Current Date: 20-06-2025

Бюджетті жоспарлау ашық болуы керек

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Сенат отырысында Үкімет және Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылдағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі қаралды. Сондай-ақ сенаторлар Конституцияның отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заңды қабылдады.

Мемлекеттік қарыз мәселесі өзекті болып тұр

Мәулен Әшімбаев бюджетті жоспарлау кезіндегі түйткілдерге тоқталып, депутаттар аталған істің нәтижелілігі мен тиімділігін арттыру мәселесін үнемі көтеріп жүргенін тілге тиек етті. Сондай-ақ палата спикері бір жылда бюджеттің шығыс бөлігі бірнеше рет өзгертілгенін айтып, Қаржы министрі Мәди Тәкиевке қарата бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізу қажет екенін атап өтті.

– Былтыр бір жылдың ішінде бюд­жеттің шығыс бөлігін 13 рет, ал табыс бөлігін 3 рет өзгерттіңіздер. Мұндай қадамның түсімдерге, салықтарға байланысты объективті себептері де болған шығар. Дегенмен бұл жерде «неге олай жоспарланған», «жоспарлау кезінде атүсті қаралды ма», «тиімсіз жоспарлауға жол берген азаматтар жауапкершілікке тартыла ма, әлде әрі қарай да сол әдіспен жұмыс істей бере ме» деген сияқты жүйелі мәселелер туындайды. Яғни жауапкершілікке, жоспарлаудың сапасына, бастапқы деректердің дұрыстығына қатысты түйткілдер бар. Сондықтан бұл жұмысқа кешенді түрде қарап, бюджетті жоспарлауды жаңа деңгейге шығару керек, – деді Сенат төрағасы.

Палата спикері бір жылда бюджетті 13 рет өзгерту нағыз рекорд екенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта ондай олқылыққа жол бермеу керектігін шегелеп айтты.

– Әрі қарай бұлай жалғастыра беруге болмайды. Жоспарлау мәселесін тек министрліктердің өздері жасамай, бұл іске мамандарды, тәуелсіз сарапшыларды тартқан ұтымды болары сөзсіз. Соның жолдарын қарастырған жөн. Өйткені мұндай істі корпоративті негізде атқару ерте ме, кеш пе қателіктерге алып келетіні түсінікті. Сол себепті бюджетті жоспарлау үдерісінің ашықтығын, оның жаңа қағидаттарын қамтамасыз ететін уақыт келді. Сондықтан осы бағытта да нақты жұмыстарды қолға аласыздар деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев.

Бұған қоса Сенат төрағасы мемлекет­тік қарыз мәселесімен айналысу қажет­тігін және ортамерзімді стратегия жаса­луға тиіс деген пікірін айтты. Оның мәлім­деуінше, ел бюджеті кірісінің жартысы үкіметтік борышты өтеуге кетеді. Демек есепте көр­сетілген мәліметтер оған сай емес.

– Бюджетті көріп отырмыз. Былтыр 5,6 трлн теңге Үкіметтің қарызын өтеуге кетті. Бұл – республикалық бюджеттің барлық шығысының 24 пайызы. Егер бюджеттің өз кірісін алатын болсақ, бұл оның 42 па­йызын құрайды. Яғни біз Ұлттық қордан берілетін трансфертті есептемейміз, демек жартысы үкіметтік қарызды өтеуге кетеді. Менің ойымша, бұл көрсеткіш талдауға негіз болуға тиіс. Неге бұлай болып жатыр және осы үдерісті тұтастай әрі қарай қалай басқару керек? – деді М.Әшімбаев Қаржы министріне.

Сенат спикері мұнай тапшылығы бо­йынша көрсеткіштерге де алаңдаушылық білдірді. М.Әшімбаевтың пікірінше, қазіргі өзгерістер бюджетті оңтайландыру жөніндегі жұмыстың олқылықтарын көрсетіп отыр.

– Біз мұнай тапшылығы бойынша нысаналы индикатор межеден асып кеткенін көріп отырмыз. Ол ІЖӨ-нің 6,1 пайызы болған. Ал бүгінде 8,1 пайызға жетіп отыр. Яғни сіздер өз шектеулеріңізді өсіріп отырсыздар. Бұл тұрғыда жағдай қалыпты, процесс жұмыс істеп тұр деудің қажеті жоқ. Қалай болғанда да, мемлекеттік қарыз мәселесімен айналысу керек. Мемлекеттік қарызды басқару, оны реттеу және азайту жөнінде ортамерзімді стратегия болуы қажет. Атап айтқанда, сіздер мұнай тапшылығы бойынша белгіленген 6,1 пайыз лимитке қайта кіруге тиіссіздер. Сондықтан бұл бағытта, оның ішінде бюджет шығыстарын оңтайландыру бойынша қарқынды жұмыс істеу керек, – деді М.Әшімбаев.

