Current Date: 02-04-2025

Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толды

Құстың тілін білген композитор! «Құстар әні» қазақ даласынан асып жер жүзін шарлап кеткелі қашан?! Нұрғиса Тілендиевтің бұл туындысы 1965 жылы жазылды. Сөзі Тұманбай Молдағалиевтікі.

Бүгін сол даңқты күйші, композитор, дирижер, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев дүниеге келген күн. Ұлы сазгердің туғанына 100 жыл толды. Осыған орай әр өңірде тағылымды кештер ұйымдастырылып, өнер иесінің өмірін арқау еткен қойылымдар өтіп жатыр. Мерейтой жыл соңына дейін жалғасып, Парижде қорытындыланады.

Нұрғиса Тілендиев ұлттық музыканы 500-ден астам туындымен байытты. Бүгінде даңқты композитордың шығармалары қазақтың әр үйінде шырқалады. Туған топырақ, шыққан тек, өскен ортасы оны өнерге жетеледі. Нұрғисаның әкесі Тіленді Жетісу өңіріне танымал күйші болған. Ал анасы Салиха ән салғанда ауылда құлақ түрмейтін жан қалмайды екен. Нұрағаның өзі де тегінде бар күйшілікті көзі тірісінде тілге тиек етіп отырған.

Дінзухра Тілендиева, Н.Тілендиевтің қызы:

- Әкемнің 100 жылдық мерейтойы күллі қазақ үшін айтулы шара. Ол өз халқын шексіз сүйді. Жүрегін жарып шыққан әр шығармасынан еліне, жеріне деген ыстық махаббаты көрінеді. Әкемнің бейнесі мәңгі көз алдымда. Айтқан өсиеті мен ақылы әлі күнге құлағымда тұр.

«Саржайлау», «Ақ құсым», «Куә бол», «Алатау», «Есіңе мені алғайсың». Ахмет Жұбановтың төл шәкірті Нұрғиса Тілендиевтің әндері халық жүрегінде. Бүгінде асылдың сынығы Дінзухра Тілендиева әке аманатын арқалаған. Ол 1980 жылдары кемеңгер құрған «Отырар сазы» оркестріне жетекшілік етеді. Шағын ансамбль болып бой көтерген шығармашылық топ елдегі маңдайалды өнер ұжымына айналды. Осылайша, Нұрағаның бір өзі бүтін бір музыка мектебін қалыптастырды. Ән саңлағының төл кино өнерінде де қайталанбас қолтаңбасы жатыр. Қазақ сазының сайыпқыраны «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» көркем фильмдеріне музыка жазып, ұлттық руханиятты зау биікке көтерді.

Жалғасбек Бегендіков, ҚР Еңбек сіңірген артисі, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінің дирижері:

- Біздің маңдайымызға біткен бақытымыз Нұрғиса Тілендиев. Ол композиторлығымен, күйшілігіменен, дирижерлығымен, қазақтың бір ауыз сөзімен айтқанда арқасы бар адам. Нұрғиса Тілендиевтің шоқтығы биік шығармаларының бірі «Махамбет» поэмасы. Менің таңқалатыным, қай оркестрге барайық, мен енді қазір алдыңғы толқын дирижер ретінде көптеген республиканың ішіндегі облыстық оркестрлермен кездесіп жатамын. Сол уақытта «Көңілашар», «Сарыарқаны» қалай жатқа ойнаймыз, «Махамбет» күй поэмасын солай жатқа ойнап береді. Әбден жатталып қалған, халықтың үлкен сүйіспеншілігі, құрметі.

Сағат Кәртеңбаев, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінің сырнайшысы:

- Ол кісі балаша да қуана білетін. Керек кезінде оркестрді жинап, бір уысында ұстайтын. Ол кісі ашуланған кезде алдына ешкім келе алмайды. Шытынаған көзінің мысы басып жіберетін. Бір күні отырсам, біреу артымда тұрған сияқты. Сонда Нұрағаң. Содан кабинетіне шақырып: «Сен бала дайындалсаң, бірдеңе шығады сенен», — деді. Сол сөзден жауапкершілікті мойнымызға алып, келе жатырмыз.

Бір бойына осыншама талант қонған тау тұлғаның қарымына таңдай қақпаған жан кемде-кем. Ол күй тартқанда Жайыққа аққулар қонған деседі. «Құстың тілін білген», - дейді көзкөргендер. Қоңыр күзде қимас әнге салған құстармен Нұрағаң да келместің кемесіне мініп кете барды. Алайда қазақ даласын сазға бөлеп, әсем әуенімен тербеткен, бір өзі қазақ музыкасының тұтас дәуіріне айналған Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы мәңгілік.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Мадияр Қындыбаев