Current Date: 02-04-2025

Мәселе даурықпай-ақ шешілді

Былтыр 1 наурыздан бас­тап еліміз бірыңғай уақыт белдеуіне көшкені мәлім. Нәтижесінде, қолда­натын уақытымыз еліміздің батыс өңір­лерімен, сондай-ақ көр­шілес Өзбекстан және Қыр­ғызстан мемле­кет­­терімен те­ңес­тірілді. Бірақ Үкі­мет­тің бұл шешімін көп­­шілік қолдағанымен, оған қар­сы шыққандар қара­сы да аз болған жоқ. Алма­ты қаласының тұр­ғы­ны жа­риялаған пе­тицияға бір жа­рым ай ішінде 50 мың адам қол қойғаны – соның айғағы.

Уикипедияда жазылға­нын­дай, белдеулік уақыт алғаш рет АҚШ-та 1883 жылы, КСРО-да, оның ішінде Қазақстанда 1919 жылы 1 шіл­деде енгізілген. Елі­міздің аумағы 5, 6-сағаттық белдеуге жатқы­зыл­ған. Табиғи жарықты тиімді пайдалану және электр энергиясын үнемдеу мақса­тында 1930 жылғы 16 маусымда КСРО Халық комиссарлары кеңесі­нің қаулысы бойынша кеңес одағының барлық жерінде сағат тілі 1 сағат ілгерілетілген. Осыған сәйкес 5-сағат­тық белдеудегі сол кездегі астана­мыз – Алматы қаласы­ның уақы­ты 6-сағаттық белдеуге көшірілген.

Биотехнолог мамандардың айтуынша, кеңес дәуірінде еліміздегі уақыт белдеуі эко­номикалық мүдде үшін 8 рет өзгертілген. Сөй­тіп, отандас­тарымыз бір ғасырға жуық табиғи циклге үйлеспейтін қате уақыт белдеулерінде өмір сүріп келді. Соның салдарынан адамдар­дың ұйқысы қанбай, күйзелісі артып, обыр, жүрек-қан тамыр ауру­лары, суицид, тіпті ажырасу да көбейе түскен. Ал 5-уақыт белдеуі­не көшу халқымыз үшін жаңа уақыт белдеуі немесе жай эксперимент емес, керісінше, тарихи әрі табиғи уақытқа оралу болып саналады. «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ-ның мәліметінше, Қазақстан аумағы 4 сағаттық белдеуде орналасқан. Ел аумағының 7 пайызын – UTC +3, 40,1 пайызын – UTC +4, 48,5 пайызын – UTC +5, 3,7 пайызын UTC +6 қамтып отыр. UTC+5 уақыт белдеуі ел халқының 76 пайыздан астамына – 15 млн 240 мыңнан аса тұрғынға өте қолайлы екені анықталды.

Уақыт белдеуін өзгертуге Қос­та­най облысының тұр­ғындары бастамашы болған. Себебі бұл өңірде табиғи уа­қыттан 1 сағат 46 минут айырмашылық бар еді. Қос­­танайлықтар үшін UTС +5 емес, UTС +4,5 тиімді болып шықты. Бірақ олар өздері үшін тиімді уақытты емес, пайда­ла­нуға қолайлы уа­қыт­ты таң­дап­ты. Өйткені 5-уақыт белдеуі шетел­дерге сапарға барғанда қа­рым-қатынас жасауға оңтайлы.

