Қазіргі таңда еліміздің өнері қандай деңгейде? Көпшілік қандай музыканы тыңдайды, өнер саласы қаншалықты дамуда, өзге елдер қазақ өнерін қалай бағалайды?
Осы және өзге де сұрақтарға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Ақан Әбдуәлиев жауап береді.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
— Елімізде өз жерлестеріміздің өнерін әртүрлі деңгейде бағалап жататынымыз анық. Ал шет мемлекеттерде қазақстандықтардың өнерін қалай бағалап жатады?
— Жалпы Қазақстан – мәдени өнер ошақтарын, оның ішінде музыка, театр, опера, балет өнері бар. Соның барлығын қолдау білдіріп отыратын бірден бір мемлекет. Қолдау білдіріп қана қоймай, талап-тілектерін қояды. Ол үлкен талап тілектің нәтижесі – шетелдік өнер сапарларда көрінеді. Біздің оркестрлер шетелге гастрольдік сапармен шыққанда ұжымдардың деңгейінің жоғары екенін бірден көруге болады. Себебі, олардың жұмысы – тұрақты, жалақысы – тұрақты, шығармашылық ізденісі – тұрақты. Ал тұрақтылық бар жерде еш уақытта нәтиже төмен болмайды. Отандық өнер иелері басқа мемлекетке барғанда сырттағы көрермендер таң қала қарайды. Мысалы, былтырғы Будапешттегі капелланың концертінде жиырмадан астам мемлекеттің хорлары келді. Ол хорлардың барлығы біздің капелланың өнеріне таңқалды. Мұндай нағыз классикалық үлгідегі хор ұжымын біздің көрерменімізге біраз уақыт болды деген кісілер болды. Кеш соңында ұйымдастырушылар біздің хор ұжымын тағы да шақырып, мүмкіндік жасайтындарын айтты. Ол – біздің капелланың деңгейі. Ал ол деңгейді – мемлекеттің тарапынан қолдау болған кезде ұстап тұрады.
— Қазіргі тыңдарманның талғамы өте ерекше. Оны қалай қадағалайсыздар?
— Қазіргі көрермендердің өтініші, өкпе назы әлеуметтік желілерден көрініп тұрады. Одан бөлек мен әрбір концертте залдың фойесінде өзім отырамын. Көрермендердің келуі, біздің қызметкерлердің қарсы алуын қадағалаймын. Жалпы, тыңдармандардың музыка өнеріне деген сүйіспеншілігіне, ұсыныстарына әрдайым ашықпын. Филармония аудиториясы бұрын үлкен кісілермен толатын, қазір жастар жағы тартылып жатыр. Бүгінгідей әлеуметтік кері байланыс белсенді кезеңде, әлеуметтік желідегі жұрттың пікірін де назарда ұстаймыз. Концерттен кейін де көрермендер талап-тілектерін айтып, өнерпаздарымызға ыстық ықыластарын білдіріп кетеді. Кері байланыс филармония атынан жолданып, жауап беріліп отырады.
— Сіз елге ақын ретінде әрі көптеген телебағдарламалардың жүргізушісі ретінде белгілі болдыңыз. Қазір басшылық қызметте отырғандықтан өзіңіздің шығармашылығыңыз шетте қалып қойған жоқ па?
— Әрине солай. Екі арбаны бірдей тартып жүре алмайсың. Бірақ, шығармашылықтан толық қол үздім деп айта алмаймын. Ішінара сахналарға ара тұра шығып тұратыным бар. Бірақ мен өлең жазамын. Мен өнерді айтыстан бастағанмын. Айтыстан өлеңге, жыршылыққа өтіп кеттім. Айтысты қойып кеткенмін. Бірақ өлең жазатыным бар. Іште тұрғанды қағаз бетіне бергің келеді. Өлеңнің қаншалықты құнды екенін қазіргі таңда айта алмаймын. Ән шығаратыным бар, ешкімнен өлең сұрамаймын. Оны өзім жазып қоямын. Әндерімді біраз әншілер орындап жүр. Сол әндерден, өзім орындап жүрген әндерден шығармашылық кеш жасасам деген ойым бар. Яғни, бәрібір мен шығармашылықтан қол үзе алмаймын. Себебі, Ақанды Ақан еткен ол – өнер, домбыра. Домбыра болмасаң, өлең мен өнер болмаса кім болар едім бір Алла біледі. Құдайдың берген өнерінен ешқашан да қол үзбеймін. Сол өнермен өмірге келдім, тал бесіктен жер бесікке дейін ол менімен бірге мәңгіге серік болады. Сонымен бірге боламын деп ойлаймын.