Дәстүрлі қазақ қоғамында хандар мен сұлтандардан кейінгі әлеуметтік сатыдан орын алатын ел басшылары – билер. Би тек қара халықтың өкілдерінен ғана сайлана алатын, ал ақсүйек тұқымына мұндай құқық берілмеді, бірақ қазақ әдет-ғұрпына негізделген сот істеріне араласып отырған.
Би – халықтың көкейіндегісін айтқан, көмейіндегісін көре біліп, жарыққа шығарған әділет жоқшысы. Биді барлық та, байлық та жасай алмаған. Билік тұғырға топты жарып, таразы басын тең ұстаған, әр істің әділін қара қылды қақ жарып айтқан адам ғана көтерілген. Би – табиғи дарын, асыл текті ақыл иесі, арғыны көре білген көсем, ақпа-төкпе шешен адам болған. Билер жақсы менен жаманды, жақын мен алысты, қиын мен жеңілді алға тартқан. Мал дауы мен жан дауын шешкен, ар дауы мен намыс дауына кесім кескен. Бітіспейтін дауды бітістірген. Сондықтан да қазақта «тілмен түйгенді тіспен шеше алмас» деген қанатты сөз қалған.
Қазақтың басына қаралы күн туып, жан-жақтан жау анталағанда бытыраған халықтың басын біріктіріп, басқыншы жауға қарсы күресті ұйымдастырған қазақ билері көп болды. Солардың ішінде туған халқы есімдерін құрметпен еске алатын Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер жоңғар шапқыншылығынан халық аяусыз жапа шегіп, ауыртпалық көрген тұста құмалақтай шашыраған қазақ халқының басын біріктіріп, халықтың аман қалуына көп күш салды. Бұлардың құрған билігін Ахмет Байтұрсынұлы: «Әділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын дәрі еді», деп түсіндірді [Билер сөзі (шешендік толғаулар).- Алматы,1992. 4-бет.].
Атақты саяхатшы П.С.Паллас билерді дворяндық лауазыммен қатар қойып, олардың қазақ қоғамындағы алатын орнының ерекше екендігін атап өтеді [Паллас П.С. Путешествие по разным провинциям Российской империи. Ч.1.- СПб.,1809. С.579.]. Бұл ойды Г.И. Рычков өз еңбектерінде қуаттайды. «Би-князь, – деп жазады, ол – Азия халықтарындағы дворяндық лауазымдағы асыл тектілер» [Бекмаханов Е.Б. Присоединение Казахстана к России. Москва, 1957. С.40.].
Міне, осындай халық қастерлеген билердің бірі де бірегейі – Албан – Айт қауымының әйгілі Сүйіндік биі. Тарихи шежірелердің деректеріне сүйенсек, оның өмір сүрген уақыты ХVІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІІ ғасырдың бас кезіне сәйкес келеді. Оның атақты Әлмерек абызбен замандас болғаны анық. Халық жадында сақталған деректер осыны айтады.
Сүйіндік Мамадайырұлының қара қылды қақ жаратын өте әділ, төтеннен төге сөйлейтін шешен, арғы-бергіні зерделеп отыратын көреген, айласына ақылы сай зерделі кісі екенін, Албан жұртының тізгінін ұстаған игі жақсылардың бірі болғанын басына іс түскен жандардың би ауылына ат басын жиі бұрғандығынан аңғаруға болады. Ағасы Қалыбек те батыр әрі данагөй екен. Сұңғыла Сүйіндіктің дана, парасатты билігінің бір-екеуіне ғана тоқтала кетуді жөн көрдік.
