Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Қазіргі заманда экономика инновацияға негізделуі керек екені сөзсіз. Біз ғылымды дамыту, соның ішінде қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. Ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға, ғылым мен өндірістің байланысын күшейтуге баса мән беріліп отыр», деп атап өтті. Сондай-ақ «Қазақстанда әлі күнге дейін бірде-бір ғылым қалашығы жоқ» екенін айта келе, «Үкімет осы бастаманы жан-жақты зерделеп, тиісті заң дайындауы керек» деп нақты тапсырма берді.
Ғылымды қажет ететін аумақтарды құру – бүгінгі заман талабы. Мамандандырылған ғылыми-технологиялық аймақтар ғылыми ұйымдарды, кәсіпорындарды және инновациялық стартаптарды біріктіреді. АҚШ-тың Стэнфорд университетінің негізінде құрылған «Силикон алқабы», Кембридж ғылыми паркі (Ұлыбритания), Гуанчжоу ғылыми қалашығы (Қытай) ұлттық инновациялық жүйелерді дамытуда өз тиімділігін көрсетті. Сондықтан әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының шекарасына қосылуды мақсат етіп отыр. Бұл біздің университетке Алматы қаласының инновациялық экожүйесіне интеграциялануға және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға, бастысы – ғылыми қалашыққа айналуға зор мүмкіндік береді. Студенттер үшін білім мен тәжірибені ғылыммен қатар алып жүруге жол ашылады. Кәсіби білік пен іскерлік дағдылары қалыптасқан мамандар өндіріс орындарының жоғары сұранысына ие болады. Бастысы – ғылыми-технологиялық аймақтарға бірігуге QS халықаралық рейтингінде 163-орынды иеленген ҚазҰУ-дың жаңарған техникалық базасы мен зерттеу әлеуеті жеткілікті. Бұған университет базасындағы жаңадан ашылған Суперкомпьютер кластері, Роботтехника және мехатроника бойынша компетенция орталығы, «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы, «Қашықтықтан зондтау технологиясы және қолдану» зертханасы, «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы, Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығы, «Farabi chem science» кластері, «Chemical Coatings Innovations» химиялық ғылыми-өндірістік орталығы жарқын мысал бола алады.
Суперкомпьютер кластері
2019 жылы 11 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында Қазақстанға суперкомпьютер әкелу туралы үкіметаралық келісім жасалды. 2024 жылы 3 шілдеде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары кезінде Мемлекет басшысы шағын құрамда келіссөздер жүргізіп, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Сол кездесудің нәтижесінде «Qingdao Aucma Import & Export Co» компаниясы ҚазҰУ-ға суперкомпьютер жеткізетін болып шешілді. Көп ұзамай Орталық Азиядағы қуаты ең жоғары суперкомпьютер оқу орнында орнатылды.
Суперкомпьютер кластері Қазақстанның жаһандық аренадағы бәсекеге қабілеттігін арттырып қана қоймай, отандық инфрақұрылымды дамытуға септігін тигізеді. ІТ және жасанды интеллект саласында білікті кадрларды даярлауға мол мүмкіндік береді. Мамандардың есептеу техникасы саласында қолын ұзартады. Ғылыми зерттеулердің тиімділігі мен дәлдігін арттырып қана қоймай, ғылыми зерттеулерге кететін уақытты әлдеқайда қысқартады.
Суперкомпьютердің құрамында генетикалық деректерді кешенді өңдеуге арналған қолданбалы бағдарлама бар. Мұнда реттілік деректерді алдын ала өңдеуден бастап, геномдық тізбекті талдауға дейінгі жұмыстар атқарылады. Бұл бағдарлама генетикалық деректермен жұмыс істейтін ғалымдар үшін өте қажет. Яғни геномдық зерттеу үдерісін жеңілдетеді және жеделдетеді.
Суперкомпьютердің өнімділігі – 2000 терафлопс. Әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің бірі. Архитектурасы Intel және NVIDIA компанияларының процессорларынан құралған, қуаты ең заманауи дербес компьютерден 10 мың есе артық. Қазіргі қолданыстағы компьютерлердің ондаған жыл бойы орындайтын есептерін бір сағатта шешуге қабілетті.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан қазақ тіліне арналған үлкен тілдік моделін (LLM) әзірлеуде де суперкомпьютердің қуаты мен мүмкіншілігі кеңінен пайдаланылуда.
Сонымен бірге Алматы қаласының «Smart City» жобасының бейнемониторинг жүйесі мен ситуациялық орталығының деректерін жинауға қолайлы. Еліміздің зерттеушілері ҚазҰУ суперкомпьютерінің есептеу қуатын климаттық модельдеу, машиналық оқытудың озық алгоритмдерін әзірлеу, «Big Data» және жасанды интеллект салаларында да пайдалана алады.
Суперкомпьютерді қолдануға еліміздің бірқатар министрлігі қызығушылық танытты. Барлық жоғары оқу орнын осы машинаның есептеу әлеуетін бірлесе пайдалануға шақырамыз.
Роботтехника және мехатроника бойынша компетенция орталығы
Қазақстан Президенті 2019 жылы «Алтын сапа» сыйлығын тапсыру салтанатында: «4.0 индустриясы отандық өнеркәсіпті жаңғыртудың өзекті әрі маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Бұл бағытта кәсіпорындарды цифрландыру бойынша қанатқақты жобалар жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, технологиялық дамудың қазіргі деңгейінен «ақылды өндіріс» деңгейіне көшу қамтамасыз етілуге тиіс, яғни өндіріс толық автоматтандырылуы және роботтандырылуы қажет», деп атап өткен еді. Осы тапсырмаға сәйкес, 2024 жылы ҚазҰУ-да Роботтехника және мехатроника бойынша компетенция орталығы құрылды. Германияның алдыңғы қатарлы «KUKA» компаниясының роботтарын алу бойынша келісімдер жүргізіліп, былтыр оқу орнына арнайы жеткізілді. Орталық «Өнеркәсіп-5.0» жүйесінде жұмыс істейтін кәсіби кадрларды даярлап, өндірісті автоматтандыру, цифрландыру бағытында қызмет көрсетуді көздейді. Сондай-ақ стартаптарға технологиялық операцияларды роботтандыру тұжырымдамаларын зерделеу, көрсету және сынау үшін бірегей алаң ұсынады. Бүгінгі таңда «Аstana Motors Manufacturing Kazakhstan» және «Hyundai Trans Kazakhstan» сияқты өнеркәсіптік компаниялармен келісім жасалған. Уағдаластық бойынша өндіріс орындарының қызметкерлері орталықта біліктілігін арттырып, тәжірибе жинақтайды.
«Farabi hub»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылы 7 қарашада жеке қабылдап, білім сапасын жақсарту, еліміздің дамуына ғылымның қосатын үлесін арттыру және университет қалашығын жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған сәйкес, «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойы аясында бой көтерді.
Хабтың мақсаты – озық білімге, технологиялар мен ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, ғылыми әзірлемелер мен технологиялық идеяларды нақты экономикаға енгізуді жеделдету.
«Farabi Hub» университеттермен және ғылыми институттармен, сондай-ақ инвестор компаниялармен әріптестік байланыс орнатады. Бірлескен зерттеулер жүргізіліп, жаңа технологиялар әзірленеді.
Соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған ғылыми зертханалар ғылым мен технологияның әртүрлі салаларында зерттеулер жүргізіп, тәжірибе жасауға мүмкіндік береді. Креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобаларды жүзеге асырады. Мұнда ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорациясы, Францияның жетекші мемлекеттік ғылыми мекемесі CNRS және басқа шетелдік компаниялардың орталықтары, университет базасындағы ғылыми зерттеу институттары орналасқан. Бұған қосымша коворкинг алаң, конференц-зал, фуршет залы, кофехана жұмыс істейді. «Farabi Hub» орталығының жалпы ауданы 5000 шаршы метрді құрайды.
«Қашықтықтан зондтау технологиясы және қолдану» зертханасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев университет ғылымын және инфрақұрылымын дамыту қажеттігін үнемі назарда ұстап келеді. Тапсырмаға сәйкес, «Қашықтықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасы 2024 жылдың наурыз айында ашылды. Қытай Ғылым академиясының Экология және география институтымен бірлесіп құрылған орталықта қашықтықтан зондтау арқылы спутниктік және геокеңістіктік талдаудың озық әдістері пайдаланылады. Яғни мұндағы ғалымдар Орталық Азиядағы климаттың, экологияның өзгеруі, құрғақшылық, жердің деградациясы, су ресурстарының тапшылығы және Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі сынды құбылыстарға сараптама жүргізеді.
Зертхананың негізгі мақсаты – қоршаған ортаның жай-күйін бағалау және болжамдық модельдерді дайындайтын ғылыми платформа қалыптастыру.
Дәстүрлі зерттеу орталықтарынан айырмашылығы – спутниктік кескіндерді, жердегі өлшемдерді және ұшқышсыз ұшу аппараттарынан алынған деректерді біріктіре отырып, өңдеудің мультиплатформалық технологияларын қолданады. Бұл табиғи үдерістердің алдын алуға және аймақтың экологиялық жағдайына әсер ететін негізгі факторларды анықтауға мүмкіндік береді.
Өйткені қазіргі таңда еліміз кешенді және жүйелі көзқарасты талап ететін күрделі экологиялық және экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Экономиканың барлық секторына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – жаһандық климаттың өзгеруі. 2050 жылға қарай маусымдық кезеңнің басталуы кем дегенде 10 күнге ауысады деп күтілуде. Сондай-ақ құрғақшылық пен аяздың жиілігі артады. Бұл аграрлық сектор мен жалпы экономика үшін қосымша қиындықтар тудырады. Климаттың өзгеруі жағдайында суды үнемді жұмсау маңызды бола түседі. Атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, топырақтың ластануын, әсіресе мұнай өнеркәсібі дамыған аймақтарда жердің құнарлылығын қалпына келтіру шұғыл шаралар қабылдауды қажет етеді.
Осы ретте қашықтықтан зондтау технологияларын қолдану ауыл шаруашылығы алқаптары мен ландшафттардың жай-күйінің өзгеруін дәлірек бақылай алады. ҚазҰУ ғалымдары табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың инновациялық шешімін қарастырып, «Құрғақ климатты аймақтардағы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы» ұсынысын әзірлеп отыр. Жоба бойынша тамшылатып суару әдісі қолданылып, өсімдіктерді күндіз ыстықтан, түнде суықтан қорғайтын «Groasis Waterboxx» құрылғысы орнатылған «ақылды» жылыжайлар салу көзделеді. Онда топырақтың, ылғалдың және температураның мөлшері автоматты түрде басқарылып, ылғал ұстап тұратын қоспалар пайдаланылады.
Бүгінгі таңда физика-техникалық, химия және химиялық технология, биология және биотехнология факультеттерінің ғалымдары судың шығынын реттейтін және оңтайлы микроклиматты сақтайтын мониторинг жүйелерін әзірледі. Университеттің «жасыл» технологиялар саласындағы әзірлемелері жылыжайлар мен ауылшаруашылық нысандарын тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ҚазҰУ ғалымдары «Plant Factory» (өсімдіктер фабрикасы) қағидаты бойынша энергия үнемдейтін жылыжайды сәтті сынақтан өткізді. Көкөніс, жидек және басқа дақылдарды топырақсыз, жасанды ортада – қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіру әдісін енгізді.
Осы зерттеулер мен ізденістер нәтижесінде «Құрғақ климатты аймақтардағы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы» жобасы дайындалды. Артықшылығы – суды тұтынуды 30 пайызға дейін азайтып, өнімділікті 15-20 пайызға арттыруға және ғылыми-техникалық базаны жетілдіруге ықпал етеді. Алайда бастаманы одан әрі дамыту үшін мемлекеттік деңгейде қолдау қажет. Салалық министрліктердің, әкімдіктердің, ғылыми орталықтар мен жеке бизнестің ресурстарын жедел біріктіруді қажетсінеді. Сонымен қатар қанатқақты жобаны енгізуге арналған нақты аумақтарды анықтап, қажетті қаржыландыруды қамтамасыз ету керек. Ғалымдар, инженерлер, агрономдар мен экономистерден құралған пәнаралық жұмыс тобы құрылуға тиіс.
