Былтыр Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтті. Этноспорт аламанында көпшіліктің назары ат спорты, оның ішінде бәйге түрлеріне ауғаны анық. Төрткүл дүние назарын аударған «Ертеден салса кешке озған, ылдидан салса төске озған» арғымақтардың да дүбірі көптің есінде. Әсіресе аламанның алды болған Айқабақ арғымақ.
Қазір Айқабақ Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Көкбастау ауылында жас атбегі Жамбыл Бөбекбайдың баптауында. Сарыарқаның сайын сахарасын дүбірге бөлеген Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өткенге дейін бұл жануар қатардағы көп жүйріктің бірі еді. Рас, бірнеше бәйгеге қатысты, тіпті топты жарып жүлделі де болды. Бірақ бір жылда бірнеше автокөлік ұтатын арғымақтар секілді абыройы асқақтап, жұртшылықтың жадына жаттала қоймаған еді.
«Айқабақты дөненге шығарында Польша мемлекетінен сатып әкелдік. Еуропада бәйгеге қосылуы былай тұрсын, бас асаулығы басыла қоймаған, көп мінілмепті де. Жүйрікті сатып аларда тұқымының тазалығына баса мән береміз. Айқабақ та ат баптаушыларға етене таныс айғырдың тұқымы. Тұяғы кетілмеген, сіңірі созылмаған, дене тұрқы да келісті екен. Белді жануар екені бірден көзге ұрып тұрды. Елге жеткізілген соң, үйретіп жуасыттық. Аттарды суытып, жарату маусымы кезінде көбіне Айқабақты өзім мінемін. Жүйріктің жалынан ұстап шоқтығына қонғанда-ақ оның күш-қуаты айқын аңғарылады. Жүрісінен, тұрысынан да жүйріктігі байқалады. Бұл жануардың мінезі ашық. Кейбір жүйрікті жарату кезінде көбірек күш салып жіберсең ертеңіне мүлгіп есеңгіреп қалады. Ал Айқабақ керісінше, қамау терін алып таң асыра суытып, ертеңіне тағы мінсең де қунақ қалпында ойнақшып шыға келеді. Бала секілді еркелеп ойнағанды қалап тұрады. Жарату кезінде жүктемені арттырсақ та ауырсынбайды», дейді Ж.Бөбекбай.
Былтырғы көшпелілер ойындарынан кейін Айқабақты сатып алуға ықыласты жандардың қатары күрт артыпты. Тұлпар болар құлынды тұяғынан тап басып танитын атбегілер, әрине, қызығады. Себебі биыл дөненнен бесті шығады, тым жас. Алда әлі талай додалы бәйге бар. Күйін қайырып баптай алса, бағын асыратыны белгілі. Бірақ сатылмайды дейді Жамбыл.
Жамбылдың даңқын асырған жүйрігінің Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына жолы қалай түскені өз алдына бөлек әңгіме. Өйткені айтулы аламанға хас жүйріктің қосылмай қалуы да бек мүмкін еді. Былтыр Бәйге федерациясы ерте көктемнен сарша тамыздың соңына дейін еліміздің бірнеше өңірінде іріктеу кезеңін өткізді. Іріктеу маусымына кейіпкеріміз де тай, құнан, топ һәм аламан бәйгеге жаратқан 33 арғымағын қосып, шама-шарқын сынады. Солардың арасында Айқабақ та бар еді. Мамыр айында Талдықорған қаласында өткен іріктеу кезеңінде бұл тұлпар топ бәйгеге қара үзіп келді. Жүйріктің бауырын жаза көсілуі, еркін тыныстауы, көмбеге таяғанда арынын күшейтіп қарқын алуы сенімін нығайтты. Бірақ көшпелілердің аламан бәйгесіне Береке деген жүйрігін қосуды көздеп жүрген. Көлденең киліккен қырсықты қарасаңшы, кезекті бәйгеде бұл арғымағы тұяғын кетіріп алады.
«Айқабақты топ бәйгеде сынағанымызбен аламанға қосып, аурасын сезіндірудің мүмкіндігі болмады, уақыт өте қысылтаяң еді. Бірақ жануардың мінезіне, қажыр-қайратына сенім арттым. Астанаға арғымақтарымызды көлікпен күні бұрын жеткізіп, жергілікті ауа райына бейімдедік. Бірақ Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының аламанына Айқабақтың қосылу, қосылмауы дүдәмалдау болды. Себебі еліміздің атынан қосылатын тұлпарлар саны шектеулі. Бәйге федерациясының басшылығы атымызды резервте ұстау жөнінде шешім қабылдады. Жазатайым жағдай орнап, елімізден қатысатын тұлпарлардың бірі ауырса, не болмаса суыту кезінде жарақаттанса орнын алмастыратынын айтты. Дода басталатын күн таяғанда Талхиз жүйріктің белгілі бір себеппен қосылмайтыны айтылды да, Айқабақты қосуға рұқсат етті. Жануардың бабы келіп бәйге тілеп зар күйінде жүрген-ді. Аламанның алды болып алтын медаль олжалайтынымызға да ішкі түйсігім беріктене түсті. Десе де Қырғызстаннан әкеп қосқан Қарақыз, елімізде талай бәйгенің алдын бермей даңқы шыққан Жұмыртұяқтан ептеп қаймыққаным да рас. Қанша дегенмен мұндай дүбірге әбден төселген тұлпарлар тәжірибесі кемшін жүйрігімді шаңға көміп кете ме деген ой қаумалағаны да шындық», дейді атбегі.
Атбегінің көшпелілер ойындарының аламан бәйгесіне Айқабақты тәуекелмен қосқанына таңдандық. Бұған дейін аламан бәйгеге шаппаған, ұзақ қашықтықта бағын сынамаған тұлпарды түмен жұрт көзін суарған додаға салды.
Көшпелілер ойындарының аламан бәйгеден түсірілген бейнежазбасының үзік-үзік көріністері әлеуметтік желіде жүр. Соған байыптап қарасаңыз, Айқабақты тізгіндеген шабандоз Аңсар Арыстанбек соңғы айналымға дейін алдыңғы топтың ортасында үзеңгі қағыстыра қатар жүйткіп келеді де, тек көмбеге 500 метр қалғанда қояндай ытқып суырылып алға шығады. Бұл да шабандоздың ептілігін, салқынқандылығын аңғартса керек. Себебі кейбір жеткіншектер сөреге жақындағанда ат айдаушының соңғы айналым қалды деген құлақтандыруын ести сала еліріп тізгінді қоя береді де, атының күшін сарқып алады. Аңсар ондай ұшқалақ емес. Бұл да атбегі Жамбылдың шәкірт тәрбиелеудегі орасан табысы.
Дүйім елге Дүниежүзілік көшпелілер ойындарынан кейін даңқы жайылған дүлдүлін атсейіс Жамбыл биылғы маусымға да баптап жүр. Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс ел ішінде бәйгенің жаңа маусымы да түңлігін түреді.
Жамбылдың әкесі Серік Маймақов 2016 жылы Қырғызстанда өткен ІІ Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының аламанына арғымағын баптап қосып, қалың қырғыздың өзегіне өрт сала отырып бас бәйгені қанжығасына бөктеріп еді. Сол соқпақты жаңғыртып баласы да зау биікке көтерілді. Қандай керемет тарихи нәтиже! Сәйгүлігің сүрінбесін, атбегі!