Биылғы жылдың алғашқы екі айында елімізде 60 мыңға жуық бала дүниеге келді.
Туу бойынша ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысы мен Алматы қаласына тиесілі. Аталған өңірлерде 7 мыңнан астам нәресте өмірге келген. Ал ең төмен көрсеткіш Ұлытау мен Солтүстік Қазақстан облысында. Өкінішке орай, бұл өңірлерде туу деңгейі төмен. Қалай болғанда да, биыл дүние есігін ашқан сәбилердің мінез-құлқы мен даму бағыты өзгеше болмақ. Өйткені олар енді "альфа" ұрпағына жатпайды. Бұдан былай "Бета" санаты саналады. Олардың дүниетанымы көбіне жасанды интеллект арқылы қалыптасуы мүмкін, дейді мамандар.
Гүлшат Оспанова — үш баланың анасы. Құшағындағы бөпесі Дәрия биыл жыл басында дүние есігін ашты. Ата-анасының айтуынша, үй ішіндегі тұрмыстық техника мен электроника құралдарына деген қарым-қатынасы ерекше. Тіпті теледидар мен ақылды колонканың дыбысы шықса, отбасы мүшесіне қарағандай елең ете қалып, тілдескісі келеді. Сықылықтап күледі.
Гүлшат Оспанова, Дәрияның анасы:
- Үлкен қызым мен кенжемді салыстырып қарасам, бұл қыз көп нәрсені түсінеді қазірден бастап. Бізді басқаруға талпынады. Бір нәрсе ұнамаса, кәдімгідей көрсетеді ұнамайтынын. Бұрынғы кезгі балаларда ондай болмаған. Бесікке бөленіп жата беретін таңнан кешке дейін. Қазір бұл бала бесікте жатқысы келмейді. Жыламайды, бірақ қыңқылдап көрсетеді.
Бета ұрпағын дүниеге әкелуші ата-аналар көбіне 1990 жылдары тоқырау кезеңінде туған алдыңғы буын. Яғни «миллениалдар» санатына жатады. Олар табиғатынан өндіруші және өнім беруші саналады. Ал балалары көбіне тұтынушы болады.
Сәуле Дюсупова, демограф:
- Біздің жаңадан пайда болып жатқан отбасылардың және ата-ана атанған жастарымыздың тәрбиесі дұрыс болуы керек. Олар мәдениет, міндетті түрде тіл, салт-дәстүр, оның ішінде құндылықтарымызды Бета ұрпаққа беруі керек. Осы жағдайда ешқандай ЖИ кері әсер етпейді.
Психологтар не дейді? Олар да бар жауапкершілікті ата-анаға жүктеп отыр. Түрлі ақылды чаттар мен боттардан ұдайы шектеп отыруы қажет, дейді. Мамандардың сөзіне сүйенсек, Бета ұрпақ жалғыздықтан қорықпайды. Керісінше жалғыздықта өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінеді. Мұндай жағдайға жеткізбей, қоғамға етене араластыру үшін алдыңғы буынның көмегі керек. Онлайн емес, офлайн өмірге ден қойғаны жөн.
Александр Рущук, психолог:
– «Бета» ұрпағы саналатын балалар шынайы эмоция білдіруге сараңдау болады. Өйткені олар өзіне қажет эмоцияны жасанды интеллект жүйесі бар чаттар мен боттардан алады. Офлайн қарым-қатынаста тұйықталып, өздерін жайсыз сезінуі мүмкін. Өзге адамдарға күдікпен қарауы ықтимал. Қоғамнан оқшаулану қаупі жоғары. Олардың ата-аналары үшін күрделі сынақ туары сөзсіз.
Ал IT-маман Данабек Қалиаждаров жасанды интеллекттің санасы қатпаған ұрпаққа тигізер кесірі анау айтқандай емес, дейді. Керісінше өскелең ұрпақтың тың технологияларға тез бейімделуін бағалауымыз керек дегенді айтады.
Данабек Қалиаждаров, Astana Hub бас директорының кеңесшісі:
- Алиса маған мынадай мультфильмді қосып бер деген әңгімені бастап кетеді. Себебі оның ойында сондай жүйе бар. Мынау мен мынау сөйлеседі, сосын ол анда шығады деген түсінік бар. Егер алыстан қарасақ биологиялық тұрғыда керемет қиын нейробайланыс баланың миында. Қазір балалар осыны тез үйреніп жатыр.
Ең бастысы Beta ұрпақтың бетінен қақпай, бірақ бетімен де жібермейтіндей жүйелі қарым-қатынас саясаты орнауы керек. Осы орайда әр саланың мамандары тура жолды тек ата-аналары мен жақындары және ортасы көрсете алады деген тұжырымға басымдық беріп отыр.
Мирлан Алтынбек, Ырыстанбек Оспанов