Үкімет уақыт белдеуін өзгер­ту­ге қарсылық білді­ру­­шілердің петициясын қа­рау үшін 60 адамнан тұратын арнайы жұ­мыс тобын құрған. Оның оты­рыстарында жергілікті тұр­ғындардың, мемлекеттік органдар өкілдерінің, ғалымдар мен сарапшылардың пікір­лері мұ­қият ескерілген. Топ­қа мүше болып кірген астро­ном­дар мен астрофизиктер тал­қылау барысында астрономия­лық тұрғыдан 5-уақыт белдеуі еліміз үшін ең қолайлы уақыт санала­ты­нын алға тартып, енгізіл­ген өз­геріс ұтымды екенін дәлел­де­ген. Олар жаңа уақыт белдеуі­не көшкен кезде ұйқының бұзы­луы, шаршаңқылық сияқты уақытша қиындық туын­дайтынын да жасырмаған. Себебі отандастарымыздың 94 жыл бұрын бұзылған био­логиялық ырғағын қалпына келтіруге біраз уақыт керек. Ал уақыт бел­деуінің өзгеруі адам ағзасына теріс әсер ететіні туралы нақты дәйекті ғылыми дерек жоқ. Қо­ғамдық денсаулық сақ­тау ұлт­тық орталығының өкіл­дері адамдардың биология­лық ырға­ғын сақтау мықты денсау­­лық­тың, жұмысқа құл­шыныс­тың және ұзақ өмір сүрудің негізі дей келіп, еліміздің бірың­ғай уақыт белдеуіне көшуі халқы­мыз­дың өмірдің таби­ғи ырға­ғына оралуына мүмкіндік бер­генін растаған. Сондықтан жұ­мыс тобы ел тұр­ғын­­дарының осы уақытқа бейім­де­луі үшін ер­те жатып, ерте тұруға үйренуі және фи­зикалық белсенділікті арт­­­ты­руы қажеттігін атап айт­қан.

Алайда күн сәулесі өзге ай­мақ­­тарға қарағанда әлдеқай­да ер­те түсетін кенді Алтай өңірі жұрт­шылығының жаңа уақыт бел­деуіне көндігуі қиынға соғып, ша­ғымдануын жалғастыра бер­ді. Олар: «Егер бұрын таң біз­де сағат 3.30-да ататын болса, қазір 2.30-да атады. Күн бұ­рын сағат 8-де бататын болса, қа­зір 7-де батып кетеді. Малы­мыз­ды бұрын таңғы 6-да өріс­ке шы­ғаратын болсақ, енді сағат 5-те шығаратын бол­дық», де­ген уәж айтты. Осыған орай уа­қыт белдеуі туралы мәсе­лені тал­қылау жөніндегі жұмыс то­бы­ның мү­шелері өткен жылдың со­ңында Шығыс Қазақстан об­лы­­сының Катонқарағай ауда­ны­на барып, жергілікті тұр­ғын­дармен кездесті. Нәти­жесінде, қанатқақты жоба ретінде биыл ауданда жұмыс күнін са­ғат 8.00-ден бастап, 17.30-да аяқ­тау туралы шешім қабыл­дан­ды. Түскі үзіліс күндізгі сағат 12.00-ден 13.30-ға дейін болып бел­гіленді. Аудандағы 40 меке­менің барлығы жаңа жұмыс кестесіне көшті. Ал бұрыннан таң­ғы сағат 8-ден бас­тап жұ­­мыс істеп келе жатқан мектептер, балабақшалар мен ауруханалар жұмыс уақытын өзгерткен жоқ. Жаңа жұмыс кестесін жергілікті кәсіпкерлер де қолдады. Осы қанат­қақ­ты жобаға ақпан айын­да – Марқакөл, Үлкен На­рын аудандары, наурыз айында Тарбағатай, Зайсан, Күр­шім және Самар аудандары қо­сылды. Бұл жергілікті тұрғын­дар­дың жарық мерзімді бір са­ғат ұзағырақ пайдалануы­на мүм­кіндік берді. Осы­лай­ша, туын­даған мәселені даурықпай-ақ шешу жолы табылды. Бұл – Мемле­кет басшысының азаматтардың мұқ­­таж­дықтарын өтеуде бюро­­кра­­­тиялық кедергілерді болды­р­мауға бағытталған «Халық үні­не құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасының нәтижесі.