«Баяғыда Албан елінде үлкен той болып, ұлан-асыр ат шабыс өтіпті. Сонда бір байдың Салкүрең деген аты өзге жүйріктерден оқ бойы озып келіп, бас бәйгені байлаған екен. Сол жерде әлгі атты екінші бір рудың адамдары танып, үлкен дау туындап, төбелес шығады. Оның аяғы араздыққа ұласады. Ол кезде Сүйіндік дуанбасы, әрі беделді би екен. Дауласқан екі жақ Сүйіндіктің билігіне жүгінуге келеді. Дауласқан жақтардан ешнәрсе сұрамастан, «ат менікі» деп өре түрегелерін алдын ала білген би, аптығын басқызып, екі-үш күн демалдырып алып, көгендегі қозылардың бірін көрсетіп, «мына қозының енесін тауып келіңдер, кім тапса ат сонікі» дейді. Ат даулап келген жақтың кісісі: «Мен тауып келемін» деп мың қоралы қойды аралап, әрі қарап, бері қарап, бір көк қасқа саулықты ұстап, алдына өңгеріп биге әкеледі. Көгенде тұрған әлгі қозыны қоя бергенде, көк қасқа саулық мекіреніп емізе бастайды. Би жүйрік атты соған бергізеді. Сөйтсе ол кісінің ылғи жүйрік құлындайтын алтын құрсақты биесі болады екен. Соны естіген екінші жақтағы бір ауқатты адам сол жануарды желіде тұрған жерінен буаз күйінде ұрлатып алған екен де, ол жол-жөнекей құлындап қояды. Ұрылардың құлын күйінде ұрлағаны кейін жүйрік шығып, Салкүрең атты бәйге бермес тұлпар екен. Ұрылар сөйтіп әшкере болыпты.
Сүйіндіктің тағы бір билігі туралы. Бір ауылдың байы бір топ кісімен жолаушылап келе жатады. Ол кезде әдет бойынша ауыл ағасы алда жүреді. Бір елдің сары сүрлеу жұртынан өтіп бара жатқанда, үй орнында жығылмай қалған мамағашта қонақтап отырған қарға жалп етіп ұшса, ат жалт беріп үркіп кеткенде бай жерге ұшып түседі. Ажал тура келсе, амал бар ма, сол жерде бай жан тәсілім етеді. Байдың балалары: «Әкеміздің өліміне осы жерден көшкен ауыл кінәлі. Мамағашты тік күйінде қалдырмаса, оған қарға қонбас еді, қарға қонбаса, ат үрікпес еді. Ат үрікпесе, әкеміз өлмес еді», деп құн даулап дуан бегі Сүйіндік биге жүгінеді. Сонда дуан бегі Сүйіндік: «Дұрыс, әкеңнің құны жүз жылқы. Сол жүз жылқыны өлімге кінәлі дегендерге теңшеп бөлейік. Бірінші кінәлі – мамағашты жықпай жұртына тастап кеткен кісі. Оған жиырма бес жылқы. Екінші кінәлі – қарға қонған мамағаш. Оған жиырма бес жылқы. Үшінші кінәлі – мамағашқа қонған қарға, оған жиырма бес жылқы. Төртінші кінәлі – әкелеріне асау, тарпаң ат мінгізген балалары, сендерге де жиырма бес жылқы айып» деп шешкен екен. Әкесіне ажалдың адамнан емес, Алладан келгенін түсінген бейбақтар салы суға кетіп, ауылдарына қайтқан екен. Бұл билікті естіген ел Сүйіндіктің сұңғылалығына таң қалып, «неткен білімділік» деп таңдай қағысқан екен (Желдікбаев Д.А. Сүйіндік. Шежіре-тарих. Алматы, 2021, 51-52 беттер). Бұл Сұңғыла би Сүйіндік бабаның әділ кесім кескен істеріне нақты мысал.
