Current Date: 21-03-2025

Ағылшын діндарлары кезіктірген қазақтар

Ағылшын тілінде жарияланған деректерді оқырманға дәл жеткізу оңай емес. Қазақ тілінің бай мазмұнына, тілдің шұрайлылығы мен табиғи болмысына жүгінуге тура келеді. АҚШ-та тағылымдамадан өткен тұста осыны айқын байқадық. Арлиңтон қаласындағы үйіміздің астында жұмыс істеуге арналған жеке кабинеттер бар еді. Сол жерде әр күні кеште 3 сағат шамасында отырып, кітапханадан әкелген ұлтымызға қатысты деректері бар ескі кітаптарды зерделеймін. Есімін ұмытқан бір данышпанның «қолына жақсы кітап түскен адамның жалғызсырауы мүмкін емес» дегені осындайда ойға қуат, бойға күш қосатыны да рас.

Әр кітаптан ұлтымызға қатысты деректерді көрген сайын қуанышымыз қойнымызға сыймай кетеді. Содан кейін «осыны жұртшылыққа тезірек жеткізсем» деген ой меңдейді. Әрине, оның жалғыз жолы – жазу. Кезінде Америка алқабынан алтын тапқан адам­дардың теңдессіз қуанышын жазып хатпен, айтып сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар. Менікі де тап сондай бір мұраттың ұшқыны. Өйткені АҚШ архивтеріндегі халқымызға қатысты әрбір дерек саф алтынмен бірдей.

«Қытайлықтар «Хаса» деп атаған қазақ – мұсылман көшпелілері. Біз Ресейге барар жолда Қазақстанды кесіп өттік, жолымызда кездескен ең қызықты адамдар туралы осы кітапта айтатын боламыз. Орыстар оларды «киргиз» деп атайды, бұл атаудың қазақтарға еш қатысы жоқ «казактардан» айыру үшін қойған болуы мүмкін».

Қолымызға түскен кезекті бір құн­ды кітаптағы қазаққа қатысты маз­мұнды ­ойлар осылай басталады. 1927 жылы АҚШ-тың Бостон, Нью-Йорк қалаларында жарық көрген «Неффрит қақпасы арқылы және Орталық Азия» атты Милдред Кейбл мен Франческа Френчтің бірлесіп жазған кітабы да назар салуға тұрарлық еңбектің бірі. Қытай­дың солтүстік-батыс өңірі мен Орталық Азия аумағын емін-еркін аралаған әйел монахтардың жазбасы ретінде таралған бұл еңбек – осыдан бір ғасыр бұрын­ғы халқымыздың қоғамдық жағдайы мен сол кездегі тұрмыс-тіршілігін көз ал­­ды­мызға әкеледі. Әуелі 1913 жылы Қытай­дың Ганьсу өлкесіне, Шыңжаң­ға, Гоби шөліне сапар шегіп, бірнеше жыл­дан кейін Ұлыбританияға оралған­да қасында болған мылқау татар қызын асы­рап алған Милдред Кабельд пен оның сапарластарының кім екеніне тоқталайық.

Милдред Кейбл, Франческа Френч, Эвангелин Франч 1923 жылы маусымда Хуочжоудан Орта Азияға аттанады. Келесі сегіз айда олар 1 500 миль (2 414 км) жол жүріп, Ұлы қорғанның етегіне жетеді. Сол сапарында олар христиан дінін насихаттайтын мектеп ашып, дінді үгіттейді. Жаз айларында Хыши дәлізімен батысқа қарай жылжиды. Әйел монахтармен бірге қытайлық дінге сенушілер де сапарлады. Аталған үштік Жичуан аймағына жеткенде, сол жерден шіркеуге арналған ғимаратты жалға алып, дін қызметін жалғастырып, Інжіл мен хрис­тиан әдебиеттерін сатып, таратты. Цинхай провинциясындағы тибет ауылдарына, моңғол қосындарына, Шыңжаң өлкесіндегі мұсылман қалаларына дейін аралайды. Олар мұсылман әйелдерімен тілдесу мақсатында ұйғыр тілін үйренді, бұл олардың миссионерлік міндетіне басымдық берді. Дегенмен ол кезде мұсылмандар арасында христиан дініне келушілер өте аз болған. «Біз шөлді бес рет аралап шықтық», дейді олар өз жазбасында.

Гансу, Ши-Ән, Ланжу қалаларын кесіп өтіп, Тибет даласына жетіп, Лама­лар арасына аялдап, Алтай тауы бөк­теріндегі моңғол қоныстарына да ат­басын бұрады. Осы арадан Моңғол ханшасы­мен кездесіп, оның орындықта отырып түскен салиқалы суретін оқырманға ұсынады. Әрі қарай олар Шәуешек арқылы жылыстап, қыркүйек айының соңында Зайсанға табан тірейді.

«Бұл жақта кең иықты бір қазақпен таныстық. Қолдан тігілген былғары етігі моңғолдардікінен әлдеқайда ерекше болып көрінді. Ал басында үшкір кейіпті тымақ. Ол өгізге мініп, аяңдап кетіп барады. Саудаласқан сәтте өгіз үстінен түскен жоқ. Қытай тілін білмесе де, саусақтарын қимылдатады. Ал қазақ әйелдері көбіне үйде отырады, түзде көп жүрмейді. Олар үстіне қара тон киіп, ақ шылауыш орап алады».

апр

Авторлар Милдред Кейбл, Эвангелин Френч және Франциска Френч

Бұл жерде олар өздері кездестірген қазақ ері мен әйелінің бейнесін айтып отыр. Батыстықтарды көбінде бір елдің мәдениеті мен тарихы қызықтыратыны анық. Оның үстіне, жиһангездер жол бойы көп адамға, көптеген оқиғаға кездесетіндіктен, байқау қабілеті ерекше болып келеді.

