты жасанды интеллект платформасын пайдаланып, жаңалықтарды автоматты түрде жариялайды; «The Associated Press» (AP) қаржы және спорт жаңалықтарын дайындау үдерісін автоматтандырды; «Reuters» ақпарат агенттігі «Lynx Insight» жасанды интеллект платформасы арқылы журналистерге аналитикалық зерттеулер жүргізуге көмектеседі.
Елімізде де бірқатар медиа компания жасанды интеллект құралдарын енгізе бастады. Мәселен, олар ЖИ мүмкіндіктерін контент жасау шығындарын азайтуға, сапаны жақсарту үдерістерін жылдамдатуға, таргеттің көздеген мақсатына дөп түсуіне, қолданушылармен тікелей жұмыс істеп, оларды сұраныстарына нақты жауап беруге, шешім қабылдауды жеделдету мақсатында пайдалана бастаған. Мақаланы жазу, өңдеу, аудару, тақырыбына қарай порталдың тиісті айдарларына автоматты түрде үлестіру, валюта бағамы, ауа райы, спорт, әлем жаңалықтарын жариялау сияқты көптеген үдеріс автоматтандырылған. Тіпті ақпарат жарияланғаннан кейін кері байланыс алып, материалдың тиімділігіне мониторинг жүргізіп отырады. Осы орайда мемлекеттік сайттарды біріктіретін «Qazcontent» мекемесі де ЖИ-ді белсенді қолдана бастады. Қазір кейбір жаңалықтарды тілшілердің ЖИ-аватарлары оқиды, мекеме ішінен арнайы кеңес жасақталып, барлық қызметкерге оқу-тренингтер тұрақты түрде өткізіліп, ЖИ құралдарын барынша меңгеру тәжірибеге енгізілді.
Бұқаралық ақпарат құралдарында осындай тәжірибені барынша енгізу маңызды. Алайда бұл мүмкіндіктерге толыққанды қол жеткізілді деп айтуға әлі ерте. Басты кедергілердің бірі – технологияны меңгерген мамандардың жетіспеуі және ресурстардың шектеулілігі. Елімізде IT-мамандарының саны кейінгі бес жылда күрт өссе де, ЖИ-ді медиада қолдануға қабілетті журналист кадрлар әлі де тапшы. Сонымен қатар ЖИ құралдарын енгізу үшін қажетті қаржылық инвестициялар мен инфрақұрылымдық қолдаудың қажеттілігі де артады. Тағы бір ерекше назар аударатын мүмкіндік – шетелдік ірі медиа компаниялармен серіктестік орнатып, редакциялардың біраз жұмысын автоматтандыру, ЖИ-дің басқа да құралдарын қолдануды үйрену, мемлекеттік БАҚ-тың бәсекеге қабілетті етуге барынша әрекет ету. Бұл үрдіс конвергентті журналистиканы дамытуға да оң ықпал етері сөзсіз.
Осылайша, ұлттық мүдделерді қорғау, ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету, қоғамдық пікірді қалыптастыру және мемлекет пен азаматтар арасындағы байланысты нығайту мақсатында сапалы контент шығару аса маңызды екені хақ. Ал контенттің, яғни медиа өнімдердің заманауи әрі жылдам болуына ЖИ мүмкіндіктері көмек болады. Яғни ЖИ мемлекеттік ақпараттық саясатқа жылдамдық, дәлдік және тиімділік әкеледі: ол жалған ақпаратпен күреседі, ақпаратты қолжетімді етеді және ресурстарды оңтайландырады. ЖИ-ді осы салаға енгізу ұлттық идеологияны нығайтып, халықпен байланысты жақсартуға сеп бола алады. Сондықтан мемлекеттік медиа саласында басталған трансформациялану үдерісі – құптарлық қажеттілік.
Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Президент ел экономикасының дамуында жасанды интеллект мүмкіндіктеріне бірнеше мәрте тоқталды. Үкіметке жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін қолайлы орта қалыптастыруға арналған жұмысты еселеп күшейту керектігін тапсырды. Бұл бағытты Мемлекет басшысы жіті қадағалап отыр. «Құзырлы мемлекеттік органдар сарапшылармен және ІТ-мамандарымен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, артық шығынды азайтуға, барлық саланың ашықтығын қамтамасыз етіп, өнімділігін арттыруға арналған тың тәсілдер іздеп тауып, оны қолданысқа енгізіп отыруға тиіс», деді Президент. Демек бұл бастаманы да еліміздің даму жолындағы тарихи таңдау деуге әбден болады.
Айна ЗАДАБЕК,
«Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы