Current Date: 31-03-2025

Бізде инженер мамандығы бар ма, жоқ па?

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес жиынында инженерлік-техникалық маман даярлаудың ұлттық үлгісін әзірлеуді тапсырып, бұл – «отандық өнеркәсіп үшін ерекше өзекті мәселе екенін» айтты.

Жалпы, бүгінгі қоғам ұмыта бастаған инженер не кәсіп? Ол – ғылыми жаңа­лық­тар­ды өнеркәсіпке енгізіп, өмір сапасын жақсартуды көздейтін жоғары білім және білікті кәсіп. Инженер – материал­дар мен құрылғыларды есептеу әдістерін терең меңгерген, соны сауатты сызып, оқи алатын маман. Сондай-ақ ол – тех­никалық жобалау жөнінде ұсыныс бе­ріп, өнеркәсіп, техника, технология, т.б. нысандар құрылысының техникалық-экономикалық негіздемелерін жасайтын, техникалық құжаттарды әзірлейтін, конструкциясын талдайтын, іске қосу­­ға дейінгі жұмыстарын реттейтін жоға­ры интеллектуалдық-инновациялық мамандық. Инженер – қолда бар мүм­кін­діктің тиімді жаңа әдісін есептеп, қа­жетті жоба шешімін табушы.

Тарихына келсек, біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда әскери механизмдерді жасаушыларды «инженер» деп атаған. Кейін инженер атағы жеке адамдарға берілген. Мысалы, мұндай атаққа әйгілі өнертапқыш Леонардо да Винчи ие болған. Ол түрлі сызбадан бөлек сүңгуір костюм, парашют, дельтаплан, тік­ұшақ, прожектор, т.б. ойлап тапқан. Орта ғасырда Ирактан шыққан әл-Жазари де инженер атанған. Ол түрік Артықоғлы әулетінің сарайлары арнап су соратын бес механизм ойлап шығарған. Оның екі жақты поршеньді сорғыш машинасы машинажасау саласында маңызды рөл атқарды.

Қайта өрлеу дәуірінде Уильям Гил­берт инженер деңгейіне көтеріліп, 1600 жылы «электр» терминінің негізін қалады. Ал алғашқы бу қозғалтқышы машинасын 1698 жылы ағылшынның инженер-механигі Томас Савери жаса­ған. Шотланд инженері Джеймс Уотт 1768 жылы ең алғашқы бу машинасы қуа­тының бірлігі ретінде ат күшін енгізген.

ХХ ғасырдың танымал инженерия­сында сербтік физик әрі инженер Никола Тесланың орны бөлек. Ол электр машиналары құрылымын дамытып, 24 түрін ұсынған. Жаңа коммутатор мен регулятор ойлап тапқан. Немістің автоинженері Карл Бенц 1886 жылы патент алып, «Мерседес-Бенц» автомобиль зауытының негізін қалаған. Ресей-неміс инженері әрі физигі Борис фон Якоби айрық­ша электрқозғалтқышты өмірге әкелді. Франция инженері Дизель Рудольф iштен жанатын қозғалтқыш жасаған. Румын инженері Элиса Замфиреску – инженер дәрежесін алған алғашқы әйелдің бірі. Украинада туған Сергей Коро­лев – ғарыш зымыраны негізін қалаушы конструктор.

Қазақ инженерлеріне келсек, Түр­кістан автономиясы үкіметін басқарып, Алашордаға мүше болған Мұхамед­жан Тынышбайұлы – Санкт-Петербор Императорлық жол қатынасы институтында оқыған тұңғыш теміржол ин­женері. Ол Орта Азия темір жолы құрылысына көп жаңалық енгізді. Ал әйгілі Қаныш Сәтбаев – 1926 жылы Том технология институтын бітірген тау-кен инженер-геологі. Қазақ қыздарынан шыққан алғашқы инженер-металлург Мәдина Бегалиева Мәскеу өнеркәсіп академиясынан қанат қаққан.

Баку қаласында Мұнай институтында оқыған Сафи Өтебаев, Қазақ тау-кен металлургия институтын бітірген Өмірхан Байқоңыров, Харьков инженерлік-құрылыс институтының түлегі Төлеубай Жүнісов, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті механика-математика факультетін тәмамдаған Өмірбек Жолдасбеков Қазақстанда атал­ған салалардың көшбасшы инженерлері болып, тәжірибелік және ғылыми мектеп қалыптастырды.