«Келесі жолда бір қазақ киіз үйінің алдына аялдадық. Үй иесі бізді көре сала «тігін машинасының сырын біле­сіңдер ме?» деп сұрады. Жағдайға қара­ғанда, олар орыстардан тігін машинасын сатып алып, оны жүргізе алмаған секілді. Әрі қарайғы жол барысында Гөби жақта бір ноғай азамат пен екі ұл бала бар бір топ жолаушыға кез бол­дық». Осыдан кейін автор қасында екі әйелі мен кішкентай ұлы бар ноғай аза­ма­­тының суретін жариялайды. 15-16 жас­­тағы қазақ қызы оның сол жағында отыр.

Суреттің түсіндірмесінде автор: «Ноғай азаматы екі әйелімен бірге, оң жақтағы қазақ әйелі, сол жақтағы түркі әйелі, ұл бала түркі әйелінен туған», деп жазған.

Осыдан кейін олардың сапары Зай­сан-Ертіс өңірлерінде жалғасады. Ертіс өзеніндегі салшының салған әні оларды таңғалдырады. Семейге жеткен соң үш миссионер Новосібірге дейін пойызбен, одан әрі Омбыға аттанады.

«Омбы жақтан кеме келді. Үстіне тиел­ген астық жерге түсірілген соң, жапа-тармағай кемеге отырып алдық. Бізбен бірге бірнеше қазақ келіп жайғасты. Олар бізге, біз оларға қарап таңырқай бастадық. Біздің түсінігімізше, олар көшпелі дүниетанымы мен шектеусіз көзқарастарын білімге ұштастырған. Сол үшін де мәдениетті көрінді». Кемеге отырып. Омбыға жол алғандардың әп-сәтте бір-бірін түсінгендегі жеке көзқарасы болса да, бұл алыстан келген, өздерін өркениетті халық санайтын ағылшын әйелдерінің қазақтар туралы пікірі.

Үш ағылшын әйелі кемеде кездес­кен қазақтардан сол кездегі қоғамдық жағ­дайды толық сұрап-білгенін аңғардық.

«Кемеде әлгі қазақ отбасымен жа­қын сөйлестік. Әйелі қымбат пальто, құп жарасқан көйлек киіпті. Басында сәнді бас киім. Білімді екені бірден көрініп тұр. Балалары батысша тәрбиеленіп­ті. Асханада бір фортепиано бар екен. Әлгі қазақ азаматы үнемі оның алдында баласын тізесіне отырғызып алып, бір қолымен қазақ музыкасын ойнайды. Оның бұл өнерге машық екенін түсін­дік». Авторлар осылай дей келе, «сон­дағы музыканың нотасы мынадай» деген түсіндірмемен шағын нотаны ұсынады.

пр

Аталған нотаны әнші, өнертанушы Еркін Шүкімәнға көрсеткенімізде:

«Бұл Абайдың «Қарашада өмір тұр» атты әніне келеді екен, бірақ қазақта не көп, ән көп. Оның қайсысы қай ән екенін бірден анықтау да қиын» деген пікір айтты. Ал күйші Жанғали Жүзбай бұл нотаны татардың «Ай, былбылым» әні» деді.

Мейлі, монахтарға кездескен әлгі қазақ кім болса да, өзінің мәдениетті, білім­ді екенін Батыс адамдарына осыдан бір ғасыр бұрын көрсете алды емес пе? Бізге осының өзі мақтаныш һәм көңілге медеу.

Әрі қарайғы беттерде олар әлгі қазақ азаматы туралы кеңінен баяндай түскен. Әйелі баласының тамағын да­йын­дауға кетіп, балаға қарау керек бол­­ғанда ғана ол музыка ойнауды тоқта­­татынын жеткізеді. Ұсыныс болды ма, әлде көкірегінен күй төккен қазақ аза­ма­тының өнерінен шабыт алды ма, үш ағылшын әйел сол сәтте «Алға хрис­тиан сарбаздары» атты әуенді ойнай жө­неледі. Ондағылар түгел қол соғып, қошеметтейді. Бұл да үш монахтың қазақ даласынан алған әсерінің бір парасы дер едік. Қытай сапарынан оралғанның әсері ме, олар кемеде кездескен қазақтарды Шыңжаңдағы қандастарымен салыстырып «олардан тым өзгеше емес» деген тұжырым айтады.

Миссионерлер тынбай музыка ойна­ған әлгі азаматпен тым жақын сөй­лескенін аңдадық. Сол үшін де со­нау 1926 жылы «Қазақтардың саны қазір ­7 мил­лионнан асады дегенді айтты» деп жазады. Сөзін жалғай келе бұрын-соңды мұндай әлеуетті адамдарды ешқашан көрмегенін мақтанышпен жазады.

«Әр нәрсеге икемділігі, қарапа­йымдылығы, әлемдік саясатқа деген тө­зім­ділігі оларды жақын арада маңызды орынға шығарады. Анау жерде отырған медбике формасын киген қазақ әйелін қараңызшы. Оның сұлулығына көзіміз тоймайды».

Сапарларында кездескен әр қазақ монахтарға өзгеше әсер қалдырғаны сөзсіз. Сол үшін де авторлар бірлесіп жазған бұл кітабына қазақтардың дара қалпын бейнелейтін деректер мен жазбаларды жариялағанын аңдадық. Ұлты­мыз туралы шетелде жарық көрген әр де­рек – құнды қазына десек, бұл да – соның бір парасы.