Current Date: 29-03-2025

Құмар ойындарға тосқауыл: жаңа заң тәуелділікті азайтуға көмектесе ме?

Қазақстанда құмар ойындарға шектеу қою мәселесі кейінгі жылдары өзекті тақырыптардың біріне айналды. Былтыр Мемлекет басшысы ойын бизнесі мен лотерея қызметіне қатысты заңға қол қойып, бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Бұл түзетулер ел азаматтарының мүддесін қорғауға, жауапты ойын мәдениетін қалыптастыруға және құмар ойындарға тәуелділікті төмендетуге бағытталған.Осы өзгерістердің алғашқы нәтижелері қандай? Ойын бизнесін реттеу бойынша қандай нақты шаралар қолға алынды? ҚР Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ғалымжан Мұстафаев Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында заңның іске асу барысы туралы айтып берді.

Ғалымжан Әлиакбарұлы, кейінгі жылдары елімізде құмар ойындармен күрес қарқынды жүріп жатыр. Былтыр Мемлекет басшысы ойын бизнесі, лотерея қызметі мәселелері жөніндегі Заңға қол қойды. Аталған заңның мақсаты қандай?

– Иә, былтыр ойын бизнесі және лотерея саласында ауқымды заңнамалық түзетулер қабылданды. Барлығы 8 кодекс пен 14 заңға 150-ден астам өзгеріс енгізілді. Бұл түзетулердің басты мақсаты – қазақстандықтардың мүддесі мен денсаулығын қорғау, жауапты ойын мәдениетін қалыптастыру. Оның ішінде букмекерлік кеңселердің жарнамасын шектеу, мемлекеттік қызметшілер мен борышкерлердің құмар ойындарға қатысуына тыйым салу, ойын бизнесі субъектілерінің жауапкершілігін күшейту және интернет-казиноға төлемдерді бұғаттау сияқты шаралар бар. Сонымен қатар заңсыз құмар ойын мекемелерінің қызметін тоқтату бойынша қатаң шаралар қарастырылған. Былтыр шілде мен қыркүйек аралығында ойын бизнесі субъектілеріне, бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдарға заңның жаңа нормалары кеңінен түсіндірілді. Жарты жылдың ішінде өзгерістер өзінің өзектілігін дәлелдеді.

Құмар ойындарға шектеу қою туралы заң қабылданған соң салада қандай да бір оң өзгерістер байқалды ма? Заң аясында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Заңның қабылданғанына көп уақыт өте қоймаса да, қазірдің өзінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Атап айтқанда заң негізінде букмекерлік кеңселердің агрессивті маркетингіне тосқауыл қойылғанын атап өткен жөн. Мәселен, республика бойынша 1600-ден астам билборд алынып, 5 миллионнан астам ұялы байланыс абонентіне бәс тігуге шақыратын СМС-хабарламаларды жолдау тоқтатылды. Жалпы букмекерлердің жарнамасын орналастыру мәселесі Министрліктің ерекше назарында. Заңды бұзған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Таяуда букмекерді заңсыз жарнамалау фактісі бойынша ірі ақпараттық портал жауапқа тартылды.

Заңсыз лоторея ұйымдастыратын блогерлерге қатысты қандай жұмыстар атқарылды?

Сондай-ақ кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде заңсыз лотерея ойындарын ұйымдастыратын блогерлердің қатары азаймай тұр. ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Қаржылық мониторинг агенттігі әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізіп, заңсыз лотерея ұйымдастырғандарды анықтады. Нәтижесінде, 2024 жылдың ақпанынан бері 106 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 46 миллион теңге көлемінде айыппұл төледі. Аталған кейс басқа да блогерлер мен БАҚ өкілдері үшін сабақ болуға тиіс. "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" Заңға сәйкес, лотерея операторы немесе оның агенті болмаған адамдарға лотерея өткізуге тыйым салынады және букмекерлік кеңселерді тек мазмұны 100% cпортқа арналған БАҚ өкілдері ғана жарнамалай алады. Бұл шаралар жастардың құмар ойындарға қызығушылығын төмендетуге бағытталған.