Мұндай кешенді тәсіл ауыл шаруашылығын қысқа мерзім ішінде жаңа деңгейге көтереді. Ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады. Қазақстанды ғылым мен инновацияны тұрақты болашақ үшін қолданатын мемлекет ретінде халықаралық аренада танытады. ҚазҰУ пилоттық алаңдарды іске қосу мен оларды еліміздің құрғақ климатты өңірлерінде кеңейтуге қатысты егжей-тегжей іс-қимыл жоспарын ұсынуға дайын.
«Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы
«Қашықтықтан зондтау технологиясы және қолдану» зертханасында алынған спутниктік деректерді әрі қарай зерттеу Тұрақты даму және қоршаған ортаны басқару ғылыми зерттеу орталығының базасында жүргізіледі. Бұл талдаулар Қазақстанның экологиялық және экономикалық міндеттерін шешуге бағытталған. Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарына сәйкес келеді, онда су тапшылығы қаупін барынша азайту, ауаның сапасын жақсарту, биоәртүрлілікті сақтау және басқа мақсаттар қойылған.
«Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы құрамына Тұрақты даму мақсаттарын іске асыратын 10 инновациялық зертхана кіреді. Ғылыми орталық климат және модельдеу, цифрлық картография және қолданбалы геодезия, «GlobalSky» (атмосфералық зерттеулердің инновациялық зертханасы), тұрақты туризм, су ресурстарының сапасын талдау бағытында жұмыс істейді. Сонымен қатар ландшафттардың деградациясын геоақпараттық талдау, геодемографиялық және әлеуметтік-экономикалық зерттеулер, экологиялық қауіпсіздік, топырақ экологиясы, қоршаған ортаны бақылау шараларын іске асырады.
Орталықтың негізгі мақсаты – қоршаған ортаның жаһандық өзгеруі жағдайында табиғат пен қоғамның өзара іс-қимыл заңдылықтарын анықтау, Қазақстан өңірлерін тұрақты дамыту мақсатында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бойынша жасыл технологияларды әзірлеу және енгізу.
Негізгі зерттеулердің ішінде: геожүйелердің, топырақтың, рельефтің және ландшафттардың табиғи және антропогендік динамикасы, табиғатты қорғаудың ғылыми негіздерін әзірлеу, тұрақты дамудың аймақтық ерекшеліктері, геоақпараттық технологиялар және картаға түсіру сияқты бағыттар бар.
Орталық ғалымдары биыл Батыс Қазақстан өңірінің климаттық өзгерісі туралы 60-тан астам карта әзірлеп шығарды. Соның ішінде Қазақстанның батыс аймағындағы ландшафттардың бұзылу картасы дайындалды. Аталған карта елімізде тұңғыш рет қолға алынып отыр. 323 көлге және су ресурстарына кешенді талдау жасалды. Сол арқылы маңызды аймақтардағы су деңгейі анықталды. Сондай-ақ Каспий теңізі деңгейінің динамикасына және топырақ сапасына мониторинг жүргізіліп, жерасты суларын бағалаудың әдістемелік негіздері әзірленді.
ҚазҰУ ғалымдарының сараптамасы бойынша, 30 жылға дейінгі мерзімге әр аймақтағы климаттың өзгеруінің болжамын әзірлеу аса қажет. Себебі жалпы республикалық болжам болғанымен, аймақтық және әр облыстағы су бассейнінің жергілікті ерекшеліктерін, ресурстарын және экономикалық қызметтің басым бағыттарын ескеретін егжей-тегжейлі іс-қимыл картасы жоқ. Бұл карта Батыс Қазақстан облысы мен Жайық өзені бассейніне алғаш рет жасалды.
ҚазҰУ-дың «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығының филиалы өткен жылы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінде ашылды. Университет тек тұрақты даму саласында зерттеулер жүргізіп қана қоймай, өз тәжірибесін өңірлік жоғары оқу орындарымен бөлісуде. Орталық зертханалары жүргізіп жатқан зерттеулермен https://ecokazwest.kz/labs сайтынан танысуға болады.
Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығы
2024 жылы 3 шілдеде екі мемлекет басшылары «2025 жылы Қазақстанда Қытай туризмі жылын өткізу» туралы шешім қабылдады. Осы мақсатта жұмыс істеу үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қытайдың Гонконг политехникалық университеті бірлескен хаб ашуға келісті. Көп ұзамай өткен жылдың қараша айында жаңа орталық қызметіне кірісті. Атаулы жыл туристер легінің артуы мен шетелдік инвестициялардың келуіне мүмкіндік ашары сөзсіз. Бұл заманауи цифрлық шешімдерге, білікті мамандарға сұранысты күшейтеді. Туристік өңірдің әлеуметтік-экономикалық мүмкіншілігі мен әрі қарай дамуын терең зерттеу қажеттілігі туындайды. Осы мақсатта құрылған орталық туризм саласын цифрландыру және тұрақты дамыту жолдарын қарастыруда. Туристер легін жоспарлау мен басқарудың озық тәсілдерін меңгеру, қонақ күту индустриясында жасанды интеллектіні (AI) қолдану тәжірибелерін арттырды. Қазіргі сәтте туризм секторын цифрлық трансформациялау бойынша ұсыныстар қамтылған алғашқы сараптамалық материалдарды дайындап үлгерді. Тиісті мемлекеттік органдарға жолдауға дайын.
Орталық бірнеше негізгі бағытқа назар аударып отыр. Біріншіден, туризм саласындағы зерттеулер мен білім беру жобалары, оған туристер легін басқару, білікті кадрларды даярлау, цифрлық сервистерді енгізу және аумақтарды жоспарлау механизмдері жатады. Соның ішінде «Big Data» мен геоақпараттық технологияларды пайдалану да кіреді. Екіншіден, әлеуметтік саясат пен әлеуметтік жұмыс мәселелері. Туризмнің қарқынды өсуінің жергілікті тұрғындар тұрмысына әсері зерделеніп, инфрақұрылымды бейімдеу, жұмыспен қамтуды басқару және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға арналған шаралар ұсынылады. Үшіншіден, туристік индустрия дамуының экономикалық қырларымен қатар, мәдени, әлеуметтік және экологиялық салдары де талданады.
Алдағы уақытта орталық төрт ірі ғылыми-зерттеу жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Олардың екеуі туризм мен қонақжайлылық саласына, ал қалған екеуі әлеуметтік саясат мәселелеріне арналмақ. Сонымен қатар туризм мен әлеуметтік салаға жаңа мамандар даярлауға бағытталған ауқымды білім беру бағдарламасы әзірленуде. Сала басқаруына тартылған мемлекеттік қызметшілер үшін біліктілікті арттыру курстарын өткізу жоспарлануда.
Туризмді цифрлық трансформациялау әлеуетін арттыруға қосымша ресурс ретінде «Қазақстан туризмін басқарудың ұлттық цифрлық экожүйесі» атты қосымша бастама қызмет етпек. Бұл бастаманың мәні – туристер легін нақты уақыт режімінде басқаруға, саяхатшылардың талғамын талдауға және инфрақұрылым дамуын үйлестіруге мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық платформа құру. Осы платформаның негізінде кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар сұранысты болжау, маркетинг жүргізу және инвестиция тарту құралдарына қол жеткізе алады. Жобада жасанды интеллект пен геоақпараттық технологияларды қолдану жоспарланған. Бұл туристік нысандарды орналастыру мен дамытуға байланысты шешімдердің тиімділігін арттырып, ең жиі баратын орындарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Гонконг политехникалық университеті орталықтың қызметіне 126 миллион теңге инвестиция бөлді. Қазірдің өзінде ғылыми және білім беру бағдарламаларын іске қосуға қажетті берік ғылыми-қаржылық негіз бар екенін айтуға болады.
Азиядағы Тұрақты даму орталығы алдағы уақытта туризмді дамытудың заманауи стратегияларын әзірлеуге арналған интеллектуалдық платформа ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік саясат саласында мемлекеттің сенімді әріптесіне айнала алады. Қонақ күту мен аумақты басқару салаларындағы білімді, цифрлық шешімдер мен әлеуметтік зерттеулерді ұштастыра отырып, туристік белсенділіктің артуына байланысты туындайтын сын-тегеуріндерге кешенді түрде жауап беруге мүмкіндік береді. Орталықты дамыту бастамасына мемлекет қолдау білдіреді деп үміт артамыз.
«Farabi chem science» кластері
Құрамына тоғыз ғылыми зертхана кіретін «Farabi chem science» кластерінің мақсаты – экология, энергия көздері, дәрілік химия, мұнай химиясы және энергияны көп қажет ететін материалтану салаларында зерттеулер жүргізу және жаңа шешімдер әзірлеу.