Кеңес тұсында республикамыздың жетекші инженерлері қатарында Қазақ­стан басшысы деңгейіне көтерілген мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұха­мед Қонаев та бар. Ол Мәскеу түсті металл институтын бітіріп, елеулі уақыт тау-кен өндірісі саласында қызмет істеді. Кейін «Сіз талай қызмет атқарды­­ңыз? Соның ішінде қайсысын аты-жөні­ңіз­ден соң бірінші тұрғанын қалай­сыз?» деп сұрағанда, қайраткер: «Тау-кен инже­нері!» деп жауап беріпті.

Міне, осы ұстаным инженер маман­дығының билік лауазымынан да жоғары және қадірлі екенін көрсетеді.

Сонымен, бүгін елімізде инженер мамандықтары даярлана ма? Жұрт­тың бәрі «Қалайша даяр­­лан­байды?» деп ойлауы мүмкін. Бірақ қазіргі қол­да­нылымдағы мамандықтар жікте­ме­сінде (классификатор) «инженерия және инженерлік іс» ішкі бағыт ре­тінде көрсетілген де, осы саладағы маман­дықтың бәрі «Техника ғылымы және технология» деп жүйеленген (бакалавриатта да, магистратурада да, докторан­турада да). Яғни бүгінгі Қазақстан уни­вер­ситетінің түлегі «инженер» дипломын алып шықпайды.

Мысалы, классификаторда «Инже­нерлік, өңдеу және құрылыс салалары» деген жалпы бағытта, ал іштей «Ин­же­нерия және инженерлік іс» деп көрсе­тілген бағытта оқыған бакалав­риат түлегінің алатын дәрежесі – «Техника және технология бакалавры». Сонда «инженер» аты мен заты қайда кетті? Сауатты адам инженерия мен технологияны ажырата алады деп ойлаймыз.

Рас, еліміз техникалық мамандық­тарға баса назар аударып, студенттерге заманауи білім беруге тырысып-ақ жатыр. Бұл үдерісте жаңа білім бағдар­ламаларын енгізу кеңінен қол­ға алын­ды. Бірақ, өкінішке қа­рай, мем­лекет­тегі ғылыми-техникалық кешен­­нің да­муында инженерлік ой, тұжы­рым­дама, көзқарас кемшін түсіп жат­қаны байқалады. Өйткені нақ осы ин­­же­нерлік сала жаңа инновациялық тех­ни­каларға, қызметтерге, техноло­гиялар­ға зәру.

Жоғары мектеп бітірушілері техни­калық, соның ішінде инженерлік ма­ман­дық алмай отырғаны бізді қатты тол­ған­дырады. Мұның себебі де бар. Қазақ­стан 2010 жылы Еуропалық жо­ғары білім кеңістігіне еніп, Болон үдерісінің (процесінің) мүшесі болды. Осы арқылы отандық университеттер білім бағдарламаларын «халықаралық стандартқа» сәйкестендірді. Иә, біз өзіміз солай дейміз. Алайда озған елдер үшін ондай стандарт – шартты және олар «әлемдік стандарт» деген ұғымды мүлде қолданбайды.

Сөйтіп, бакалавриат, магистратура білім бағдарламаларын бітірген жас маман ресми де, диплом жүзінде де инженер емес. Бұл жерде оның сапасы туралы әңгіме бөлек. Ал еліміздің кәсіпорындарында, өндірісінде «инженер» деген бірлік бар және осы инженер мамандығына байқау жариялап жатады. Сонда сала басшылары дипломында «инженер» деген мамандығы жазылған адамды қайдан таппақ? Мұны олар қалай түсіндіреді екен?

Осы өзекті мәселенің жалғыз шешімі бар. Егер кәсіби, сапалы инженерлерді қазір өзіміз даярламасақ, болашақта шетелден қомақты қаржыға шақыру­ға мәжбүр боламыз. Өкініштісі, бұл мәселені атқарушы биліктегі жауапты азаматтар білмейді. Тіпті университет басқарып отырған кейбір ректорлар да түсіне бермейді. Себебі олар­дың көпшілігі инженер маман­дығы­ның мәнінен, бастан кешіп жатқан қиындығынан хабарсыз.

Әлем осы жағдайға қалай қарайды? Мысалы, Америка, Қытай, Ресей сияқты елдер инженер даярлауда жоғары дең­гейлі білім жүйесінің сапасымен танымал. Олардың университеттері инженерия саласында озық бағдарламалар ұсынып, үзіліссіз маман әзірлеп келеді.

Атап айтсақ, Америка құрама штат­­­тарында Массачусетс технология универ­­ситеті (MIT), Калифорния технология уни­верситеті (Caltech), Стэнфорд университеті – әлемдегі ең жақсы инже­нерлік мектептер. Сонымен қатар АҚШ-та көп университет инженерлік зерттеулерге өте қомақты қаражат бөледі.