Сонымен қатар құмар ойындардың аудиториясы айтарлықтай қысқарды. Материалдық берешегі бар азаматтардың жағдайын одан әрі қиындатпау үшін Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тіркелген 3 миллионға жуық адам құмар ойындардан шеттетілді. Қазіргі күні аталған тізілімге енгізілген 15 мыңға жуық азаматтың аккаунты бұғатталды. Қазіргі уақытта Әділет және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің қолдауымен бәс тігушілердің ЖСН-ін автоматты түрде борышкерлер тізілімімен сәйкестендіру мәселесі пысықталуда. Бұдан бөлек, 85 мың мемлекеттік қызметші, 70 мың әскери қызметші, 100 мың құқық қорғау және арнайы орган қызметкерлеріне құмар ойындарға қатысуға тыйым салынды. Бұл шешім олардың қаржылық тұрақтылығын қорғау және қоғамдық сенімді арттыру мақсатында қабылданды. Бұдан былай құмар ойындарға қатысу мемлекеттік органдардың қызметкерлерін жұмыстан шығаруға негіз болады.

Елімізде құмар ойындарға тәуелді адамдардың статистикасын, нақты санын айта аласыз ба? Сондай-ақ бәс тігетіндерді бақылауда ұстаудың нақты бір жүйесі бар ма?

– Құмар ойындарға тәуелді азаматтардың нақты санын анықтау мүмкін емес, өйткені оларды есептейтін нақты алгоритм жоқ. Дегенмен, азаматтардың бәс тігуге қатысуын бақылау үшін Бірыңғай есепке алу жүйесі атты төлем және мониторинг платформасы жұмыс істейді. Бұл жүйе мемлекеттік дерекқорлармен және букмекерлік кеңселердің электронды кассаларымен интеграцияланған. Букмекерлік кеңсенің әрбір клиенті жүйе арқылы тексерістен өтеді. 21 жасқа толмаған тұлғалар, өзін-өзі шектеуге өтініш бергендер, борышкерлер және мемлекеттік қызметшілер бәс тігуге қатыстырылмайды. Сонымен қатар есепке алу жүйесі букмекерлік кеңселердің қаржылық айналымын бақылап, мемлекеттік кірістер және қаржы мониторингі органдарының жұмысын жеңілдетеді. Бұдан бөлек, жүйе интернетте мониторинг жүргізіп, интернет-казинолар туралы мәліметтерді автоматты түрде Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдайды.

Жалпы ел азаматтарының бәс тігуге деген тәуелділігінің алдын алу үшін министрлік қандай іс-шараларды қолға алды?

– Министрлік тапсырысы бойынша құмар ойындарға тәуелділіктің себептері мен ауқымын зерттеу мақсатында елімізде алғаш рет республикалық деңгейде әлеуметтік зерттеу жүргізді. Зерттеуге 18 бен 65 жас аралығындағы 6 мың респондент қатысты. Педагогтер мен психологтердің қатысуымен лудоманияның алдын алу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, республикалық семинарлар өткізілді. Сондай-ақ мұғалімдер мен ата-аналарға арналған бейнесабақтар министрліктің ресми сайтында қолжетімді.

Әдістемелік нұсқаулықтар негізінде Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім, Қорғаныс министрліктері ауқымды тәрбие жұмыстарын жүргізуде. Мектептерде ата-аналарға арналған педагогикалық қолдау орталықтары құрылды. 6 мыңнан астам мектеп интернетке тәуелділік, құмар ойындар, лудомания және геймингтің алдын алу шараларын тәрбие жұмысы жоспарына енгізді. Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бір миллионнан аса адамды қамти отырып 4 мыңнан астам іс-шара өткізді. Ғылым және жоғары білім министрлігі және Қорғаныс министрлігінің қолдауымен 2024 жылы жоғары оқу орындарында "Салауатты өмір салты үшін!" денсаулық фестивалі, "Бірінші курс студенті" спартакиадасы, сондай-ақ дөңгелек үстелдер, конференциялар және әскери қызметшілермен әңгімелесу ұйымдастырылды.

– Өзін-өзі шектеу механизмі қалай жүріп жатыр? Бүгінге дейін елімізде қанша адам өзін құмар ойындардан шектеді?