«Farabi chem science» кластері жаңа зертханалармен жабдықталып, Физика-химиялық зерттеулер мен талдау әдістері орталығы және Жаңа химиялық технологиялар мен материалдар ғылыми-зерттеу институтының базасында жасалған зертханалармен де толықтырылды. Мәселен, аналитикалық химия және қоршаған орта зертханасы, Электрохимиялық өндіріс технологиялары зертханасы, Мұнай химиясы зертханасы, Химиялық-медициналық зертхана, Ұсақ органикалық синтез зертханасы, Энергияны көп қажет ететін наноматериалдар зертханасы, Озық материалдар зертханасы және «Chemical Coatings Innovations» ғылыми-өндірістік орталығы. Сондай-ақ «AlemTrade» демеушілігімен ұйымдастырылған Материалдарды жоғары дәлдіктегі диагностикалау зертханасын да атап өткен жөн.
Ғылыми зертханалар қоршаған ортаны ластаушы заттарды анықтауға және талдауға, химиялық қуат көздері үшін жаңа материалдарды әзірлеуге, мұнай химиясы саласында терең зерттеулер жүргізуге, отандық биомедициналық препараттар мен бактерияға қарсы қорғаныс жабындарын өндірудің оңтайлы әдістерін дайындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар металл және ағаш конструкциялары үшін отқа төзімді жабындарды жасау, ерекше қасиеттері бар бейорганикалық материалдардың жаңа түрлерін зерттеу, заттар мен материалдарды сандық және сапалық талдау бойынша қызметтерді орындауға бағытталған.
Мұнда ғалымдардың еркін жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалып, зертханалар соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобалары және демеушілік субсидияларды іске асыру шеңберінде сатып алынған жаңа техниканың құны 1 млрд теңгені құрайды.
Бұл зертханалар оптика және электроника сияқты алдыңғы қатарлы салаларда сұранысқа ие литий трибораты (LBO) негізіндегі қымбат жасанды кристалдарды өсіру технологияларын әзірледі. Натрий-иондық және магний-иондық аккумуляторлар үшін жаңа материалдар әзірленді, дәстүрлі литий-иондық батареяларды алмастыра алады. Немістің «Lanxess» фирмасымен, ресейлік «Сибур» және польшалық «Synthos» фирмаларымен бірлесіп нитрил бутадиен каучугін гидрлеу үшін жаңа катализаторлар жасалды.
Жақында ғана ашылған университеттің гальваникалық цехында халықаралық стандарттар бойынша шығарылатын әртүрлі мақсаттағы коррозияға қарсы, сәндік, тозуға төзімді, ыстыққа төзімді және басқа жабындар жасау үшін электрохимиялық технологиялар кешені әзірленді. Сондай-ақ табиғи тастан беріктігі жағынан жоғары және құрылыс пен өнеркәсіпте кеңінен қолданылатын полимерлі композиттерді алудың технологияларын сәтті әзірлеп, өнеркәсіпке енгізді. Ал медицина саласында профессорлық-оқытушылық құрам Қазақстаннан алынған синтетикалық және өсімдік шикізаты негізіндегі оншақты дәрі-дәрмектің, соның ішінде жаралар мен күйіктерді тиімді емдеуге арналған полимерлі гидрогельдер негізіндегі инновациялық маскалар мен таңғыштарды жасағанын мақтан тұтады. Хирургиялық тігістер мен импланттар үшін бактерияға қарсы жабындарды жасаудың маңызы зор. Шетелдік аналогтардан анағұрлым тиімді, сонымен қатар үш есе арзан. Жаппай қолдануға қолжетімді және елдегі медициналық қызметтердің сапасын жақсартады. Бұдан бөлек, ғылыми орталықта білім алушы жастар біліктілігін жетілдіріп, стартап жобаларын іске асырып, мол тәжірибе жинақтайды.