Енді Сүйіндік бабаның батырлығы жөнінде қысқаша мәлімет бере кетсек. Бұл заманда Шыңғыс хан құрған империяның сол қанатында болған төрт рулы ойраттар (хойт, хошоуыт, торғауыт, чорос) бірлестігінің ыдырауының нәтижесінде Орталық Азияда пайда болған Жоңғария (жоңғар – сол қанат дегенді білдіреді) мемлекеті мен Қазақ хандығының арасында жан алып-жан беріскен қырғын соғыстар өтті. Жоңғарлар тарапынан жаулап алушылық, басқыншылық соғыс қазақ халқы үшін Отан қорғау соғысы еді. 120 жылға созылған осы соғыста халқымыз бір миллионнан аса адамынан айырылды. Қазақ-жоңғар соғысының нәтижесінде қазақ көп шығынға ұшыраса да, өз жерін жаудан босатып, мемлекетін сақтап қала алды. Ал жоңғар мемлекетінен айрылып, халық ретінде тарихи аренадан жойылып кетті.
Жоңғарға қарсы ұлт-азаттық соғысты ұйымдастырушылардың алдыңғы көшін бастаушылардың бірі де – Сүйіндік би. Ол Әлмерек батыр сияқты өз замандастарымен бірге қазақ жерін жаудан азат ету жолындағы қасиетті соғыста ерлік пен батырлық үлгісін көрсетті. Сүйіндік батырдың ұрпақтары жоңғарларға қарсы күресте ғана емес, ұзақ мерзімге созылған патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалыста да көш басында жүрді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің де қалың ортасында Сүйіндік батырдың ұрпақтары болды.
Әділ би, жаужүрек батыр болумен қатар, Сүйіндік бабамыздың өз заманының ірі қайраткері болғанын айта кетуіміз керек.
Осы ретте сәл шегініс жасап, Ресей империясының Қазақ хандығын жою мақсатындағы жүргізген әкімшілік-сот реформаларына тоқтала кеткен жөн. Хандық билікті жою үшін патша үкіметі 1822 жылы бекіткен «Сібір қырғыздары туралы ереже» («Сперанский уставы») бойынша Орта жүзді бірнеше әкімшілік-басқару оругтеріне бөлді. Мұндағы «округ» сөзі қазақ арасында «дуан» деп айтылды. Округ басшысын дуанбасы деп атады. Бір округтің қарамағында бірнеше уез (аудан) болды. Қазіргі түсінікпен айтар болсақ, округ дегеніміз ондаған ауданды біріктірген облыс деңгейінде болған. Яғни округ-дуан үлкен аймақты алып жатқан әкімшілік-территориялық бөлік еді.
Тарихи-шежірелік деректерге сүйенсек, Сүйіндік бабамыздың ұзақ уақыт бойы дуанбегі немесе дуанбасы лауазымында болғанына көз жеткіземіз. Бұл қызметін архив деректеріне сүйене отырып, қомақты ғылыми зерттеу негізінде тұжырымды ой қорыту – алдағы күндердің ісі.
Жетісуда осындай үлкен із қалдырған Сүйіндік бабаның ұрпақтары қазақ елі үшін ерен еңбек еткен азаматтар дей аламыз. Би, батыр һәм дуанбегі Сүйіндіктің тұқым-зәузаты том-том кітап жазуға лайық. Олардың ішінде елді аузына қаратқан әділ де шешен билер, дүлдүл ақындар мен күйшілер, отанын қорғаған ержүрек батырлар, дін қайраткерлері де бар. Мысалы, Көдек Байшығанұлы сияқты ірі ақындар, Сағат Әшімбаев сынды біртуар қаламгерлер, Өмірәлі Дәркембаев пен Нүсіпбек Әшімбаев сияқты Еңбек ерлері, Дәулет Желдікбаев тәрізді бүгінгінің абыздары шыққанын атап өткен ләзім.
Ұрпаққа ұран, заманаларға өнеге би, батыр һәм дуанбегі Сүйіндік баба туралы әлі де талай еңбек жазылып, елдік іс жалғасын табады деп үміттенеміз.
Талдыбек Нұрпейіс,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,
Кеген ауданының құрметті азаматы
АЛМАТЫ