– Былтыр наруыз айында өзін құмар ойындардан, бәс тігуден шектеу бойынша онлайн қызмет енгізілді. Министрліктің пилоттық жобасы оң нәтиже көрсетіп, құмар ойындарға қатысудың төмендеуіне ықпал етіп келеді. Бүгінгі таңда 200 мыңға жуық адам өздерін құмар ойындардан, жалпы бәс тігуден шектеді. Бұл цифр күн сайын жаңарып, өсіп жатыр. Құмар ойындарға қатысудан өзін шектегендер арасында ең көп үлес 31-35 жас аралығындағы азаматтарға тиесілі. Азаматтардың өтініштері бойынша өзін-өзі шектеу мерзімі 1 жылдан 10 жылға дейін ұзартылды. Қызметті автоматтандыру әрі шектеу мерзімін ұзарту өзін-өзі шектегендердің санын 3 мыңнан 188 мың адамға дейін ұлғайтты. 12 мың азамат жаңа норманы пайдаланып, өздерін бір жылдан астам мерзімге шектеді. Қазіргі таңда букмекерлік кеңселердің клиенттерін осы тізіммен сәйкестендіру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар бұл жүйе азаматтарға өздерінің ойынға деген тәуелділігін бақылауға және оны жеңуге мүмкіндік береді. Көптеген адам үшін бұл шешім қаржылық қиындықтардың алдын алудың тиімді құралы болып отыр.

Құмар ойындардан бөлек, түрлі лотерея ойындары қазіргі таңда белең алып тұр. Бұл салада қандай өзгерістер бар?

– Қоғам сұранысына сәйкес, лотерея билеттерін сату орындары тұрғын үйлерден, медициналық, білім беру және діни нысандардан кемінде 100 метр қашықтықта орналасуға тиіс. Электронды лотереялар тек оператордың ресми сайтында ғана сатылады. Сонымен қатар электронды лотереяға қатысушылар биометриялық сәйкестендіруден өтеді. Лотерея операторына лотоклубтардың орнына «лофтпарктер» енгізу бойынша ұсыныстар жолданды. "Лофтпарктердің" әкімшілігі қатысушылардан төлем қабылдамауға, ұтыстарды қолма-қол ақша түрінде бермеуге және ойын процесіне араласпауға тиіс. Бұл – Министрліктің нақты ұстанымы. Елімізде лотереяны "Сәтті жұлдыз" компаниясы ғана ұйымдастыруға құқылы. Әлеуметтік желілердегі ұтыстардың барлығы да заңсыз. Азаматтар сақ болуға тиіс. Комитет Қазақстан Республикасында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимылдың 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарының іске асырылуын үйлестіреді.

Қазір ұялы телефоны бар кез келген адам интернет-казинолардың жылтырақ жарнамаларына ұрынып, арзан табыстың арбауына түсіп қалып жатыр. Әлеуметтік желілер мен түрлі қосымшаларда интернет-казинолардың жарнамасы өріп жүр. Интернет-казинолардың жарнамасын түбегейлі шектеуге болмай ма?

– Заң бойынша Қазақстанда интернет-казиноларға тыйым салынған. Соған қарамастан мыңдаған зиянды сайттар қазақстандықтар үшін әлі де қолжетімді болып тұр. 2024 жылы 22 мыңнан астам заңсыз құмар ойындар мен бәс тігу сайттары, сондай-ақ оларды жарнамалайтын ресурстар бұғатталды. Былтырдан бері біз Merchant ID арқылы осы сайттардың ұйымдастырушыларын анықтап, олардың төлемдерін бұғаттауға көштік. Мұндағы негізгі мақсат – құқық бұзған заңды тұлғаларды жария ету арқылы отандық төлем ұйымдары мен банктерді дер кезінде хабарландыру. Қазіргі күні төлем ұйымдарымен бірлесіп 17 танымал интернет-казиноның шетелдік ұйымдастырушылары бұғатталды. Алайда интернет-казино ұйымдастырушысы мен қазақстандық төлем ұйымы арасында көптеген делдалдың болуы іздестіру жұмыстарын қиындатып отыр.

Әңгімеңізге рақмет!

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз