Бұрын наурыздың 14-і – елімідің батыс аймағына ғана тән көрісу күні еді. Сондай-ақ көршілес Ресейдің Астрахан, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор және Өзбекстанның Қарақалпақстан өңірінде, Түрікменстанда тұратын қандастарымыз да осы күні Наурыз айы туды деп, «көрісу» салтын бастайтын.
Шүкір, осынау тамаша дәстүр, имани салт бүгінде күллі қазақ даласына қайта тарады. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы сөзін дәл осы Көрісу күнімен құттықтап бастаған еді:
– Қыстан аман-есен шыққан туған-туыс, ағайын бір-бірімен қауышып жатыр. Ел арасында Көрісу күні еліміздің батыс аймағына тән мереке деген түсінік бар. Бірақ бұл қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан біз тұтас ел болып, Наурыз мейрамын осы күннен, яғни Көрісу күнінен бастап тойлағанымыз жарасымды болары сөзсіз, – деген еді Президент.
Расында да, көрісу дәстүрі тек батыс қазақтарында ғана емес, еліміздің көп жерінде болғанға ұқсайды. Шәкәрім Құдайбердіұлының баласы Ахат өз жазбаларында: «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл парсы тілінде, жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» деген...» деп көрсетеді.
Мағжан Жұмабаев та «Әр халықтың өзінше жаңа жылы, жыл басы болады. Қай уақытта қай халықта болса жаңа жыл сол халықтың, сол уақыттың шаруа жағдайына қарай белгіленген. Қазақ жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны – ел бір-бірімен көрісіп: «Жасың құтты болсын!» дейді» деп, Шәкәрім қажы атаған о баста «дін әсері» болған Наурызда осы күні «діннің әсері жоқтығын» айтып отыр ғой.
Шынында да, өзіміз құйттайымыздан көріп өскен 14 наурыз – көрісу күні әр ауылда жасы үлкен қария мен ең кішкентай бала-шағаның басын қосатын жалпыхалықтық мереке еді.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
...Әкеміз ауылдың қадірменді ақсақалы болған соң шығар, біздің үйде «көрісу күнінің» таңы тым ерте «ататын». Анамыз түн ортасынан тұрып, табақ-табақ бауырсағын пісіреді. Дастарқан жайылып, бар тәтті кебежені тастап шығады. Жеті шелпек ортадан орын алады. «Бірінші кім келіп көрісер екен?» ата-анамыздың көкейінде осы сұрақ тұратын. Былтырғы, арғы жылғы көрісу күндері еске алынып, «жыл жақсылығымен келгей» деген игі тілек тілдің ұшынан төгіле беретін...
Ал біз, кішкентайлар ше? Үйге үлкен кісі келіп қалмас бұрын өзің барып көрісіп, батасын алу, қалтаны кәмпитке толтыру – әрбір балаға сын. Тіпті өзің бірге ойнап жүрген құрбыңның алдын орап, ең тәтті, ең әдемі сияпатты иеленсең, абыройың асқақтап, қатарыңның алды атанасың. Үлкендер де ерте тұрған, алдымен көріскен балаларға ерекше ықылас танытып, айрықша бата беретіндей...
Тіпті тоқсаныншы жылдары туған жерден алыста, оңтүстік астанада студент болып жүрген кездің өзінде жалпы батыстықтар – оралдық, атыраулық, маңғыстаулық, ақтөбелік дос-жаран бір-бірін іздеп барып қол алысып көрісіп, арқа-жарқа әңгімемен шай ішіп қайтуға мүмкіндік беретін тамаша мейрам болатын...
* * *
Әлбетте, түбі қайдан шықса да, көрісу – тамаша дәстүр, имани салт екенін ешкім жоққа шығара қоймас. Алысты жақындататын, өкпені кешіретін, татулықты арттыратын мереке – Көрісу айты құтты болсын!
Бұл күні Батыс Қазақстан облысында биыл да онкүндік «Наурызнама» мерекесі басталғалы жатыр. «Бұл төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрін қалыптастыруға, ең жақсы адами қасиеттерді – ашықтықты, шынайылықты, қайырымдылықты ашуға бағытталған. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, терең мазмұн-мәнге ие болады», дейді облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Медғат Қамбетов.