Алып Қытай кейінгі онжылдықта жоғары техникалық білім саласына үл­кен инвестиция құйып, Цинхуа универ­ситеті, Бейжің университеті, Шанхай Цзяо Тон университеті, т.б. жоғары оқу орындарын әлемдік инженерлік білімнің биік деңгейіне жеткізді.

Көрші Ресейде инженерлік білім бағ­дарламалары байырғы дәстүрін сақ­тап отыр. Түрлі қиындыққа қарамай, Мәскеу мемлекеттік университеті, Санкт-Петербор мемлекеттік политехника уни­верситеті, Мәскеу авиация инс­титуты, т.б. сапалы инженер әзірлеумен танымал.

Әлбетте, инженерлік және ғылыми-техникалық дамуға сәйкес осы сала әр кез білім жүйесін үзіліссіз жетілдіру­ге тиіс. Университеттерде инженер даяр­лаудың негізгі маңызды пәндері – «Материалдар кедергісі» (Сопромат), «Құрылыс механикасы», «Сызба геометрия мен инженерлік графика», т.б.

Өкінішке қарай, елімізде жылдан-жылға осы пәндердің сапалы оқыту­шылары да, ғалымдары да азайып келеді. Неге? Өйткені бұрынғы инженер мамандарын әзірлейтін оқу орындарының жаңа басшылығы және министрліктегі білім бағдарламаларына жауап беретін құрылымдар осы классикалық пәндердің мәнін жылдан-жылға қысқартумен, ойланбай «оңтайландырумен» (жабумен) айналысқаны жасырын емес...

Мұны айтамыз-ау, инженерлік бағыт пен пәндердің үйлестірушісі универ­ситеттердегі дәстүрлі кафедраның көбі жабылды. Мәселен, инженерлік маман­дықтардың күретамыры – «Сызба геометрия» пәні болса, елімізде «Сызба геометриясы» кафедралары түгел дерлік қысқартылды. Алысқа бармайық, бір ғана Мәскеу теміржол университетінде «Сызба геометриясы» кафедрасының (түрлі өндіріс бағыты бойынша) саны – 7. Ал Мәскеу тау-кен университетіндегі «Сызба геометриясы» кафедрасында 100-ге тарта профессор, доцент қызмет істейді. Беларусь ұлттық техника­лық университетінде 30–40 маманнан тұра­тын екі «Сызба геометриясы» кафедрасы бар. Инженерлік мамандықтар­дың асыл арқауы сынды әйгілі «Материал­дар кедергісі» (Сопромат) кафедралары­ның да әлдеқашан иманы үйірілді. Біз, осы саланың мамандары, бұл «жою мен құртудың» себебін жақсы білеміз, бірақ ауыр салдарына күні-түні қам жейміз. Мұны жалпақ тілде түсіндірсек, «Қазақстанда сауатты инженер болмасын! Инженерлік дәстүр жойылсын!» деген жаман тілеу. Әділеттілік кезеңін­де осыны көре тұра үндемей қалуды жауапсыздық санаймыз.

Инженерлік мамандықтарда оқыты­латын басты курстарға (пәндерге) келе­йік. Ең сүбелісі – «Материалдар кедер­гісі» (Сопромат) көбінесе құрылыс және машина жасау салаларындағы білім бағдарламаларында оқытылады. Ол – материалдардың механикалық қасиетін, әрекет кезіндегі беріктігін түсі­нуге көмектесетін пән. Құрылымдық эле­менттерді жобалау мен бағалауды үйре­теді. Басты мақсаты – инженерлер­ге материалдардың механикалық сипаттамаларын, соның ішінде серпінділікті, пластикалықты, тозу теориясын мең­герту. Бұл кез келген инженерлік жобада материалдарды дұрыс таңдауды және жобаланған құрылымның сенімділігін қамтамасыз етуді есептеуін үйретеді.

Келесі пән – «Құрылыс механикасы». Бұл – көбінесе құрылыс инженериясымен, технологиясымен, жобалау­мен айналысатын инженерлерді да­яр­лауда қажет пән. Ол құрылымдық эле­менттердің, атап айтсақ, бағандардың, аралықтардың, жабындардың меха­никалық қасиеттерін білу мен есептеу үшін керек. Студент бұл пәннен күштердің әсерінен пайда болатын ішкі ерекшеліктер мен деформацияларды есептеуді үйренеді.