Сенаторлар Үкімет тарапына біраз сұрақ қойды. Бұл ретте агросектор, «Ауыл аманаты» жобасы, отандық дәрі-дәрмек өндірісі, ғылым және жоғары білім мәселелері көтерілді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті, орнықты және инклюзивті Қазақ­стан құру жолындағы реформаларын іске асыру – бәріміздің ортақ міндетіміз. Сон­дықтан Үкімет мүшелері сенаторлар айт­қан ұсыныстарды ескеріп, оларды назарға ала­ды деп үміттенеміз. Бұл жолда Сенат ре­фор­маларды заңнамалық тұрғыдан қам­та­масыз ету арқылы Үкіметке қажетті қол­дау көрсетуге дайын, – деді палата спикері.

Отырыс барысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов және Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов баяндама жасады.

Рақымшылық бәріне бірдей жасалмайды

Депутаттар рақымшылық жасау, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін әлеуметтік қолдауды арттыру және орман шаруашылығы мәселелеріне қатысты заңдарды қарады.

Сенаторлар атап өткендей, «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңның басты міндеті – сотталған адамдардың санын азайтып, рақымшылыққа жатпайтын және жазасын өтеуді жалғастыратын адамдарды материалдық-тұрмыстық қамтамасыз ету деңгейін арттыру, қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің жүктемесін азайту әрі жұмыс жағдайларын жақсарту. Одан бөлек, заң ұстау жағдайларына қойылатын медициналық-санитарлық талаптардың нормаларын жақсартуға және халықаралық-құқықтық стандарттарды енгізуге, оның ішінде түрмелердің камералық түрлеріне көшуге де оң әсерін тигізбек.

Рақымшылық азаматтар мен мем­лекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыс жасағандарға ғана қатысты. Сондай-ақ сотталғандарды, оның ішінде пробациялық бақылаудағы адамдарды жазалаудың өтелмеген бөлігін қысқарту көзделген.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен бір топ Парламент депутаты әзірлеген бұл заң – Конституцияның 30 жылдығына орай мемлекет тарапынан жасалған әділеттілік пен гуманизм қағидаттарын біріктіретін маңызды саяси-құқықтық қадам. Рақымшылық барысында қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін қылмыстар жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдарға басымдық беріледі. Заңда рақымшылық қолданылмайтын нақты қылмыстық құқық бұзушылық құрамдары да белгіленді, – деді Сенат төрағасы.

Заң Мәжіліске қайтарылды

Сондай-ақ депутаттар төтенше жағдай қызметтері мен құқық қорғау орган­дарының қызметкерлерін және олар­дың отбасы мүшелерін әлеуметтік қор­ғауды арттыруға арналған заңды да қара­ды. Нәтижесінде, сенаторлар заңды қолдап, оған бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Нақты айтқанда, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерге ағымдағы тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу кезінде тұрғын үйдің шекті ауданын айқындауға қатысты нормалар қарастырылды. Осыған байланысты сенаторлар енгізген түзетулермен заңды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.

– Қаралған заң қауіпсіздікті және заңдылықты қамтамасыз ететін органдар қызметінің тиімділігін одан әрі жетілдіруге бағытталған. Заң аясында мемлекеттің осы саладағы құқықтық саясатының негізгі мақсаттары, қағидаттары мен тәсілдері нақтыланды. Сондай-ақ құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты жаңа нормалар енгізіліп отыр, – деді М.Әшімбаев.

Сенат төрағасының айтуынша, құжатта қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге арналған өзге де маңызды түзетулер бар. Заңды қарау кезінде сенаторлар жекелеген ережелерді нақтылауға арналған ұсыныстар берді. Жалпы, заң құқық қорғау институттарының тиімділігін, сондай-ақ жауапты қызметте жүрген азаматтарды және олардың отбасыларын әлеуметтік қорғау деңгейін арттыруға тың серпін бермек.

Бұған қоса отырыста Сара Жармұхам­бетованы Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босату туралы ел Президентінің ұсынысы қаралды. Бұл мәселені Сенаттың Конститу­циялық заңнама, сот жүйесі және құқық қор­ғау органдары комитеті алдын ала талқы­лады. Сенаторлар Мемлекет басшысының ұсынысын бірауыздан қолдады.