Бұл күні Орал қаласында Атамекен өнер ордасында, Қадырсарайда, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық кітапханада, өлкетану музейінде, барлық мәдени кешенде мерекелік концерттер, танымдық шаралар шоғыры өтеді. Өңір басшысы Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысының атынан зиялы қауымға бергелі жатқан ауызашар рәсімін де дәл осы күнге қойыпты. Ал Қазақстанның Жалпыұлттық киелі нысандары қатарына енген әулие Жұмағазы хазірет – Дәдем ата кешеніндегі дәстүрлі дастарқан да алыс-жақыннан келетін үлкен-кішінің басын қосатын тағылымды шара болмақ. Дәл осы көрісу күнінен басталатын мерекелік шаралар тізбегі Ұлыстың ұлы күні – 22 наурызға дейін жалғасады. Әр күнге «Қайырымдылық күні», «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні», «Шаңырақ күні», «Ұлттық киім күні», «Жаңару күні», «Ұлттық спорт күні» деп айдар тағылып, ал 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні ретінде барлық сән-салтанатымен жалпыхалықтық мерекеге айналмақ.
* * *
Әңгімеміздің басында 14 наурыз күні ауылдың ең жасы үлкен ақсақалына амандасу салты туралы айтқанбыз. Бүгінде Батыс Қазақстанның бас қариясы Серажитдин Байғалиев Бәйтерек ауданының Асан ауылында тұрады. 1922 жылы дүние есігін ашқан ақсақалды «Бас қария» деп сипаттауымыз – ғасырдан асқан жасына ғана байланысты емес. Серажитдин ақсақал жақында «Ауыл» партиясы жариялаған «Батаменен ел көгерер» атты республикалық батагөйлер байқауының облыстық сатысында бас жүлдені жеңіп алды. Байқауға қатысқан 77 батагөйдің арасынан ерекше көзге түскен қарияға қазылардың таңдауы талассыз түсті. Әр сөзі мірдің оғындай, әңгімесі әсерлі атамыздың шаңырағына арнайы барып амандасып, ғасырдан ұзақ жасаған жанның лебізін тыңдап қайтқан едік.
– 1922 жылы Тасқұдықта туыппын. Әкеміз Байғали – бай баласы, көп жыл ат арқасында жүрген, Былқылдақ маңындағы масқар, алаша, күшпен, тана руларына бас болған адам екен. Әу деп ән салып, жыр-дастанды да жырлап қоймай, дінге де жүйрік болған. Мұндай адам кеңеске жаға ма? 1920 жылдардың соңында қуғынға ұшырап, Жымпиты түрмесіне түскен. 1930 жылы әкеміз барша ағайынды алып жаяу-жалпы Ресейге өтті. 1937 жылға дейін Башқұртстанда тұрақтадық. Кейін Орынбор облысының Шарлық ауданы Сармалай ауылына көшіп келдік. Путятино деген ауылда мектеп бітірдім, «Новый путь» ұжымшарда еңбек еттім. Әкем, үш ағам майданда қаза тапты. 1947 жылы өзіммен тағдырлас Ұлыш есімді қызға үйленіп, отбасы болдым. 1958 жылы туған жерім Тасқұдыққа көшіп келдім. Өйткені «балаларым елде болсын» дедім, – дейді ақсақал аз сөзбен өзі жайлы.
«Көрісу күні – ата-бабамыздан келе жатқан керемет дәстүр ғой. Бұл салтымызды жат жерде жүргенде де қалдырғанымыз жоқ. Бұрын жасы үлкен кәріні өзіміз іздеп барып көрісуші едік. Қазір өзіміз ақсақал болдық. Наурыз келгелі біздің үйдің есігі жабылмайды, дастарқаны жиылмайды. Келген жанның бәріне ақ тілегім, алғыс-батам дайын. Қане, сендер де қолдарыңды жайыңдар:
Я, Құдайым, құлым дей гөр!
Мұхаммед үмбетім дей гөр!
Шадиярлар достым дей гөр!
Пірлерім мүридім дей көр!
Әуелде мал беріп, ақиретте иман бере көр!
Кетпес дәулет, кең пейіл бере гөр!
Туған айдай толтырып, туғандарға жас бере көр!
Жалиолла жәләлат, Құлың Сізге аманат,
Кетіре көр Құдайым, бола қалса жамандық!
Ісіңді Құдай оңдасын, Қожапәуеден қолдасын!
Түркістанда Қожа Ахмет, Хиуада алуан Ахмет,
Жар бола көр дұғада әулие он бір Ахмет!
Атаң менен анаңды қауыстырғай жұмақта!
Сонда қылсын бәрімізді уәссала ғала халқи хайриди Мухаммадан уағалайһи асхабиһи әжмағин би рахматикә я рахман рахим!»
Өз кіндігінен тараған 9 баладан 9 немере, 9 жиен, 8 шөбере, 7 жиеншар сүйіп отырған Серажитдин атамыздың батасы бүкіл елге дарысын!
Бір жасыңыз құтты болсын, ағайын!
Батыс Қазақстан облысы