«Сызба геометриясы мен инже­нер­лік графика» – инженерлер үшін өте маңызды пәннің бірі. Сызба геомет­­­риясы, біріншіден, келешек инже­нер­лерді кеңістікте ойлау қабілетін қалып­тастырып, арттырады. Олардың креа­тивті жобалар жасауы мен шығарма­шы­лық әлеуетін арттырады. Екінші­ден, өлшемдерді, көрнекі кескіндерді, геометриялық пішіндерді зерттеуді, олардың арасындағы инженерлік тұр­ғылықты және өлшем есептерін ше­шу­ді және түзулер, жазықтықтар, бет­тер, өзара қарым-қатынастарын нақты бей­неленуді үйретеді. Сонымен бірге ин­женерлік графика визуалды ақпа­ратты нақты техникалық сызбаларға айналдыруға, құрылымдар мен машина бөлшектерінің сызбаларын дұрыс және дәл жасауға баулиды.

Міне, инженерлік білім бағдар­лама­лары мамандығына сай осындай арнайы пәндерді де ұсынып, студенттер­дің теориялық білімдерін тереңдетіп, әлемдік жобалар мен міндеттерді орындауына мүмкіндік туғызады.

Ең сорақысы, жоғарыда аталған пән­дерді қазіргі университеттердің көбі білім бағдарламаларына қоспаған. Неге? Айтатын маман болмаған ба, әлде әдейі «саботаж» жасалынған ба? Мұ­ның басты себебі – университеттер шартты автономияға көшіп, инженер мамандарды даярлаудың ортақ сауатты тұжырымдамасын әзірлемегендіктен. Бұл көзқарас елдің инженерлік дамуы­ның бүгіні мен ертеңіне балта шауып отырғандай. Осы мәселе Парламенттегі депутаттарды және саланың жауапты құрылымдарын ойландырмағаны қызық көрінеді. Әйгілі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеттің дабыл қақпай отырғанына да таңбыз. Аты дардай Ұлттық инженерлік академия еліміздегі инженерлік жоғары білімнің жай-жапсарынан, әсіресе білім бағдарламаларының аты мен затынан, мазмұнынан, сапасынан хабардар ма екен?..

Биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрыл­тайда әр ғылым саласы қауымдастығы­ның (ассоциациясы) қажеттігі туралы мәселе көтерілді. Расында, сондай ортақ ұйымның жоқтығынан біздің үніміз бәсең немесе өзекті пікіріміз тиісті орындарға жетпейді.

Сонымен бірге бұл өзекті мәселе орта мектептен бастау алатынын ұмытпа­лық. Қазір мектепте дәстүрлі «Сызу» пәні негізгі пәндер қатарынан әлдеқашан шық­қан. Оны күлдібадам «Графика және жобалау» атауына ауыстырған. Алайда мұндай пәнді оқытатын кәсіби дип­ломды мұғалім жоқ. Себебі елде бірде-бір оқу орын мұндай бағыт­та бакалавр, магистр даярламайды. Ал «Сызу» пәні – халықаралық техника тілі, техника пәнінің әліппесі. Осылайша, оқушылардың болашақ инженер боламын деген құқын шектеп, сауатсыздыққа қолдан жол ашып отырғанымызға күйінеміз. Біздіңше, мектеп жүйесіне ана тілі, орыс тілі, ағылшын тілі қандай керек болса, техникалық тіл – «Сызу» сондай керек. Бұл – аксиома!

Қорыта айтқанда, Президентіміз елі­міздегі өндіріс пен өнеркәсіпті көтеруді міндеттеп отырған кезеңде жоғары оқу орындарының инженерлік білім бағдарламаларын қайта қарап, дәстүр мен жаңашылдықты тең енгізуі қажет деп ойлаймыз. Ол үшін мынаны ұсынамыз:

Біріншіден, Ғылым және жоғары білім министрлігі мамандықтар жікте­ме­сіне (классификатор) «инженер» маман­дығын нақты және жүйелі енгізуді қарастырғаны жөн. Мысалы, құрылыс саласы түлегіне диплом берерде «дәреже» деген жерге «құрылыс бакалавры» (немесе магистрі), «білім беру бағдарламасы бойынша» деген тұсқа «инженер ісі» деу ақылға сыйымды.

Екіншіден, «инженер» маманды­ғының (түрлі саладағы) білім бағдар­ламаларын (бакалавр, магистратура, док­торантура) әзірлеу мақсатында АҚШ, Қытай, Ресей университеттері тәжі­рибесіне сүйеніп зерттеп-зерделейтін жұмыс комиссиясын құру керек.

Үшіншіден, білім жүйесі сабақ­тас­тығын сақтау жолында орта білім жүйе­сіне классикалық «Сызу» пәнін қайта енгізуді немесе енді ғана тәжірибеге енгі­зілген «Графика және жобалау» пәні мамандарын педагогикалық университеттерде даярлауды жан-жақты ойластырған абзал.

Әуез БӘЙДІБЕКОВ,

инженер, профессор, техника ғылымдарының докторы