«Chemical coatings innovations» химиялық ғылыми-өндірістік орталығы
«Ғылым қорыс АҚ қолдауымен ҚазҰУ базасында құрылған «Chemical coatings innovations» ғылыми-өндірістік орталығы – гальваникалық және қолданбалы электрохимия саласында Қазақстандағы көшбасшылардың бірі. Орталықтың электропластиналық шеберханасы бар. Оның ішіне сапаны бақылау және технологиялық әзірлеу зертханасы, сондай-ақ кәдесыйлар шығару және қайта қалпына келтіру шығармашылық шеберханасы кіреді. Ғылыми-өндірістік орталық композициялық және дәстүрлі металл жабындарын қолданудан металдарды өңдеудің жаңа технологияларын әзірлеуге дейінгі қызметтердің кең спектрін ұсынады. Коррозияға төзімді өздігінен емдейтін жабындарды жасау сияқты жаңашыл шешімдерге ерекше назар аударылады.
Гальваникалық қаптамаларды алу – егжей-тегжейлі зерттелген ғылыми процесс. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстар үнемі жүргізілуде, өйткені ғылыми-техникалық прогресс материалтануда жаңа шешімдерді қажет етеді. Айта кетерлігі, Қазақстанда гальваникалық цехтар аз және тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін гальваникалық технологияларды әзірлеумен айналысатын ұйымдар іс жүзінде жоқ. Бұл көптеген өндіріс түрінің дамуын тежейді. Олқылықтың орнын толтыру үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінде «Химиялық жабындар инновациялары» ғылыми-өндірістік орталығы құрылды. Алғашқы ірі тапсырысты ҚТЖ мен француздық «Alstom» теміржол алпауытының еншілес кәсіпорны «KazElectroPrivod» берді. «KazElectroPrivod» БК» ЖШС халықаралық стандарттарға және «Alstom» талаптарына сәйкес, қорғаныш жабындарын қолдану технологиялары мен қызметтерін алу үшін электрохимиялық технологиялардың тұтас кешені бар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарына жүгінді.
Қазір ғылыми өндірістік орталық басқа тұтынушылардың тапсырыстарын орындауда.
«ZTE» зертханасы
Қазіргі сәтте «ZTE» компаниясы менеджмент және сараптама бағыттары бойынша оқыту мен сертификаттауды бастап кетті. Бірлескен зертхана ультра жылдамдықты платформалар, көпжиілікті жүйелер, жасанды интеллект технологиялары, ультра кеңжолақты антенналар және басқа да озық әзірлемелермен қамтылған. Бұл құрал-жабдық жоғары өнімділікті, төмен кідірісті және деректерді берудің сенімділігін қамтамасыз ететін 4G және 5G желілерін құру үшін қолданылады.
Сонымен қатар орталық оқытушылар мен студенттердің тағылымдамадан өтуіне жол ашады. Оқуын аяқтағаннан кейін түлектерге халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сертификат табысталады.
«ZTE 5G» технологияларын әзірлеу және коммерциялау бойынша әлемдегі көшбасшы болып табылады. Компания өнімдері мен қызметтері әлемнің 160-тан астам елінде ұсынылған. «ZTE» телекоммуникациялық жабдықты ұсынып қана қоймайды, сондай-ақ тұтынушылық электроника, соның ішінде смартфондар саласында бәсекеге қабілетті. «ZTE» телефондарының бірнеше модельдері жаһандық нарықта жоғары сұранысқа ие.
Криофизика және криотехнология зертханасы
Мемлекет басшысы жыл сайынғы жолдауларында денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар қабылдауды және барлық медицина мекемелерін заманауи құрал-жабдықтармен толық жарақтандыруды ұдайы еске салып отырады. Физика-техникалық факультетінің Криофизика және криотехнологиялар зертханасының «Мобилді төмен температуралы термотұрақтандырғыш» құрылғысын жасау бастамасы осы тапсырмаларға негізделген. Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму мақсаттарына, Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес келеді.
Мобилді криобоксы биологиялық белсенді препараттарды қашыққа тасымалдауға және сақтауға арналған. Сондай-ақ вакциналар, тін үлгілері, дәрі-дәрмектер және басқа да биологиялық материалдардың сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл денсаулық сақтау ұйымдары, төтенше жағдайлар министрліктері, экологиялық құрылымдар және Қазақстанның ғылыми зерттеу институттары үшін ерекше маңызды. Өйткені биологиялық материалдарды салқындату және тасымалдау үшін құрғақ мұзды пайдалану жиі қолданылатын әдіс болғанымен, оның бірқатар кемшіліктері бар. Біріншіден, құрғақ мұздың құны жоғары. Екіншіден, құрғақ мұз әрдайым қажетті температуралық режімді қамтамасыз ете алмайды. Температуралық режімнің сақталмауы биологиялық материалдардың бұзылуына әкелуі мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін сұйық азот негізінде жұмыс істейтін мобилді криотермобокстарды пайдалану ұсынылады. Сұйық азот өте төмен температураларды (-196 °C) сақтай алады. Оның үстіне сұйық азотты өндіру кез келген ірі қалада қолжетімді.
