Current Date: 21-03-2025

Мүгедектігі бар жандарға қолжетімді орта құру талаптары дұрыс іске аспай тұр

Жыл басынан бері ел бойынша 87 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде қимыл-қозғалысы шектеулі жандар үшін инфрақұрылымдық қолжетімділікті ұйымдастырмаған субъектілерге 11 миллион теңге айыппұл салынған, деп хабарлайды 24kz.

Былтырғы көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Бұзушылықтардың дені Түркістан, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі. Демек мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді орта құру талаптары дұрыс қалыптаспай тұр деген сөз.

Альмира Оразбай, тілші:

- Қостанайлық Дүйсенғали Оспанов осылай деп уәжін айтты. Ол жас шағында жол апатына түсіп, омыртқасы зақымданған. Салдарынан қол-аяғы жансызданып қалыпты. Бірақ ерік-жігерінің арқасында кәсіпкерлік әрі қоғамдық жұмыстармен белсенді айналысып келеді. Дүйсенғали Оспановтың сөзінше, қазір ерекше жандарға қоғамдық орындардың қолжетімділігі дұрыс іске аспай тұр. Әсіресе, арбаға танылғандар үшін түрлі нысандарға кіріп-шығу қиын. «Ал тұрғын үй құрылысын жобалау барысында мүгедектердің мәселесі көп жағдайда ескерілмейді», - дейді ол.

Дүйсенғали Оспанов, «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Көптеген жағдайлар жасалмаған. Алып қарайтын болсақ, мына қалалық аурухана, мұның ішкі ем алатын бөлімшелері бар, бөлімдер, хирургия, травматология дейміз, болмаса, басқа бірде-бір керек арбадағы кісілерге, солардың кіріп-шығуына дәретхана жоқ. Болмаса, олардың жуынып-шайынуға деген бөлме жоқ. Осы жағы көп қарастырылмаған бізде, кемшіліктер көп.

Жыл басынан бері аймақта әлеуметтік инспекторлар тарапынан жоспардан тыс 4 тексеріс жүргізілген. Оның үшеуі – дүкен. Бұл сауда орындарында мүгедектігі бар азаматтар үшін ешбір жағдай қарастырылмаған. Тексеру нәтижесінде субъектілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалады.

Мерей Қадышев, ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің бас сарапшысы:

- Осы 4 жоспардан тыс тексеріс қорытындысы бойынша нұсқама беріліп, әкімшілік хаттама салынып, 3,5 млн көлемінде айыппұл салынды. Қазіргі таңда үшеуі қысқартылған мерзімде айппұлдарын төледі. Біреуі сот ісінің қарауында.

Арнайы кодекске сәйкес, мүгедектігі бар азаматтардың құқығын бұзып, оларға кедергісіз орта құрмағаны үшін бірқатар субъектіге айппұлдар қарастырылған. Мәселен лауазымды тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Шағын және коммерциялық емес ұйымдарға 120, орта кәсіпкерлік субъектілер 200, ал ірі кәсіпкерлік субъектілерге 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жауапкершілік бар. Ал бұзушылықтар қайталанса, онда айыппұл мөлшері біршама өседі. Бұл тұста мамандар, әлеуметтік кодекс талаптары бұзылса, арнайы инспекторларға «еГов» порталы арқылы арыз жолдауға болатынын айтады. Себебі әрбір жанның құқығы бірдей қорғалуы тиіс.

Мерей Қадышев, ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің бас сарапшысы:

- 2024 жылды қорытындылай кетсек, Маңғыстау, Түркістан облысында және БҚО-да ең көп құқық бұзушылықтар анықталды. Олар көбінесе денсаулық сақтау, білім беру мекемелері, сауда-саттық және қоғамдық тамақтану орындарда мүгедектігі бар адамдарға қолайлы орта құрмағаны үшін сол облыстарда анықталған.

Бұл мәселені Парламент депутаттары да көтеріп, дабыл қағып келеді. Бұған дейін Таңсәуле Серіков, мүгедек жандар үшін қолайсыз жайттардың барын айтып, тиісті органдарға депутаттық сауалын жолдады. Оның сөзінше, проблема тек арбамен қозғалатын азаматтарда емес, көзі көрмейтін және құлағы естімейтін жандарда да бар. Осыған қатысты халық қалаулылары Ұлттық стандарттың бекуіне атсалысқан. «Қазір ол қолданыста бар, бірақ дұрыс іске аспай тұр», - дейді депутат.

Таңсәуле Серіков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ұлттық стандартты депутаттардың қатысуымен оны бекіткен болатынбыз. Әр пандустың қалай жасалуы керек, тактильді тақтайшалардың қалай жасалынуы керек, дыбыспен қамтамасыз етілуі, есту-сөйлеу қабілеттері бұзылған азаматтарға жылжып тұратын ақпарат мәселесі, кіріп-шығу мәселесі, зағип жандарға ақпараттың қолжетімділігі. Бірақ өкінішке орай ешқандай жерде орындалып жатқан жоқ. Ал ауылдық жерлерде ол жерде тіптен қиын бұл жағдай.

Сондай-ақ депутат ақыл-есі кем балалардың жайын да айтты. 18 жасқа дейін баланы күтіп-бағатын ата-анаға жәрдемақы төленеді. Алайда бала кәмелет жасына жеткенде бұл көмек тоқтатылады. Ал ақыл-есі кем азаматтың кейін өз бетінше өмір сүріп, қоғамға бейімделуі екіталай. «Сондықтан саладағы осындай олқылықтарды түзету керек», - дейді Таңсәуле Серіков

Таңсәуле Серіков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 18 жасқа дейін қамқоршысына 60 мың теңге төлейді, пенсия мен подоходный налог ұстайды, сонда 48 мың теңге қолына алатыны. Ал енді ойлайықшы, 18-ден асқаннан кейін ол азаматтарға мүлде ақша төленбейді. Ал ол баланың ақыл-есі кем, ол дәретке де өзі отыра алмайды. Ал қамқоршысы сотпен белгіленген. Бұл әділетті ме?! Ана баланың алатын 80 мың теңгесі екі азамтқа жете ме?!

Мәселенің шешімі ретінде депутат бірінші топтағы ақыл-есі кем мүгедектерді күтетін қамқоршыларға 18 жастан кейін де жәрдемақы тағайындауды ұсынды. «Сондай-ақ екі және үшінші топтағы ақыл-есі кем азаматтарға арнайы инватакси қызметін енгізуді қарастыру керек», - дейді.

Авторлары: Альмира Оразбай, Ақылбек Есімсейітов