Сонымен қатар мобилді криотермостабилизаторды әзірлеу криогендік технологиялар саласындағы заманауи тенденцияларға сай келеді. Медицина, биотехнологиялар және экология сияқты әртүрлі салаларда белсенді түрде енгізілуде. Бұл тек биологиялық материалдарды тасымалдау тиімділігін арттырумен шектелмей, сонымен қатар еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Криогендік жабдық нарығына инновациялық шешімдерді енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Артықшылығы – үнемділік, шетелдік қымбат баламалардан бас тартуға мүмкіндік береді. Жабдық сыртқы энергия көздерін қажет етпейді. Құрылғыны қолдану үшін оператордың тұрақты қатысуы қажет емес.
Термотұрақтандырғыштың жұмысы сұйық азот буын қолданатын салқындату жүйесіне негізделген. Салқындату үдерісі сұйықтан газға өтетін фазалық ауысу нәтижесінде жүреді. Жұмыс заты ретінде сұйық азот қолданылады, ол буланған кезде газ тәрізді азотқа айналады. 1 литр сұйық азот буланғанда шамамен 720 литр газ тәрізді азот пайда болады.
ҚазҰУ базасында бұдан бөлек, «Орталық Азияны зерттеу жөніндегі археозоологиялық орталық – ZooStan» алғашқы қазақ-француз ғылыми орталығы, BASF бірлескен зертханасы, Сот сараптама орталығы, Дәрілік өсімдіктерді ғылыми зерттеу өндірісі, «Farabi» заманауи обсерваториясы, Ми институты сияқты ірі орталықтар жұмыс істейді. Сегіз ғылыми зерттеу институты, 140 зертхана тіркелген. Оның отызға жуығы соңғы бір жыл ішінде ашылды. Бүгінгі таңда 372 ғылыми жоба орындалуда. Ғылымнан түскен табыс 2021 жылы 2782,1 млрд теңге болса, 2025 жылы 12 662,5 млрд теңгеге өсті.
Жас ғалымдардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау да маңызды рөл атқарады. Соңғы бір жылда 12 жас ғалым Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан жаңа пәтер кілтін алды.
Көшбасшы университет ғылыми қызметтің беделін арттырып, инновациялық инфрақұрылымды дамытуды, бизнеспен ынтымақтастықты кеңейтуді және жас кадрларды қолдауды жалғастыра береді. Алдағы уақытта қазақстандық жоғары оқу орындары арасындағы ең ірі технопарк, инновациялық хаб және жасанды интеллект орталығын салу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар ғылыми зерттеу оқу орнының әлеуетін айтарлықтай нығайтады. Озық ғылыми әзірлемелер мен инновацияларды коммерцияландыруға қолайлы жағдай жасайды. Университеттің академиялық беделін өсіріп, оның халықаралық рейтингтердегі позициясын нығайтады. Жетекші ғалымдар мен студенттер санын арттырып, өндірістік және мемлекеттік органдармен серіктестікті кеңейтеді.
Технопарк пен инновациялық орталық стартаптарды дамытуға және әлемдік еңбек нарығындағы түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Қазақстан үшін мұндай нысандарды құру ғылыми-техникалық прогресті жеделдетуге, жоғары технологиялық салаларға инвестиция тартуға және инновациялық экономиканы қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жасанды интеллект орталығы цифрландыру және әртүрлі салаларды зияткерлік түрлендіру бойынша мемлекеттік бастамаларды қолдап, цифрлық технологияларды дамытуға үлес қосады. Ал бұл жобаларды жүзеге асыру ғылым, техника және экономика, сондай-ақ университет қызметін дамытуға жасалған стратегиялық қадам болары сөзсіз.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы – ректоры